СЕССИЯДА НЕГІЗГІ ЕКІ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ

0

Сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он екінші сессиясы өтті. Күн тәртібінде негізінен екі мәселе қаралды. Алдымен 2023-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі талқыға түсті.
Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев қаланың 2023 жылғы бюджетін нақтылау, қаржыларды тиімді және толыққанды игеру бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Нақтылау барысында өзіндік кірістердің түсімдеріне талдау жұмыстары жүргізіліп, бірқатар кіріс көздері ұлғайтылған. Жыл соңына дейін игерілмеу қаупі бар және үнемделген қаржылар бірқатар салаларға қайта бағытталуда. Басқарма басшысы ол қаржылар әлеуметтік, жолаушылар тасымалы, жер телімдерін мемлекет мұқтажына қайтару және тағы басқа салаларға қосымша қарастырылып жатқанын айтты.
Қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов қала бюджетін дұрыс жоспарлау, әрбір қаржының тиімді жұмсалу керектігін мәлімдеді.
– Жыл басында бөлінген қаржының кейбір басқармалар тарапынан дұрыс жоспарланбаған жағдайлар бар. Басқарма басшылары, сіздер жауапкершілікті сезініңіздер. Әрбір қаржы тиімді жұмсалуы тиіс. Жоспарлау бойынша біз басқармамен бірлесе жұмыс істеп, бірге қадағалайық. Келесі жылдан бастап, әр сессияда қаржы басқармасына арнайы уақыт бөлеміз. Қаржыны игеру бойынша қадағалау жүйесі, мониторинг жұмыстары күшейтіледі, – деді Б.Нарымбетов.
Сондай-ақ, сессияда қала азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін медициналық көмек беру, оның ішінде дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды қосымша тегін беру бойынша мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Аталған мәселе депутаттар тарапынан бірауыздан оң шешімін тапты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *