Ауғанстанды еске алу: Шымкентте сарбаздар ардагерлермен кездесті

0

Ауған соғысына қатысушылардың ерлігіне тағзым етіп, Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуы қарсаңында Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасының сарбаздарымен дәстүрлі кездесу өтті.

Кездесу Ауған соғысына қатысқан сарбаздар мен офицерлердің ерліктерін есте сақтап, өскелең ұрпақты патриоттық, Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды. Бұл әскери қызмет тек борышын өтеу үшін ғана емес, сонымен бірге Еліміз бен оның азаматтары алдындағы жауапкершілік екенін айқын көрсетеді. Мұндай кездесулер арақсында нағыз ерлік пен қаһармандықтың тірі үлгілерін көрген сарбаздардың қызметіне жағымды ісер етеді.

Сарбаздармен кездесіп, олардың қызмет ету жағдайымен танысуға интернационалдық борышын өтеп, түрлі әскери құрамаларда қызметін жалғастырған Ауған ардагерлері запастағы полковник Ербол Мәліков пен запастағы подполковник Нұрбек Жүнісбеков келді. Оларды қарулас бауырлары Қарулы Күштердің ардагерлері, отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев, запастағы полковник Талғат Кенжебаев және Рейімбай Халмұратов қолдап, бірге жүрді. Әр қонақтың тәжірибесі мол және Қазақстанның қорғаныс қабілеті мен әскери қауіпсіздігін нығайтуға қосқан үлесі зор.

Бригада командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, подполковник Ринат Қалидолдин атап өткендей, ауған ардагерлерімен кездесу әрбір сарбаз үшін ерекше болды. Олар аға буыннан әскерде жүріп басынан өткен сынақтар мен қызықты оқиғалары туралы әңгімелерін тыңдады.

– Ардагерлер қызметі, ата-аналарға жазған хаттары, елге оралулары, әскерде жүріп алған өмірлік сабақ туралы естеліктерімен бөлісті. Тарихи оқиғаларды есте сақтау үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Интернационалист-жауынгерлер тарихтың тірі куәгерлері және олардың әңгімелері жастарға бейбітшіліктің құндылығын шынайы бағалауға көмектеседі. Соғыс ардагерлерімен кездесу тек олардың әңгімелерін тыңдау ғана емес, сонымен бірге еліміздің кемел, мықты, саналы азаматы болып қалыптасуымызға мүмкіндік береді, — деп қосты Ринат Қайсағалиұлы.

Соңында әскери бөлім басшылығы кездесуге қатысқан ардагерлерге ризашылығын білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.

 

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *