Басты бет > Саясат > «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы: Тәуелсіздіктің нышандары

«Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы: Тәуелсіздіктің нышандары

Бүгін Қазақстан 27-ші рет Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтуде. «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалында осы айтулы мерекеге орай жиын өтті. Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. Бұл туралы өз сөзінде «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов айтты.

– Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі. Сондықтан республика азаматтарының мемлекеттік рәміздерді қастерлеу — парыз, – деді ол.

Жиналыс барысында Қазақстанның мемлекеттік символикасының тарихы туралы баяндалды. Атап айтқанда, олар «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданғанын еске түсірді. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

– Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді, – дейді «Жас Отан» жастар қанатының белсендісі Салтанат Рүстембек.

Медиаон ақпарат