Мәслихат сессиясында Шымкент қаласының бюджеті нақтыланды

0

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен қалалық мәслихатының кезекті сегізінші сессиясы өтті. Сессияның күнтәртібіне сәйкес, Шымкент қаласының 2023-2025 жылдарға арналған бюджетін нақтылау мәселесі қаралды. Бұл мәселе бойынша Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев баяндама жасады.

—Шымкент қаласының 2023 жылғы бюджетінің шығыс бөлігі 20 миллиард теңгеге ұлғайып, 662 миллиард теңгеге жетіп отыр. Оның 17 миллиардтан астамы жергілікті кірістердің есебінен болса, республикалық бюджеттен 2,7 миллиард теңге трансферт жасалды. Бұл қаражаттың басым бөлігі халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін жобаларға бағытталды, — деді Ерлан Бастарұлы.

Депутаттар бюджетке ұсынылған толықтыруларды бірауыздан қолдап, тиісті шешім қабылдады.

Мұнан бөлек сессия барысында Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің жергілікті бюджеттің кірісін арттыру бағытында атқарған жұмыстары мен қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша атқарған жұмыстарының есебі қаралды.

Сонымен қатар депутаттардың шешімімен шәкірттері Азия ойындарында жүлде алған бірқатар бапкерлер Шымкент қаласының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сессияның соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бүгінгі жиында маңызды мәселелердің қаралып, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін шешімдер қабылданғанын айтып, депутаттар корпусына жемісті жұмысы үшін алғысын білдірді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *