«Мемлекеттік бағдарламаның көмек қаржысы арқасында миллионер болдым»

0

Кәсіп бастауға ниет еткен адам үшін – титтей мүмкіндіктің өзі зор қолдау. Мемлекеттен тұрмысымызды түзету үшін берген жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер менің бүгінгі бизнесімнің алғашқы іргетасы болды десем ешкім сене қоймас. Алайда, бұл – шындық.  2015 жылы аз қамтылған отбасы ретінде мемлекеттен алған қаржымды кәсіптің көзіне айналдырып,  бүгінде кәсіпкер ретінде салық төлеп жүрген азаматшамын.

Қазіргі атаулы әлеуметтік көмектен бұрын «Өрлеу» деген бағдарлама болды. Алты баланың анасы ретінде осы көмек қаржыға қол жеткізіп, оған бір тігін машинасын алдым. Өзім тігіп-пішуге жақын болғандықтан алғашында көрпе-төсек жаймалары, қыз жасауын тігіп, үйден тапсырыс алып отырдым. Өзімді осылай жұмыспен қамтыдым. Үйдегі ең жақын көмекшілерім – отағасы мен балаларым болды. Кейіннен атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасына берген өтінімім қабылданып, оның қаржысына 8 тігін машинасын алып, кәсібімді кеңейттім. Үйінде бос отырған 2 келіншекті жұмыспен қамтыдым.

Үйдегі шағын цехымда көрпе, қыз жасауы, төсек-жаймалар тігіліп жатты. Оны сататын орын болмағасын аздап қиналып қалдық. Әкімдіктен қаладағы базарлардың бірінен дүңгіршек қарастырып беруін сұрап едік, көп ұзамай  орталық «Қырғы» базарынан орын алып берді. Енді өзіміз тіккен бұйымдарды алыпсатарсыз тікелей саудаға шығарып,  бағасы қолжетімді әрі сапалы болғасын қысқа уақытта өз клиенттерімізді қалыптастырдық. Ары қарай мемлекеттің қайтарымсыз грантына қол жеткізіп,  компьютерлі-автоматты тігін машинасына да қол жеткіздім. Осылайша сапасы түрік көрпелерінен кем түспейтін өнімдерді шығара бастадық.

Уақыт өте балалар да есейді, отбасылық шығындар арта бастады. Енді кәсіпті ары қарай өркендететін сәт келді деп түйдік. Сосын алтын-күміс әшекей бұйымарының саудасына кірістім. Міне, қазір осы бағытта бизнесім өркендеп, 8 адамға жұмыс беріп отырмын. Балаларымның үлкені Түркияда білім алып жатыр. Одан кейінгілері мектепте жоғары сыныпты, ең кенжесі бірінші сыныпта оқиды.  Қазір  балаларымды зергерлік мамандығын игеруін құптап отырмын. Болашақта осы саланың білікті маманы болса, әшекей бұйымдарды өндіретін үлкен кәсіпорын құруды мақсат еттік.

Өткеніммен қазіргі күнімді бағымдар болсам, бүгінгі жетістігіме мемлекеттің сүйемелімен, мемлекет берген мүмкіндікпен жеткен екенмін. Маған берілген әлеуметтік көмек қаржының барлығы отбасыма, кәсібіме береке болып кірді. Бәлкім, осыдан 10 жыл бұрын маған «табысты кәсіпкер боласың» десе сенбес едім.

Қазір бәрі мүмкін. Өйткені біз тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп, өзіміз қалаған адал кәсіппен айналысып жүрміз. Өзім секілді көпбалалы аналарға айтарым – мемлекеттен берілген әр көмекті тиімді пайдаланып, кәсіп бастауға жұмсаңыздар. Біз үшін осындай мүмкіндік берілгенде, біз де сенімді ақтап, бұған дейін елдің демографиясының дамуына үлес қоссақ, енді экономикалық шарықтауына дем берейік.

Тілләкүл ҚАРСЫБАЕВА, кәсіпкер, «Күміс алқа» және «Құрмет» орденінің иегері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *