Халық ауыз әдебиеті: Қосмола шыңы туралы аңыздың зерттелу тарихы

Жер-су, елді мекен, тіпті этнос атауының қалыптасу тарихына үңілсек, тереңінде мифтер мен аңыз-әңгімелер жатады. Сол аңыздардың кейіпкерлерінің аттары кейде тарих қойнауында өмір сүрген халықтар мен этнос атауларымен бірігіп жататын жайттар көптеп кездеседі. Мысалы, «Оғыз қаған жыры», Қобыланды батыр жыры, Көктүріктер туралы аңыз, т.б.
Қосмола шыңы туралы аңызды зерттеу барысында бір-біріне сабақтас болғандықтан, әдебиет, тарих, түркология секілді гуманитарлық ғылымдармен қоса, топонимика, геология секілді техникалық және жаратылыстану ғылымдарын да қамтиды. Материалда аңыздың бірнеше нұқаларын салыстыра отырып, тарихи астары терең әрі қызықты нұсқасы зерделенеді. Зерттеудің мақсаты – аңыз желісі, кейіпкерлерінің партреттеріне үңіле отырып, жер-су атауының қалыптасуы және аңыздың қай дәуірде дүниеге келу уақытына көз жеткізу болып табылады.

Қосмола шыңына географиялық сипаттама

Тянь-Шянь таулар жүйесінің ең батыс шебінде орналасқан ірі таулы белдеу – Қаржантау деп аталады. Қазақстанның оңтүстіктегі ірі шекаралық белдеуі, екі шетінде екі мемлекетті – Қазақстан мен Өзбекстан бөліп жатыр. Таудың теріскей бетінде Қазақстанның Қазығұрт ауданы орналасса, күнгей бөлігінда Өзбекстанның Бостандық ауданы жатыр. Қазіргі Қазығұрт ауданының ең биік нүктесі – Қаржантау тауында орналасқан Қосмола шыңы. Оның биіктігі 2824 м. Қосмола шыңы – Қазақстанның оңтүстігіндегі ең биік шоқыларының бірі, Қаржантаудың орталық бөлігінде орналасқан. Жықпыл қаратастардан құралған, теріскей беті жайуаттай, күнгей беті тік, құлама жартастардан тұрады. Шыңға оңтүстік жағынан шығу қиын, солтүстік жағынан шығуға болады. Теріскей бетіндегі кішігірім мұздықтан Қаржансу өзені бастау алады.
Халық ауыз әдебиетіндегі аңыз жанры

Ауыз әдебиеті – халық шығармашылығының айрықша саласы, ауызша шығарылып, ауызша тараған көркем әдеби туындылардың жиынтық атауы. Көшпелі халықтың арасында ауыз әдебиеті ерекше дамыды. Қазақ халқының фольклоры, этнографиясы мен тарихын зерттеуде ауыз әдебиеті маңызды рөл атқарады.
Ауыз әдебиеті жанрлық құрамы жағынан да сан-салалы болып қалыптасты. Тұрмыс-салт өлеңдері (еңбек-кәсіп, аңшылық, үйлену, жерлеу салты, наным-сенім т.б.), ертегілер, аңыздар, әпсаналар, мифтер, эпостық жырлар, тарихи өлең, қара өлең, лирикалық өлең, өтірік өлең, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, айтыс, шешендік сөздер, жаңылтпаштар, драмалық үлгідегі шығармалар — міне, ауыз әдебиетінің негізін құрайтын осы бір жанрлардың өзі әрі қарай түр-түрге бөлініп кете береді.

Қазақ халқының тарихы мен жер-су атауларының қалыптасуында аңыздар ерекше орын алады. Көшпелі халық кез-келген атауға өздеріне лайықты мәнді-маңызды аңыздар мен мифтер қалыптастырған. Тіпті қазақ халқының ұлт болып қалыптасу тарихының басында да аңыздар тұрады.

Аңыздың ерекшелігі – нақтылықты қажет етпейді. Тарихта болған оқиғаның нақты уақыты, мекен-жайы, қатысушыларының түп-тегі, кейде тіпті кейіпкерлердің мақсаты секілді өлшемдерге жауап беріп жатпай, бірден оқиға желісін баяндайды. Аңыздарда өткен тарихпен қоса, халықтың арман-мұраты да қатар өріледі.

Кез-келген аңыздың астарында тереңдеп жататын, бір кездері шын мәнінде орын алған, кейіннен халық санасынан күңгірт тартқан тарихи оқиғалар желісі байқалып жатады. Қазіргі таңда фольклоршы, этнограф, тарихшы ғалымдар осындай аңыздардың астарынан бір кездері тарих бетінен өшкен нешеме деректерді тауып жатыр. Солардың қатарына осы тақырыпты қосуға болады.
Қосмола шыңы туралы аңыз да – жер-су атауының шығуы туралы халық аузында көптеген ғасырлар бойы келе жатқан көне аңыздардың бірі. Бұл аңыз әлі күнге толық зерттелмеген. Тек бірнеше пікірлер бұқаралық мерзімдік басылымдар мен интернет ресурстарда жарияланған.
Қосмола шыңының атауы туралы аңыздар және олардың зерттелуі
Қосмола шыңы туралы аңыз жоғарыда айтып өткеніміздей, толық зерттелмегенімен, бұл шыңның атауы туралы аңыздардың 3 нұсқасы белгілі. Олар: 1) 1994 жылы жарық көрген «Қазығұрт баурайындағы аңыздар» топтамасында жарияланған Қ. Тәжиевтің нұсқасы, 2) «Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы» кітабында жарияланған С. Молдиярұлының нұсқасы және 3) blogtime.kz сайты және wikipedia.org ашық энциклопедияларына жарияланған С.Дүйсебайұлының нұсқасы.
Аңыздың Қ.Тәжиев нұсқасында Алатауды қатар жайлаған туысқан қазақ пен қырғыз халықтары бірігіп қалмақ басқыншыларымен азаттық соғысы көрініс тапқан. Аңызда соғыстың шешуші сәтінде қазақ-қырғыз әскері қалмақ әскерінен жеңіліс тауып, соңында қазақтың бір батыры мен қырғыздың бір батыры иық тіресе жаумен шайқаса тасқа айналғаны баяндалады. Кейіннен екі батыр тасқа айналған шың «Қосмола» шыңы деп аталғанын айтады.
С. Молдиярұлының нұсқасы бойынша Жаныс руынан ағайынды Қаражан мен Сарыжан батырлар және олардың Қаржан деп аталатын қарындасы туралы айтылады. Аңыз бойынша Қаражан батыр мен Сарыжан батыр қалмақтармен соғысып, мерт болған жер «Қосмола» деп аталып, қарындастары Қаржан қайтыс болған жер «Қаржан бұлағы» деп аталғаны айтылады.

Өлкетанушы С. Дүйсебайұлының нұсқасы С. Молдиярұлының нұсқасына ұқсағанымен, алғашқысына қарағанда толықтау және нақты мекендері анық көрсетіледі, бірақ қос батырдың шыққан тектерін нақты көрсетпейді.
Бұл үш нұсқаның арасында айырмашылықтары болғанмен, үшеуінде де Қосмола шыңы атауы әлдебір соғыс кезінде шейіт болған қос батырға қатысты аталғаны анық көрсетіледі. Дегенмен, аңыз кейіпкерлері қай заманда өмір сүргені әр-түрлі суреттеледі. Мысалы, Қ. Тәжиев пен С.Молдиярұлының нұсқасындағы аңыздарда ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ-қалмақ соғысы айтылады. Ал, С. Дүйсебайұлы өзінің зерттеу мақаласында аңыз кейіпкерлері мен оқиғаның көрінісіне қарай отырып, ҮІІІ ғасырларда өмір сүрген Түргеш қағанатының аңызы деп қорытындылайды. Бұл тұрғыдан С. Дүйсебайұлы жергілікті тұрғындардан сұрастыра және тарихи оқиғалар мен шежіре деректерін ұштастыра отырып, сенімді дәлелдер ұсынады.

Қосмола шыңы туралы аңыздың С. Дүйсебайұлы жариялаған нұсқасының зерттеу тәсілі өзге әдебиеттердің деректеріне сілтеме беріліп, оқушысын сендіре алғандықтан, сол нұсқаны одан әрі зерттеуді жалғастыруды құптадым.
Аңыз желісі, кейіпкерлері, олардың ерлік жорықтары

Ертеректе бұл аумақта Қаражан мен Сарыжан деген ағайынды қос батыр кісілер болыпты. Қоныстары да, жайлаулары да қатар екен. Қаражан батыр қазіргі Қаржансудың жағалауын қоныс етсе, Сарыжан Шынар өзенінің ағысын бойлай қоныстаныпты. Сондықтан да болса керек, Қаражанның мекен еткен өзені Қаржансу, Сарыжан коныстанған аймақ Сарытепсең аталыпты. Бұлар сондай тату тұрған. Ел шетіне жау келсе бірге аттанады екен. Қысқасы, қуаныштары да, қайғылары да ортақ болыпты. Күндердің күндерінің бірінде бұл екі батырдың арасынан қарамысық өткендей бір-біріне қатты өкпелесіп калады. Дәл сол уақытта қырсық шалып жау шабады. Жау шапқанда да біреу емес, екі жақтан да шапқан. Бірі шығыстан, бірі батыстан. Шығыс жақтан келген жауға Сарыжан батыр аттаныпты. Сарыжанның шығысқа кеткенін естіген Қаражан батыр батыстан шапқан жауға аттанады. Аразға қиса да өлімге қимайтын жұрт емес пе, Сарыжан батыр елдің бір шетінен қорғап жатса, мен де бір жағынан қорғайын десе керек. Сөйтіп, Қаражан батыр арада күндер өте батыстағы жауды жеңіп, шекарадан асыра қуып еліне қайтқан. Еліне келсе, жайрап жатқан жұртты көреді. Мұны Сарыжаннан көріп қатты ашуланады. Қаһарланған Қаражан бар әскерін тоқтатпастан Сарыжанның қонысына аттандырады. Сарытепсеңге келіп, абдырап қалады. Сөйтсе Сарыжан батырдың жұрты да тып-типыл боп жатыр екен. Өртенген жұрт, қоқырсыған мүлік, сасыған өлік… Сарыжан батырдың үй-іші түгел найзаға шаншылған, Сарыжанның өзі де қаза тауыпты. Сарыжанның жұртынан бір бесіктегі кішкене бала ғана тірі табылады. Бұл Сарыжанның баласы екен. Қалған жұрттан еркек атаулы қырылған, кәрі-құртаңдар, қатын-баласы мен мал-жанын шапқан жау талап әкетіпті. Бұған Қаражан батыр одан сайын ашуланады. Әскерімен Сарыжанның елін қырған жаудың соңына түсіп, қуа жөнеледі. Сөйтсе Сарыжанның жолай өлген адамдарын көмбестен де ашық тастап кете беріпті. Сол ізбен жүре береді. Қазіргі Қаржантаудың шығыс жағында Сарыбел деген асу бар, бұлай аталуының себебі сол шапқан жау Сарыжанның елін осы асумен асырыпты, сондықтан Сарыжанның елі асқан бел деп жүріп Сарыбел атап кеткен екен. Қаражанның әскері Сарыбелден аса бере жайбарақат жатқан көшке тап болады. Бұл әлгі шапқан жаудың Сарыжан елінен түсірген олжасын артқан көші екен. Жайбарақат жатқан көшті коріп, оңай олжаға кезіктік, кегімізді қайтармыз деп ойласа керек, жаппай лап береді. Қаражанның қолы көштің аз ғана жасағын әп-сәтте тас-талқанын шығарады. «Батыр – аңғал» деген сөз рас болса керек, жеңістеріне мастанған Қаражан батыр мен оның қолы арқаларын кеңсе салып, бей-берекет тойлауға көшеді. Сөйтіп өздерінше тойлап жатқанда кеш те батады. Осы уақытта кенеттен тағы да жау шабады. Сөйтсе, бұл жаудың қойған қақпаны екен. Аз ғана жасақпен олжа-көшті қалдырып, негізгі тосқауыл қолын тасада жасырыпты. Әбден мастанып, масайған шақта тарпа бас салуды ойластырыпты. Сөйтіп кенеттен шапқан жау қолы масайған Қаражан батырдың әскерінің лезде быт-шытын шығарады. Осы соғыста Қаражан батыр да өледі. Әскерінен аз ғана адам қашып шыға алады. Олар Қаржан батырдың денесін алып шығады.

Кейіннен «Елімізді қорғаған қос батыр еді, жауға аттанса да бірге аттанушы еді, тек араларында алауыздық болмағанда жауды да бірге жеңер еді. Тіріде дос еді, өлгенде де бірге ел шетін қорғай жатсын» деп Қаражан батыр мен Сарыжан батырды арулап жақын маңдағы ең биік тауға сүйектерін жерлепті. Ол заманда жиналған жұрт батыр моласының үстіне бір-бір тастан тастап отырып, оба үйеді екен, соған қарап батырлардың атақ-дәрежесі көрінеді десіпті. Жиналған жұрт пен өзі тау басына қойылған қос батырдың моласына үйілген таста есеп болмапты, моланың обасы өскені сондай таудың ең биік шыңына айналыпты. Сол сәттен бері бұл екі батыр жатқан шың Қосмола шыңы аталыпты. Сол сәттен бастап осы күнге дейін ел шетіне тиетін қара ниетті жау бұл жақтан келген емес. Қаражан батырдан үш ұл қалған екен, кейіннен Қаражанның балалары бүткіл осы аймақтағы тауды жайлағандықтан тау да «Қаржантау» аталады. Ал Сарыжан батырдан қалған жалғыз баладан да ұрпақ тарапты, бірақ Қаражанның балдарынан үш есе аз екен дейді аңыз.

Аңыздың астарындағы тарихи маңыз.

Көшпелі халықтардың ауыз әдебиетіндегі аңыздар мен эпикалық жырлардағы кейіпкерлер тарихтағы тұлғалар мен ірілі-ұсақты ру атауларымен бірігіп кеткен. Егер, қандай да бір аңыздағы кейіпкер тұлғалардың бойы үңілсек, бір кездегі ел тарихы туралы маңызды ақпараттарды байқауға болады. «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» эпикалық жырындағы Қарабай мен Сарыбайдың болмысы, суреттелуі, көшіп өткен жер территориясына қарай бұл жырдың алғашқы жырланған уақытын Түргеш дәуіріне жатқызылуы осы қасиеттерінен болса керек. VIII ғасырдағы Түргеш дәуірі мен оның аяқталу уақыты өте шиеленіскен оқиғалармен суреттеледі. Бір қағандықтың екіге жарылуы, Қаратүргештер мен Сарытүргештердің алаaуыздығының салдарынан бүткіл Орта Азиялық аймақтағы саяси, қоғамдық, тұрмыстық, экономикалық ахуалдарының құлдырауының басталуы және шегіне жетуі. Бүтін бір халықтың жарыла қотарыла басқа қонысқа көшуі. Ел айырылған дүрбелеңге ұласуы. Міне мұның бәрі бір дәуірдің, VIII ғасырдағы Түргеш дәуірінің негізгі суреттері болды. Бұл оқиғалардың көріністерін тек қана 751 жылғы Тараз маңындағы «Атлах соғысынан» ғана іздеуге болмайды. Сол кездегі Түргеш қағанатының барлық аумағынан іздеу керек. Оған міне, жаңа ғана айтып өткен «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырының өнебойында тұнып тұрған сюжеттерінен байқауға болады. Осы аталған Түргеш дәуіріне жататын белгілер «Қосмола туралы» аңыздың желісінен де иісі аңқып тұрғандай. Мұнда да алауыздық, мұнда да анталаған жау, мұнда да ерегіскен туыстар, мұнда да қос батыр, ең бастысы халық жадындағы Түргеш дәуірінің Сарылар мен Қаралар боп бөлінуінің жаңғырық елесі анық көрініс тапқан. VIII ғасырдың екінші жартысындағы ел жағдайын осы аңыздан артық суреттеген тарихи дерек еш жерден таппасыңыз анық. Жалпы бір халықтың «сарылар» мен «қаралар» деп бөлінуі біз айтып отырған Түргеш қағандығы тұсында болғанымен, оның түп тамыры одан тереңде жатқан сияқты. Кейбір шежірешілер мен тарихшылардың айтуларына қарағанда бұлай бөліну сонау Үйсін заманына кетеді. Мысалы, Қазыбек бек Тауасарұлы «Түргештің Сарыүйсін деген жанама аты болғаны сияқты, Жарықшақтың да жанама аты Қараүйсін деген аты болған. Жалайыр Қыдырғали жазбаларында кездесетін қара үйсін дегендері – осы Жарықшеке-Тілеуберді (Жарықшақ) тұқымы» деп атап өтіпті. Шежірешінің бұл сөзін қытайлық тарихшы-қандасымыз Н. Мыңжан да жоққа шығармайды: «…Қазақтар мен маңғолдар бұрын Шиху ауданын «Қарұсын» деп атаған. Қазіргі Манас-Сауан аудандарының аралығындағы «Алұсын» деген өзен бар. Толы ауданында «Сарығұсын» деген өзен бар. Демек, «қарұсын» — қара үйсін, «алұсын» — алүйсін, «сарығұсын» — сарыүйсін деген тайпа аттарының жер-су атында сақталған түрі болуы мүмкін. Ерте заманда бұл жерлерді үйсін тайпалары мекендеген.» деп қуаттай түседі. Демек, біздің Қаражан мен Сарыжанның бойынан Қартүргештер мен Сарытүргештерге қатысты ұқсастықтарды іздеуіміздің басты себебі айқындала түседі. Оның үстіне аңызда айтылатын Қаражан қонысының орнында дәл қазіргі уақытта шежіре дерегіндегі Жарықшақ тұқымы Дулатқа жататын Жаныстың Ақтай тармағы, ал Сарыжанның қонысы деген жер – Сарытепсеңнің етегінде әлі күнге Сарыүйсіндердің бір шоғырының отыруы біздің күдігімізді тағы да дәлелдей түседі.
Салыстыру үшін төменде кесте жасадым. Мұнда «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының элементтері мен тарихи деректерді салыстырамыз. (Жалпы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының Түргеш қағанаты мен Оғыз дәуіріне жатқызылатын ғылыми дәлелденіп, 2002 жылы аталған жырдың 1500 жылдығы аталып өтті)
Аңыз оқиғаларындағы Түргеш дәуірінің элементтері

Демек, «Қосмола туралы» аңыздың ең бастағы түпнұсқасы VIII ғасырдағы Түргеш заманындағы қағандықтың батыс аймағындағы ірі тарихи оқиға желісімен айтылған деген тұжырым жасауға болады.

Қорытынды

Қосмола туралы аңыз – ерліктің дастаны. Елдің бүтіндігі үшін қаза болып, тек ұрпағы ғана емес, алыстан мұнартып көрінетін барлық ел үшін баға жетпес ескерткіш. Ауызбіршілігі мықты, ынтымағы жарасқан елдің қашан да мығым болатынын биіктен айғақтап тұр.

Аңыз түбінде қашан да ақиқат жатады.
Қосмола шыңындағы тасқа қашалған жазулар

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қ. Тажиев, Қазығұрт баурайындағы аңыздар. Қазығұрт, 1994ж.
2. Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы. Шымкент, 2000ж.
3. Қазығұрт энциклопедиясы. — Алматы: «Т-Толғанай» баспасы, 2004.
4. Н. Мыңжан. Қазақтың көне тарихы./(Дайындаған М. Қани).: -Алматы: Жалын, 1993. 63-бет.
5. Тауасарұлы Қазыбек. Түп-тұқияннан өзіме шейін./(Дайындаған Б. Қыдырбекұлы).: — Алматы: Жалын, 1993ж. 71-бет.
6. Қ. Салғараұлы. Қазақтың қилы тарихы. Алматы, 1993ж. және anyzadam.kz/info/1564/
7. С. Дүйсебайұлының материалдары: kk.wikipedia.org/wiki/%D2%9A%D0%BE%D1%81%D0%BC%D0%BE%D0%BB%D0%B0_%D1%88%D1%8B%D2%A3%D1%8B және blogtime.kz/tarih/kosmola-shyny-turaly-anyz-nemese-anshy-angimesi.html
Суреттер интернеттен алынған.

Мақаланы көшіріп жариялаған жағдайда сілтеме беру керек.

Динара УТЕМБАЕВА

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.