МЕРЕКЕ КҮНДЕРІ ҚЫЗЫЛША ЖӘНЕ ЖРВИ АУРУЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ІС-ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

0

Мереке күндері тамақтан уланудың, қызылша мен ЖРВИ ауруларының алдын алу шаралары бойынша баспасөз брифингі өтті. Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов қоғамдық тамақтандыру және үй жағдайында тамақтан улану, көпшілік орындарда қызылша мен ЖРВИ ауруларын жұқтырудың алдын алу іс-шараларының барысын баяндады.
А.Ахметов алдымен мереке қарсаңында тамақтан уланудың алдын алу үшін бірқатар кеңестерді атап өтті. Тұрғындар рұқсатсыз сауда орындарынан тағам өнімдерін сатып алмағаны жөн. Кәсіпкерлер мереке күндері санитариялық талаптардың сақталуына аса назар аударуы тиіс. Әсіресе, қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі, жұмысқа рұқсаты болуы, жеке бас гигиенасын сақтауы, азық-түліктердің қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуына көңіл бөлуі қажет.
Департамент басшысының орынбасары қызылша ауруының таралуына жол бермеу бойынша санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейту жөніндегі штабтың жұмысынан хабардар етті.
—Бүгінде қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Мегаполисте қызылшаға қарсы вакцинациялау қарқынды түрде жалғасуда. Екпе қоры жеткілікті. Қызылшаға қарсы иммундау — инфекцияның таралуын тоқтатудың жалғыз жолы. Ата-аналарды балаларына екпе салдыруға шақырамыз. Штаб отырысы хаттамасының шешімі негізінде Жаңа жыл мерекесі кезінде оқушылар мен студенттердің қысқы демалысында көпшілік орындарда шоғырлануына жол бермеу үшін келушілерге термометрия жасау, ауырғандарды көпшілік ортаға жібермеу шараларын қамтамасыз ету жоспарланып отыр, — деді Алдарқұл Райымбекұлы.
Сонымен қатар, департамент басшысының орынбасары қызылшаның өршуін тоқтату үшін қосымша жаппай иммундау науқанын қарқынды жүргізіп, әрбір ата-ананы жауапкершілікті сезінуге шақырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *