Қаратау ауданы: биыл Бозарық, Сайрам елдімекені ауыз сумен қамтылады

0

Қаратау ауданының 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және ағымдағы жылға арналған жоспарлар туралы баспасөз брифингі өтті. Аудан әкімі Рахымберді Мүлкеманов инфрақұрылым саласы, аулаларды абаттандыру, жолдар құрылысы бойынша атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлардан хабардар етті.

Аудан аумағында 213 мыңнан астам халық тұрады. Жалпы 18 елді мекен бар. Ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 %-ға жетіп отыр. 2023 жылы Сайрам, Қызылсу және Бозарық елді мекенінің жаңақұрылыс аумағында ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары басталған еді. Бұл жұмыстар биыл аяқталады. Оған сәйкес, ауданда ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 %-ға жетпек.

-Ауданда электр жарығымен қамту 98 %, табиғи газбен қамту көрсеткіші 96 %-ды құрайды. Бозарық саяжайы мен Сайрам тұрғын алабының жаңақұрылыс аумақтары электр жарығымен қамтуды қажет етеді. Өткен жылы Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумағына электр жарығының құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі таңда аталған аумақта абоненттеу жұмыстары атқарылуда.

2024 жылы “Халық қатысатын бюджет”жобасы аясында 15 балалар ойын алаңы (көп қабатты үй аумағында 5 аула) мен 5 ашық спорт алаңшасын салуды жоспарлап отырмыз. 2025 жылдың соңына дейін көп қабатты үй аулаларын абаттандыруды толық аяқтаймыз, — деді аудан әкімі.

Қаратау ауданы аумағында 2 саябақ, 9 гүлзар бар. Аудан тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында аудан аумағында 2023 жылы 6 гүлзар пайдалануға берілген болатын. Биыл 3 гүлзар салу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жаңа гүлзар құрылысы Нұрсәт шағынауданы, Нұрсәт тұрғын алабы және Бозарық саяжайында қолға алынады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *