«Ұстаз болу – жүректің батырлығы»

0

Қарапайым ғана естілетін «ұстаз» сөзінің астарында орасан білім, махаббат пен сүйіспеншілік, таудай еңбек жатқанын байқай бермейміз. «Ұстаз болу – жүректің батырылығы» – деп ақын Ғафу Қайырбековтің мұғалімді батырға теңегені де жайдан-жай емес. Себебі, бұл саланы меңгеру кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеп, оны биікке жетелеп, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек ұстаздың қолынан келетін қасиеттер. Мектеп қабырғасына тарыдай болып кірген күннен бастап баланың  еркелігін көтеретін де, дәріс бере отырып сүйіспеншілікке баурап, махаббатпен тәрбиелейтін де, өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін де ұстаздар қауымы. Тіпті, алтын ұядан таудай болып түлеп ұшқан күнде де талабыңызға тілекші болып, жетістігіңізбен мақтанып отыратын тағы да ұстаз.

Мен 40 жылға жуық ұстаздық тәжірибемде білім саласындағы түрлі кезеңдердің куәсі болдым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірнеше айлар бойы жалақысыз да жұмыс істедік. Сол уақыттарда балалар білімсіз қалмасын деген ой болды. Барлық саладағы қызметкерлер еліміздің енді ғана еңсесін тіктеп келе жатқан мемлекет екендігін түсініп, тек дамуы үшін үлесін қоса білді. Ал, қазіргі кезең мүлде басқаша, еліміз дамып, ұстаздар мәртебесі көтеріліп, жалақысы көбейді. Қағазбастылық азайды. Бұл жылдар бойы жиналған тәжірибе мен білім беру реформаларының нәтижесі. Қазақстандағы білім беру жүйесі оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталып, кейінгі жылдары елеулі өзгерістер орын алуда. Қазіргі уақытта ғылым, техника және ақпараттық кеңістік үздіксіз динамикалық даму үстінде. Балабақшалардың, мектептердің, жоғары оқу орындарының қызметінде реформалар жүзеге асырылуда. Осы өзгерістердің барлығы қазақстандық білім берудің сапалы үлгісін құруы тиіс.

Қазіргі балалар жан-жақты. Әрбір оқушының жеке психологиялық ерекшеліктері бар, ол белсенді немесе пассивті болуы мүмкін. Сондықтан әрбір оқушы – қайталанбас қабілеттердің қоймасы. Оны уақытында байқап, оқу процесінде дамыту маңызды. Жылдар бойы жұмыс істеу барысында сыни тұрғыдан ойлау, проблемалық оқыту, ойлау элементтері тәсілдерімен білім бердім. Қазіргі уақытта оқытудың заманауи әдістерін қолданамын. Бұл білім беру тәсілдері нәтижелерге, оқу мақсаттарына қол жеткізуге және функционалдық сауаттылық дағдыларын дамытуға көмектеседі.

Мамандық көп, бірақ мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да сізді маман қылатын тағы да ұстаз. Оның еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету – сол адамға деген сый-сияпат емес, сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңыздың белгісі. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» – деп хәкім Абай айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың тамшыдай болса да еңбегі бар. Сондықтан да жас мамандар өз ісіне адал болып, ең бастысы жұмысқа табыс көзі ретінде емес – тұлға, ел тұтқасын ұстайтын мықты азамат дайындап жатқандығын қаперінде ұстағаны жөн. Мен осы жасыма дейін еңбек жолымда бірнеше марапаттарға ие болдым. Бірақ мен үшін үлкен жетістік пен марапат – шәкірттерімнің жемісі мен жеңісі. Бүгінде шәкірттерімнің алды депутат, министрлікте қызмет етіп жүр. Өз ісіңде жетістікке жетудің бар құпиясы – сүйіспеншілікпен қарап  жауапкершілік таныту деп білемін.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *