ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ МЕРЕКЕ КҮНДЕРІ РҰҚСАТСЫЗ САУДА ОРЫНДАРЫНАН ТАҒАМ ӨНІМДЕРІН САТЫП АЛМАУДЫ ЕСКЕРТТІ

0

Бүгін Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Райымқұлұлы жаңа жыл мерекесі қарсаңында тамақтан уланудың, қызылша мен ЖРВИ ауруларының алдын алу шаралары туралы БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясын берді.
Баспасөз конференциясында Алдарқұл Райымқұлұлы қала тұрғындарын мереке күндері рұқсатсыз сауда орындарынан тағам өнімдерін сатып алмауды және санитариялық талаптардың сақталуына аса назар аударуға шақырды.
Мереке күндері алаңдарда, демалыс саябақтарында, көше бойларында тәтті мақта, қуырылған жүгері, құйылмалы квас, самса, бәліш, жұмсақ балмұздақ сататын рұқсатсыз сауда орындары пайда болады. Егер денсаулығыңызға зиян келтіргіңіз келмесе, рұқсатсыз сауда орындарынан тағам өнімдерін сатып алмағаныңыз жөн.
Негізінен мереке кафе, мейрамхана және тойханаларда тойланады. Сондықтан, кәсіпкерлерді, мереке күндері тамақтан уланудың алдын алу мақсатында, санитариялық талаптардың сақталуына аса назар аударуға шақырамыз!
Әсіресе, қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі, жұмысқа рұқсаты болуы, жеке бас гигиенасын сақтауы, азық-түліктердің қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуына және де тез бұзылатын өнімдердің тауарлық көршілестікті ескере отырып, тоңазытқышта сақталуына аса көңіл бөлінуі тиіс. Тамақ өнімдерін таза пісіру, сондай-ақ көкөністер мен жемістерді таза жуу және өндірістік бақылау бағдарламасы міндетті түрде болуы қажет.
Қарапайым ережелерді орындау тамақтан уланудың алдын алады:
— жаңадан дайындалған тамаққа кешеден қалған тамақты араластырмау. Егер тамақ келесі күнге қалса, оны алдын ала қайнатып немесе қуырып жеу қажет;
— егер өзіңіздің ауырғаныңызды сезінсеңіз (іш ауруы, іштің бұзылуы, жүректің айнуы), отбасыңызға және қонақтарға тамақ дайындамаңыз;
— көкөніс пен жеміс-жидектерді ағынды сумен мұқият жуыңыз, мүмкіндігінше қайнаған сумен шаю қажет;
— тамақ өнімдерін олардың жарамдылық мерзімін ескере отырып сақтаңыз;
— дайындалған тамақты бөлме температурасында 2 сағаттан артық қалдырмаңыз;
— ет, құс, жұмыртқадан тез бұзылатын тағамдар, сондай-ақ паштеттер, аспаздық өнімдер, кремі бар кондитерлік өнімдер, салаттарды дайындағаннан кейін бірден қолдану қажет;
— тіпті тоңазытқыштың өзінде ұзақ уақыт бойы тамақ пен азық-түлікті сақтамаңыз;
— үйде консервіленген өнімдерді базарлардан, белгісіз сауда орындарынан, көшеден сатып алмаңыз.
Осы талаптарды сақтау мереке күндері тамақтан улану қатерін болдырмайды.
Улану белгілері пайда болған жағдайда, дереу дәрігерге медициналық көмекке жүгіну қажет екенін есте сақтау керек!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *