КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ: ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫ ТАЛАП-ТІЛЕКТЕРІН ЖЕТКІЗДІ

0

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков халықтың сұранысын ескере отырып, Еңбекші ауданы тұрғындарымен төрт аумақта кездесіп, өзекті мәселелерін тыңдады.
Көшпелі кездесу Орманшы шағынауданындағы Момынов көшесі бойындағы теміржол аумағында ұйымдастырылды. Қазіргі таңда қала басшысының тапсырмасымен көлік кептелісін азайту мақсатында осы маңда өткел салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы жыл соңына дейін әзірленеді. Жобаны іске асыру үшін келесі жылға бюджеттік өтінім беріледі.
🔷
Көшпелі кездесуге Исфиджап, Азат тұрғын алаптары мен Алатау, А. Оразабаева көшелерінің тұрғындары келіп, шешімін күткен түйткілді проблемаларын жеткізді. Сауалдар коғамдық көліктердің жүйелі қатынауы, мектеп тапшылығы, көшелерді жарықтандыру мәселелерін қамтыды.
Халықпен кездесу Маятас тұрғын алабындағы «Бадам» өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір маңында жалғасты. 1985 жылы салынған, ұзындығы — 120 м, ені 1 м көпірге осыдан 9 жыл бұрын ішінара жөндеу жүргізілген. Бұл жерден күн сайын 150—200 адам өтеді. Қала әкімінің қаулысымен аспалы көпір салу жобасы әзірленіп, қазір құрылыс жұмыстары басталды. Нысан келесі жылы қаңтарда қолданысқа беріледі. Сондай-ақ қазіргі уақытта өзен аумағындағы 2,6 шақырымда нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Тұрғындар қала басшысына көпірді жарықтандыруға және көпірге шығатын ұзындығы 1 350 метр Қ. Нысанбайұлы көшесіне жарық жүйелерін орнатуға, елдімекендегі бірқатар көшені асфальттауға қатысты өтініштерін жеткізді.
Қала әкімінің тұрғындармен кезекті кездесуі Қарабастау елдімекенінде салынып жатқан 1 200 орындық мектептің аумағында жалғасын тапты. Жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстары бүгінге дейін 15% аяқталған.
Жергілікті тұрғындар жаңа құрылыс учаскелеріне газ, ауыз су жүйелерін жүргізу және Жалын тұрғын алабындағы жекеменшіктегі газ жүйелерін мемлекет теңгеріміне өткізу мәселелерін көтерді.
Көшпелі кездесу «Еламан» шағынауданында қорытылды. Онда елдімекендегі Шүкіров, Көкжелек, Қызылбайыр көшелерін кеңейту, Қапал батыр көшесі мен Шүкіров көшесінің қиылысына бағдаршам орнату мәселелері талқыланды.
Азаматтардың арыз-шағымдарымен жіті танысқан Ғабит Әбдімәжитұлы аудан әкімі мен сала басшыларына кездесулерде көтерілген барлық мәселенің шешімін жан-жақты қарастырып, шұғыл түрде тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ кері байланысты жандандырып, халыққа жайлы жағдай жасау мақсатында кешенді жұмыстарды күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *