Басты бет > Қоғам > ҚР БАС ПРОКУРОРЫ ЖАҚЫП АСАНОВ: “МЕНІҢ ҮСТІМНЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАУДЫ СҰРАҒАН БОЛСАҢЫЗ – ОЛ СІЗДІҢ ҚҰҚЫҢЫЗ!”

ҚР БАС ПРОКУРОРЫ ЖАҚЫП АСАНОВ: “МЕНІҢ ҮСТІМНЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАУДЫ СҰРАҒАН БОЛСАҢЫЗ – ОЛ СІЗДІҢ ҚҰҚЫҢЫЗ!”

Егер бұрын, заңдылықты қадағалаушы ең жоғарғы орган, Бас Прокуратурада жауапкершіліктен  қорықпастан заңды белден басатындар бар десе сенбес ем! Жыл басынан бері, бір жарым мың шақырым шалғайдағы Сарыағаштан, сонау Астанаға салпақтап 5 рет барып, небір қитұрқы әрекеттердің салдарынан Бас прокурорымыздың жеке қабылдауына жазыла алмай, 5 рет қайтқанымнан кейін, сенбеуге лажым қалмады. “Қарапайым адамдардың, айтарын көзбе-көз өзіне айту құқы шектеліп, осылай сергелдеңде жүретінін Бас прокурорымз Жақып Асанов білер ме екен әлде жоқ па?» деген сұрақ көкейімнен бір кетпей қойған. Міне соның жауабын оқырман қауымның назарына ұсынатын сәті енді келген сияқты!

 

Бас прокуратураға шағымдануымның себебі.

Осыдан 3 жыл бұрын, Сарыағаш аудандық әділет басқармасының қызметкерлеріне қатысты «қызметтік лауазымды теріс пайдалану» деген баппен №14510001100090 санды бір қылмыстық іс қозғалған болатын. Өйткені ол қызметкерлер, тергеушінің қаулысымен айғақты зат, (вещдок) болып танылып тоқтамға (арестке) қойылған «Ай-Ғасыр» деген нарықтық құны өте қымбат қонақ үйді, тергеу бітпей жатып тоқтамнан заңсыз шешіп беріп, ал егесі ол қонақ үйді ертесіне-ақ өте қымбат бағаға сатып үлгерген еді. Бұны бір деп қояйық. Енді, сол фактының орын алайын деп тұрғанын біле тұра қылмыстық іс қозғамаған Сарыағаш аудандық прокурорының орынбасары Нұрлан Сапаровтың үстінен, менің арызым бойынша «қылмысты жасыру» деген баппен №16510001100021 санды екінші қылмыстық іс қозғалады. Бұл екі. Осы екі істі тергеген өңіріміздің антикоррупция органының тергеушілері, ол екеуін де “қылмыс құрамы жоқ” деп, 2016-шы жылдың көктемінде, яғни былтыр тоқтатып тастайды. Оған генерал Ибраһим Иманов басқарған өңіріміздің прокуратурасы, «заң талабына сәйкес тоқтатылды» деп тұрып келіседі! Сөйтеді де прокуратура  келіскен сол екі істі негізге алған өңіріміздің енді ішкі істер органының тергеушілері, «журналист Амангелді Батырбеков прокурор Нұрлан Сапаровқа жала жауып, жалған мәлімет жеткізді» деп айналдырып әкеледі де, өзімнің үстімнен екі баппен қылмыстық іс қозғайды. Ал бұл енді біздің өңірдің қудалау органдарының сыбайластықпен соңғы 5 жылдағы “аяусыз” күресінің бір қыры!!

Қашып кетуі мүмкін деп апарып мені абақтыға қамайды, сосын үйқамаққа отырғызып, қылмыстық процестік кодекс талаптарын қалағанынша бұза, тергей бастайды!  Мен, әлгі №14510001100090 және №16510001100021 санды қылмыстық істердің заңға қайшы тоқтатылғанын құжаттай және видео, аудио дәлелдермен бекітіп, екеуінде бұзып тергеуге қайтаруды сұрап, жанұшыра Бас прокуратураға шағымданам! Себебі осы екі қылмыстық іс егер бұзылып тергеуге қайтса мен құтыламындағы, ал егер бұзылмаса мен 10 жылдан асатын мерзімге қамалам! Сол кезде үйқамақ бұлтартпау шарасында отыруыма байланысты маған хат алмасуға толық тыйым салынып, арыз-шағымдарым қорғаушым әрі сенімді өкілім болған әйелімнің атынан жазылатын.

 

Бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаевтың жеке қабылдауы мен  аға прокурор Санат Талқанбаев туралы.

Екі іске қатысты шағымымыз барып, Бас прокуратураның 2-ші департаментінің Санат Талқанбаев деген аға прокурорының орындауына түседі. Телефон арқылы хабарласып, Санат Талқанбаевтың №14510001100090 санды қылмыстық істі бұдан бұрын бір рет өзі бұзып тергеуге қайтарғанын, яғни ол іспен жетік таныс екенін білдік. Ал екінші №16510001100021 санды қылмыстық іс соның жалғасы болғандықтан оның да міндетті түрде бұзылатынына күмәніміз қалмаған еді. Әр хабарласқан сайын, Санат Талқанбаевтың құлшына сұрақтар қойғанына қарап, ол екі істің бүге-шігесіне дейін біліп алғысы келіп жатқанын түсініп, барлық сұрақтарына толық қанды жауап беріп, күмәнді деген жерлеріне  дәлелдерімізді электронды поштасына жолдап отырдық. Нәтижесінде, тамыз айының 17-сіне ол екі іс бойынша Бас Прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев жеке қабылдайтын болды. Жеке қабылдауға, мен үйқамақта отырғандықтан, сенімді өкілім әйелім барып, «орындаушы прокурордың еңбегі ерен екен, екі қылмыстық іс те Бас Прокуратураға шақыртылатын болды» деп, Санат Талқанбаевтың біліктілігіне тәнті болып қайтқан.

Көп ұзамай, Бас прокуратурадан біздің өңірді арнайы тексеруге келген топтың құрамында, сол аға прокурор Санат Талқанбаев та келіпті деген хабарды ести сала, екі қылмыстық іс туралы білу үшін, әйелім Шымкентке барып оған жолыққан. Бірақ көңілі су сепкендей басылып келді. «Талқанбаев Санат тура біреу қолмен өзгерткендей, енді ол 2 қылмыстық істердің бұзылатынын бұзылмайтынын білмеймін ғой, менің де бастықтарым бар деп күмілжіп отыр,  Шымкентке келіпті дегеннен ішім бір жамандықты сезген!» деп ұнжырғасы түсіп қайтты. Айтқанындай бар екен, содан кейін Талқанбаев Санатпен қызмет телефоны арқылы да, ұялы телефоны арқылы да хабарласуымыз мұң болды!

Сөйтіп жүргенде күз келіп, өңіріміздің тергеуі мен қадағалауы маған 10 жыл және 4 жыл мерзімге бас бостандығымнан айыру жазалары белгіленген айыптар тағып, ісім сотқа өтті. Бірақ үмітсіз шайтан демекші, «Талқанбаев Санаттың арқасында екі қылмыстық іс бұзылып тергеуге қайтып келсе, мен әлі-ақ құтыламын!» деп үмітімді үзгім келмейді!

Аға прокурор Санат Талқанбаевтың өңірімізге келгенге дейінгі белсенділігі мен келіп кеткеннен кейінгі жұмбақ үнсіздігінің нәтижесін қазан айының 13-і күнгі жауабынан түсіндік.  Яғни, «Сарыағаш аудандық әділет басқармасының қызметкерлеріне қатысты №14510001100090 санды қылмыстық іс пен аудандық прокурордың  орынбасары Нұрлан Сапаровқа қатысты №16510001100021 санды қылмыстық істер тергеумен заңды қысқартылып тоқтатылған, оларды бұзуға негіз жоқ» деп Бас Прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев қол қойған жауапты сол Санат Талқанбаевтың өзі дайындапты. Сөйтіп Талқанбаевқа деген сеніміміздің талқаны шықты! Амал жоқ, белді бекем буып сотқа кірісіп кеттік!

 

Бас прокурор Жақып Асановтың жеке қабылдауына жазылу сергелдеңі мен аға прокурор Санат Талқанбаевтың шынайы бейнесі.

Біз аталмыш екі қылмыстық істер бойынша шағымымызды тоқтатпадық. Өйткені заңның қатаң талабына сәйкес, орынбасарының жауабына қанағаттанбаған жағдайда, бізді енді Бас Прокурордың өзі жеке қабылдауы міндетті!

Кестеге сәйкес, Бас прокурордың жеке қабылдауы әр айдың ең бірінші сәрсенбісіне тағайындалған. Желтоқсан айында өту керек жеке қабылдауына жазуды сұрап арызданған едік, сол кезде Бас прокурордың міндетін уақытша атқарып отырған Иоган Меркель «№14510001100090 санды және №16510001100021 санды қылмыстық істер тергеумен заңды қысқартылып тоқтатылған, оларды бұзуға негіз жоқ» деп,  бізді жеке қабылдамай-ақ,  жауап бере салыпты. Алғашқыда «мәссаған, Меркель де заңды білмейді ме?” деп таңқалдық та, жауапты дайындаған әлгі аға прокурор Санат Талқанбаев екенін көріп, бірден түсіне қойдық! Білмесе Меркель мемлекеттік тілімізді білмейді, бірақ ол Бас прокуратурада басшы болып, жеке қабылдауды сұрап тұрған адамға, жеке қабылдамай-ақ жауап бере салуға құқы жоқ екенін білмеуі немесе біле тұра бұзуы мүмкін емес! Сондықтан бұл жауапқа қатысты басшысы Иоган Меркельдің мемлекеттік тілімізді білмейтінін жауапты дайындаған Санат Талқанбаев өте оңтайлы пайдаланған деген пікірге келдік!

Қыс айының басында облыстық сот маған қатысты үйқамақ бұлтартпау шарасын жойған. Сөйтіп мен, «егер Санат Талқанбаевтың заңбұзушылығын көрсетсем, мүмкін жеке қабылдауға кіргізіп қалар?» деген үмітпен, 2017-ші жаңа жыл басталысымен соттан сұранып, сенімді өкілімді ертіп Бас прокурордың жеке қабылдауына Астанаға тартып кеттім. Бірақ ондағылар «жеке қабылдауға алдын ала бір ай бұрын жазылмасаңыз қабылданбайсыз» деп, кіргізбей қойды. Естеріңізде болса, дәл сол кезде бір бейбақ әйел өзін-өзі Бас прокуратураның алдында өртеп жіберген болатын. «Бұл не деген сорақылық, неге заң талабына сәйкес Бас прокурордың жеке қабылдауына жазыла алмаймыз?» деп, біз де сол жерде наразылығымызды білдірдік. Жеке қабылдауға жазатын қызметкерлер «арызыңызды қайта жазыңыз, Бас прокурордың келесі ақпан айындағы жеке қабылдауына кіргізуге тырысамыз» деп жұбатқансыды. Амал жоқ келесі ақпан айындағы қабылдауына сұранған арызымыздың қақ шекесіне «Жеке қабылдауыңызға рұқсат алуға өзімізді-өзіміз Бас прокуратураның ғимаратында өртеуіміз шарт емес шығар?!» деп дәу әріптермен жаздық та, ал арыздың астына Санат Талқанбаевтың қарауына қарсылығымызды шұқып тұрып көрсетіп, кеңсеге тіркетіп кеттік.

Қаңтар айының ортасында маған қатысты соттың үкімі шығып, толық көңілімдегідей болмаса да, мен қылмыстық жауапкершіліктен құтылдым. Сөйтіп Жақып Асановтың ақпан айының басындағы жеке қабылдауына бару үшін шақыруды күтіп жүргем. Алайда шақыру қағазының келетін түрі көрінбейді. Егер бұл жолы да қабылданбайтын болсам, өзімді өзім өртеуге бел будым! Бірақ алдымен пресс-конференция өткізіп барып өртенейін дедім, ия, ауыр күнә екенін білемін, амалым қанша!? Әйелім «сен өртенсең, мен де сенімен бірге өртенем» деп Астанаға ілесіп келді. Қаңтардың соңғы 31-і күні таңертең пойыздан түсісімен Астанадағы әріптестер тез жиылып, мен оларға өзімді өзім не үшін өртеуге келе жатқанымның себебі жайлы пресс-конференция өткіздім. Оны ютуб әлеуметтік желісінен “Сарыагаш-информ 51. Прессконференция” деп теріп көрсе болады. Пресс-конференция өткізіп жатқан кезімде тікелей трансляция арқылы Мәжіліс депутаттары маған олай істемеуді, біздің шағымымыздың Бас прокурорға қол астындағы өз ісіне адал емес қызметкерлердің қитұрқы әрекеттерінен жетпей жатқанын, ал негізі Жақып Асановтың жаңашыл адам екенін айтып, өздерінің көмектерін ұсынып жатты! Сол азаматтарға Алла разы болсын! Пресс-конференцияны өткізіп болып Бас прокуратураның ғимаратына келсек, есік алдында бір автобус тола “ОМОН” тұр. Қолдарымен шошайтып мені көрсетіп қойып тұрғандарына қарағанда алдын-ала хабарланған болу керек. Өзіммен бірге алып барған бір «баклашка» бензинді білдірмей әйелімнің қойнына тығып жібердім де, ғимараттың ішіне кірген едім,  әлгілер мені бастан аяқ толық тексеріп барып бір-ақ өткізді! Жеке қабылдауға жазатын Есет Жадығұлов деген қызметкерден «Сіздерге Бас прокурордың міндетін атқарушы Иоган Меркельмен жауап беріліп қойған, сондықтан жеке қабылдауға сіздерді жазуға негіз жоқ» деген Санат Талқанбаев дайындап пошта арқылы үйімізге жолдап жіберген жауаптың көшірмесін алып, “біткен жерім осы!” дедім. Өйткені өзімді өртеймін дегесін сөзде тұру керек. Түрімнің бұзылып кеткенін көрсе керек Есет Жадығұлов сабырға шақырып, «аға, мені тыңдасаңыз  өзіңізді өзіңіз өртемеңіз, өйткені ақпан айындағы қабылдауға сізді жазбаған себебіміз, біріншіден арызыңыз түсініксіз қойыртпақ, екіншіден арызыңыз жазылғанда мен “отпускіде” болғам, енді келесі наурыз айындағысына Бас прокурордан тек жеке қабылдауын ғана сұрап жазыңызшы, өзім кіріп баяндайын» деді. Қуанып кеттім! “Жарайды, Есет саған сенгім келіп отыр” деп, Жақып Асановтың келесі наурыз айындағысына тек жеке қабылдауын ғана өтініп арыз жаздым да тіркеттім. Түске қарай журналистер бірінен соң бірі хабарласып Есет Жадығұловтың айтқанын естіп, бәрі қуанып жатты. Тек “Дат” газетінің тілшісі “сені бәрі-бір қабылдамайды” деп  сенбеді.

Ақпан айы да бітуге айналып, наурыздың 1-не тағайындалған жеке қабылдайтын күн де жақындап қалды, бірақ Бас прокуратура тағы үнсіз! Астанаға 3-ші рет келіп, Санат Талқанбаевтың ақпан айындағы “қабылдауға негіз жоқ” деген жауабын үтір нүктесіне дейін қайталай салған тағы сондай жауабын алып, “сонда біздің оған білдірген қарсылығымыз не болды, неге жеке қабылдау бойынша Санат Талқанбаев жауап береді?” деп сол жерде тұрып, айқайды салдым! Жеке қабылдаумен  айналысатын қызметкерлер «шуламаңыз, өтініш, бұның бәрі жеке қабылдау мәселесін қарайтын бұрынғы басшымыз Бауыржан Мұхамеджановтің ісі, ол қазір кетіп, оның орнына басқа басшы тағайындалды, енді жазсаңыз Бас прокурордың келесі сәуір айына тағайындалған жеке қабылдауына кіргіземіз» деп жатыр. Төртінші жолы келмейтін шығар деп ойлап қалса керек!  “Жарайды, бұл екі сыбайластық қылмыстық іске қатысты Жақып Асановтың жеке қабылдауын ең соңғы сұрағаным болсын” деп, 4-ші рет арызымды жазып тіркеттім де тағы қайтып кеттім.

Наурыз айы да біте бастады, бірақ кестеге сай сәуірдің басында болу керек Бас прокурордың қабылдауына шақыру қағазынан хабар жоқ!  Демек тағы да қабылданбайтын болғаным! «Жазған құлда шаршау жоқ» деп, сәуірдің  5-і күні таңертең Астанаға 4-ші рет келдім!  Айтқанымдай, мені Жақып Асановтың қабылдауына тағы жазбапты. Өйткені “қабылдауға негіз жоқ” деп, мемлекеттік тілімізді білмейтін басшысы Иоган Меркель қол қойған жауапты, “қарсылықтарыңа түкіргенім бар” дегендей, тағы да сол Санат Талқанбаев орындаған екен. Қысқасы, Бас прокуратурада Санат Талқанбаев қызмет атқарып тұрғанда аталмыш екі қылмыстық істер бойынша жеке қабылдауын сұраған менің бірде-бір өтінішім, шағымым Жақып Асановқа жетпей желкесі қиылып отыратынына көзім анық жетті! Сөйтіп, №14510001100090 және №16510001100021 санды сыбайластық сипаттағы қылмыстық істер бойынша барлық құжаттарымды тіркеп, жарты жыл сенделткен Бас прокуратурадағы бассыздықты көрсетіп, Елбасының тіке өзіне жаздым!

 

Санат Талқанбаевтан басқа Бас прокуратурада ешкім жоқ секілді.

Сөйттім де Бас прокурорымыз Жақып Асановтың келесі мамыр айында болатын жеке қабылдауына, орынбасары Ерлік Кененбаевтың қолымен жауап берілген, мүлдем басқа бір қылмыстық іс бойынша қабылдауын сұрап қайта жазылдым. Негізі ол қылмыстық іс те, тұла бойы сыбайластыққа толған, “Ай-Ғасыр” қонақ үйіне қатысты еді. Сарыағаштық Нұржан Жұмабаев деген бір судьяның сол қонақ үйге қатысты біліп-тұрып заңсыз шешім шығарғаны бойынша жазған менің арызым негізінде “судьяның көрінеу заңсыз шешім шығаруы” деген баппен №165100131000071 санды қылмыстық іс қозғалып, өңіріміздің әлгі қудалау органдары оны да жауып тастаған болатын.

Қызық болғанда, Бас прокурордың мамыр айындағы  қабылдауына бұл іс бойынша да жазылмағаным туралы жауап алдым. Жауапты, Бас прокуратурада басқасы құрып қалғандай, тағы да сол Санат Талқанбаев дайындапты! Енді бұл іске қатысты жауабында, Санат Талқанбаев “Батырбеков судьяға қатысты қылмыстық іс бойынша сіз процеске қатысушы емессіз, сондықтан сізді Бас прокурордың жеке қабылдауына жазуға негіз жоқ” деп өтірікті судай сапырып, жалғандығымен жаға ұстатты! Ол жауапқа мемлекеттік тілімізде мүлдем сөйлемейтін басшысы Иоган Меркель, мені тағы жеке қабылдамастан, қолын қойыпты. Егер Иоган Меркель мемлекеттік тілімізді түсінсе, мынадай жауапқа ешқашан қол қоймас еді! Мамырдың 2-сі күні фейсбуктегі парақшамда “Дәл иегінің астында, құқығымыз осылай аяққа тапталып, заңымыз қадағаланбақ түгілі белден басылып жатса, ондай Бас прокурордың құны шынымен де Арман Шораев айтқандай бес тиын емес пе?”  деген постнама жаздым. Сөйттім де “тамшы тас жарады” деп, Жақып Асановтың маусым айында болатын қабылдауына жазуды сұраған арызыммен  Астанаға 6-шы рет жол тарттым. Бас прокуратураға келіп, жеке қабылдауға жауапты басқарма басшысы Жанболат Туғанбаевтың өзімен көзбе-көз кездесіп, жарты жылдан бері Санат Талқанбаев деген заңбұзудан қорықпайтын аға прокурордың кесірінен Бас прокурор Жақып Асановтың жеке қабылдауына кіре алмай, ол кісіні фейсбук әлеуметтік желісінде сынауға мәжбүр болғанымды екжей-текжей айтып бердім. “Егер судья Н.Жұмабаевқа қатысты №165100131000071 санды қылмыстық іс менің арызым негізінде қозғалса қалай мен процеске қатысушы болмаймын? Егер тергеуде менен куә ретінде жауап алынса мен қалай процеске қатысушы емеспін? Егер судья Н.Жұмабаев екеуміздің арамызда беттестіру (очная ставка) өткізілсе мен процеске қатысушы болмағанда кім боламын?” деген менің құжаттай дәлелді үш сұрағымнан кейін, Жанболат Туғанбаевтың Бас прокурордың мені жеке қабылдауына негіз бар екеніне толық көзі жетті. Бірақ “мынадай біліксіздігімен немесе заңбұзушылығымен Санат Талқанбаев еліміздің Бас прокуратурасында қалай қызмет атқарып жүр?” деген менің сұрағыма жауап бермеді.

 

Бас Прокурор Жақып Асановтың жеке қабылдауында

Мамыр айының 7-сі күні  Бас прокурордың жеке қабылдауына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20-дан аса адам келіпті. Мен екінші болып кірдім. Жақып Асановтан бөлек жеке қабылдауда 6-7 адам қатысып отырады екен, шамамда орынбасарлары мен департамент басшылары болу керек. Мен ә дегенде  Жақып Асановқа «С-ИНФОРМ» газетіміздің ең алғашқы санының бір данасын сыйға ұсындым.  Жақып Асанов газеттің әр парағын қарап шығып, 6-шы 7-ші беттеріне келгенде «мынау қай тілде?» дегендей аңырып қалды. Мен «Сарыағаш өзбек және тәжік ұлттарының ең көп шоғырланған аудан болғандықтан газетіміздің 2 бетін соларға бердік» деген едім, «рахмет, міндетті түрде оқимын» деп газетті кең столының бір шетіне қойды да, келген мәселеме көшті. Қызметкері алдына дайындап әкеліп қойған қағаздағы 3 сұрақтың ең жоғарғысын қаламымен шұқып тұрып:

– Сіз Сарыағаш аудандық әділет басқармасының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі заңсыз тоқтатылды деп қандай себептермен келіспей отырсыз? – деді.

– Қайдағы әділет басқармасы, Жақып Қажыманұлы? – деп түсінбей қалдым да – Е, Сізді мына құжатты дайындаған қоластыңыздағылар әбден адастырған екен. Өйткені ол екі сыбайластық істер бойынша мені осындағылар жарты жыл бойы Сіздің жеке қабылдауыңызға кіргізбей сандалтқаннан кейін, мен Президентке жазып жібергем. Сондықтан бүгінгі қабылдауыңызға тек судья Нұржан Жұмабаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша келгем – дедім.

Жақып Асанов жеке қабылдауды ұйымдастырған Елдос Әмірхан деген қызметкерге бұрылып:

– Бұл қалай?- деп шұқшия сұрады. Елдос Әмірхан бірдеңелерді тез-тез айтып жатты. Сонысына қарағанда ол екі іс бойынша Президент Әкімшілігінен келгенін айтты-ау деп шамаладым.

– Жақып Қажыманұлы! Жарайды солай-ақ бола қойсын, мен ол екі істі де жатқа білемін. – деген едім.

– Ал ендеше айтыңыз, Сарыағаш аудандық әділет басқармасының қызметкерлеріне қатысты №14510001100090 санды қылмыстық істің тоқтатылуын неге заңсыз дейсіз? – деді Жақып Асанов.

–  Өйткені былай. Мысалы адамды пышақпен өлтіргеніне байланысты тергеліп жатқан қылмыстық істе пышақ айғақты зат, орысша айтқанда “вещдок”,  болып танылып,  қылмыстық іске тіркеледі делік. Енді сол пышақ тергеу жүріп жатқан кезде жұмбақ күйде жоғалып кетсе не болады? Қылмыстық іс бойынша қалай түпкілікті шешім қабылдануы мүмкін? Айғақты зат жоғалуына байланысты дереу өз алдына қылмыстық  іс қозғалмай ма? – дедім,  уәждерімді бірінен-соң бірін сұрақ күйінде келтіріп.

–   Сонда “Ай-Ғасыр” қонақ үйі айғақты зат болып танылған ба?- деп сұрады Жақып Асанов.

–  Ия, әрине! Тергеушінің қаулысымен айғақты зат болып танылған. Сөйтіп сол кездегі  құны 1 миллион долларға жете қабыл айғақты зат “Ай-Ғасыр” тергеліп жатқан қылмыстық істен заңсыз алынады да, сатылып кетеді, қалай ол жерде қылмыс жоқ дегенге мен көнуім керек? – дедім.

– Түсінікті – деп Жақып Асанов ол сұрағының астын сызып қойды да – ал екінші  №16510001100021 санды қылмыстық іс бойынша прокурор Нұрлан Сапаровтың қылмысты жасырғанына қандай уәж келтіресіз? – деді.

–  Сол айғақты зат “Ай-Ғасыр” қонақ үйі тергеу бітпей жатып сатылып кетейін деп жатқанын мен, сол кезде аудандық прокурорымыздың міндетін атқарып отырған Нұрлан Сапаровқа ресми арызыммен жеке қабылдауына кіріп тұрып хабарлағам. Ол заң талабына сай, жедел қылмыстық іс қозғаудың орнына, “жылы жауып” қоя салды да, “Ай-Ғасырдың” егесі 1 күн ішінде қонақ үйін өте қымбат баға сатып үлгерді. Ал прокурор Нұрлан Сапаров асықпай бір апта өткеннен кейін, қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім қабылданбай “Ай-Ғасыр”  сатылуы мүмкін емес” деп жауап берді маған, керек десеңіз. Ал ол қылмыстық іс, айғақты заттың сатылып кеткеніне қарамастан, сотқа жетіп сыбайлас жемқорлар сотталды, керек десеңіз – дедім.

– Түсінікті – деп Жақып Асанов ол сұрағының да астын сызып қойды да- Ал судьяға қатысты №165100131000071 санды қылмыстық іс бойынша уәжіңіз қандай? – деді.

–  Жақып Қажыманұлы! Егер есіңізде болса былтыр күзде, Жоғарғы Соттың төрағасы Қайрат Мами закон.кз ақпараттық порталына сұхбат берген кезде, “судьяның көрінеу заңсыз шешім шығаруы” деп аталатын қылмыстық кодекстің 418 бабымен, тарихта екі-ақ судья жауапкершілікке тартылғанын айтты. Міне мынау біліп тұрып заңсыз шешім шығарған сарығаштық судьяға қатысты №165100131000071 санды қылмыстық іс бойынша қабылданатын шешім үшіншісі болады -дедім.

–  Ол азаматтық істе сіз тарап болдыңыз ба? – деп сұрады Жақып Асанов.

– Мен талапкер мемлекеттік мекеме жақтан үшінші тұлға болып қатысқам. Ал судья шешім шығармай жатып менің ұялы телефоныма қоңырау соғып, өзінің әр-түрлі шешім шығара алатынын меңзеп, қарсы тарапты судья бола тұра “шешесінен” боқтап, “паскуда” деген сияқты сөздермен балағаттап, ал маған “сіз кішкене политик болсаңызшы” деп, яғни сотты біз жақтың пайдасына шеше алатынын барынша білдірген. Мен ол арандутуға көнбегесін, судья Нұржан Жұмабаев алды да “Ай-Ғасыр” қонақ үйінің өте бай егесінің пайдасына мемлекеттің мүддесін жығып, заңсыз шешім шығарды. Заңсыздығына дәлел алты айдан кейін облыстық сот ол шешімді толығымен бұзып тастады – дедім.

– Түсінікті, демек бұл заңсыз шешімдер қабылданды деп отырған үш қылмыстық істің үшеуі де сол “Ай-Ғасыр” қонақ үйіне қатысты болғаны ма? -деп сұрады Жақып Асанов, үшінші  сұрағының да астын сызып жатып.

–  Жақып Қажыманұлы! Сіз кешірерсіз, дәл осы “Ай-Ғасыр” қонақ үйі дауы бойынша, осыдан 2 жыл бұрын, Сіз орынбасар болып отырғаныңызда берген жауабыңызға қатысты, сол кездегі Бас прокурорға Сіздің де үстіңізден қылмыстық іс қозғауды сұрап жазбаша жүгінген болатынмын – дедім.

–  Ия, дұрыс, ол сіздің құқыңыз ғой – деп Жақып Асанов “мырс” етіп күлді де – ал ол арызыңыз бойынша қандай шешім қабылданды екен? – деп қызығушылық танытты.

– Білмеймін. Өйткені артынша әлгі сарыағаштық Нұрлан Сапаров деген прокурор бар ғой, сол өзімен бұрын прокуратура саласында бірге істеп барып, сотқа ауысқан бір судья екеуі  мені түрмеге заңсыз қамап жіберген. Одан 3,5 айдан кейін үкім бұзылып апелляциялық сот сатысынан бостандыққа шыққам. Сосын бір айдан кейін облысымыздың прокуроры генерал Ибраһим Ивановтың келіскен тағы бір заңсыз шешімі негізіндегі шағыммен 2 жылға бас бостандығымды шектеп, сол судья тағы соттады. Екі айдан кейін одан да ақталып шыққан едім, жарты айға жетпей облыс прокурорымыз генерал Ибраһим Ивановтың жіті қадағалаумен 10 жылдық санкциясы бар айып тағылып тағы сотқа жолданып, 1,5 жылдан бері қудаланып, басыммен қайғы болып кеттім – дедім.

– Онда былай істейік, сен кетіп қалма, қазір жеке қабылдаудан кейін қайта кір, бұл тақырыпқа тағы ораламыз – деді Жақып Асанов.

– Жарайды – деп, дәлізде басқа адамдардың барлығын қабылдап болғанша күтіп, ең соңынан қайта кірдім.

– Батырбеков, үш қылмыстық істер бойынша нақты тапсырма бердім, басқа айтатын бұйымтайың бар ма? – деп Жақып Асанов орнынан тұрып қасыма жақындады. Екеуміз бір-бірімізге қарама-қарсы тұрдық та ал қасындағы 7-8 адамды бізді қоршай тұрды.

– Жақып Қажыманұлы, жыл басынан 5 рет келіп еш кіре алмай қойған жеке қабылдауыңызға да кіріп мәселемді Өзіңізге көзбе-көз түсіндіріп айтуға мүмкіншілік болды, үлкен рахмет Сізге! Мен осы жеке қабылдау туралы, еліміздің о басынан бұл басына дейінгі журналистік қауым жіті бақылап отырғандықтан, “С-ИНФОРМ” газетіміздің келесі санында мақала жариялайын деп отырмын.  Осы сәтті пайдаланып Сізге үш-төрт сұрақ қойсам бола ма? –  дедім.

– Қой сұрақтарыңды – деп келісті.

– Жақып Қажыманұлы! Тұла бойы сыбайлас жемқорлыққа тұнған, осы “Ай-Ғасыр” қонақ үйіне Сіздің  қатысыңыз бар ма? – дедім.

– Сарыағаштағы ғой, жоқ, мүлдем қатысым жоқ! – деді Жақып Асанов.

– Жақып Қажыманұлы! Форбс журналының мәліметіне сай Қазақстандағы ең шіріген байлардың тізімі бойынша 10-шы орында тұрған олигарх Идрисов Динмухамет Аппазұлының қолында жұмыс істедіңіз бе? – деп екінші сұрағымды қойдым.

– Жоқ, бірақ мені “Ордабасы” корпорациясын  басқаруға шақырған – деп жауап берді ол сұрағыма.

– Жақып Қажыманұлы! Өзі көрінбей қоластындағылардың қолымен мені бір жарым жылдан бері қайта-қайта соттатқызып, қудалаған ОҚО прокуроры генерал Ибраһим Имановтың туған қайынағасы болып келетін сол Идрисов Динмухамет Аппазұлы деген олигархқа өзіңізді қазіргі таңда тәуелді сезінесіз бе? – деген едім,

– Ия – деді, Жақып Асанов.

– Сонда Бас прокурор бола тұра тәуелді сезінесіз бе? – деп таңқала екінші қайтара сұрағанымда

– Жоқ сен дұрыс түсінбедің. Жаңа айттым ғой, мені “Ордабасы” корпорациясын  басқаруға шақырған, мен басқарғанмын. Онда тұрған не бар? Енді мен Бас прокуратураға аспаннан екі аяғым салбырап түспейтін шығармын, мен де бір жерлерде жұмыс істеген болуым керек шығар, қалай ойлайсың? Мысалы мен қазір прокуратура саласына бұрын погон тақпаған бизнестің адамдарын тартып жатырмын, өйткені сенің проблемаңды погон таққандардан гөрі өзің сияқты адамдар жақсы түсінетініне келісесің ғой? -деді.

–  Бәрекелді! Толық келісемін! – дедім.

–  Соңғы сұрағыңды қой – деді Жақып Асанов.

– Жақып Қажыманұлы! Мына арызым Сізге жетіп, Өзіңіз оқыдыңыз ба? – деп,  қақ шекесіне «Жеке қабылдауыңызға рұқсат алуға өзімізді-өзіміз Бас прокуратураның ғимаратында өртеуіміз шарт емес шығар?!» деп дәу әріптермен жазылған, ал астына   “Санат Талқанбаевтың қарауына қарсымын” деп қаңтардың 9-ы күні жазған арызымды қолына ұстатқан едім, арыздың бірінші бетін қарап тұрып:

– Жоқ оқыған жоқпын, бересің бе оқиын? – деді.

– Әрине – деп, арызымды беріп, қойған сұрақтарыма жауап бергені үшін рахметімді айтып, Бас прокурорымыз Жақып Асановпен хош айтысып, кабинетінен шығып кеттім.

          

 

P.S. Бір аптадан кейін менің шағымдарым бойынша орындаушы прокурордан 3 қылмыстық істің үшеуінде Бас прокуратураға шақыртып, өзіммен бірге зеределенетіні жайлы хабарландым.

 

Бас редактор Амангелді БАТЫРБЕКОВ,

«С-Информ» газеті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.