Басты бет > Саясат > Өңіріміздің шаруалары 328 мың тонна шитті мақта жинады

Өңіріміздің шаруалары 328 мың тонна шитті мақта жинады

Өңіріміздің шаруалары 328 мың тонна шитті мақта жинады

Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары 328 мың тонна шитті мақта жинады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41 мың тоннаға артық. Орташа түсімділігі гектарына 24,5 центнерден жиналған ақ алтынның 196,6 мың тоннасы немесе 60 пайызы машинамен терілді. Яғни, мақта алқаптарында 500 ден астам комбайн теру жұмыстарын жүргізді. Бүгінде жиын-терім науқаны толығымен аяқталды.

Еліміз бойынша ақ алтынның 100 пайызы Оңтүстікте өндіріледі. Ал, мақта дақылын өсірумен облыстағы 10 ауданның шаруалары айналысып келеді. Мақта дақылы экспорттық маңызға ие болғандықтан егіс көлемі жылдан жылға артып келеді. Мәселен, биыл Оңтүстікте 134,6 мың га жерге шитті мақта егілсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 мың га артық.  Көктемнің кеш түсуі мен ауа райының қолайсыздығына байланысты биыл мақта теру жұмыстары қараша айының 20-сына дейін созылды.

Мақтаарал ауданына жасаған бір сапарында облыс әкімі Ж.Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының бренді саналатын мақта дақылы бәсекеге қабілетті болу қажеттігін айтқан болатын. Сондай-ақ, ол, елiмiздегi үлкен табыс әкелетiн жүз жылдық тарихы бар мақта дақылының сапалы сорттарын дамытып, инновациялық технологияларды өндіріске ендіру арқылы ақ алтынды өндірудің тиімділігін арттыруды айтқан-ды.

Мақта еліміздегі экспорттық басымдыққа ие дақылдардың қатарында. Сондықтан мақтаның сапасын жоғарлатуға ерекше мән берілген. Бүгінде Оңтүстік шаруалары жаңа технологияларды қолдану мен ізденістің арқасында мақта талшығының 10 сұрыпын жасап шығарған. Мақтаның мұндай элиталы сұрыптарының түсімділігі 38-40 ц/га дейін жетеді. Бүгінде Оңтүстік Қазақстанда өндірілетін мақта талшығының жоғары сұрыптары Ресей, Беларуссия, Германия, Латвия, Молдова, ҚХР, Бельгия, Иран, Украина, Италия және Оңтүстік Корея сынды 10 мемлекетке экспортталуда. Жыл басынан бері аталған елдерге 30 мың тоннаға жуық мақта талшығы жөнелтілген.

Мақта шаруашылығын қолдауға мемлекет тарапынан ерекше назар аударылған. Мақта дақылын өсіру үшін тыңайтқыштар мен гербидциттерге мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Одан бөлек, егілген мақтаның әрбір гектарына 15 мың теңгеден, ал қайта өңдеу үшін өткізілген ақ алтынның әр тоннасына 6 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетіледі. Бүгінде мақта шаруашылығын қолдау үшін субсидиялар таратылуда. Жыл басынан бері облыс бойынша 134,6 мың гектарға 2 млрдқа жуық, қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізілген 140 мың тонна ақ алтынға 833 млн теңге субсидия төленген.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.