Басты бет > Хабар > Өңірімізде қос кітаптың тұсаукесері өтті

Өңірімізде қос кітаптың тұсаукесері өтті

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласындағы «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында қос кітаптың тұсаукесері өтті. Атап айтқанда, «Елбасы Жолдаулары – өркендеу кепілі. Элбоши мактублари – тараққиет кафолати» кітабы және «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» атты фотоальбомы. Айта кетерлігі, жинақтар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен жарық көріп отыр.

Қос жинақтың тұсаукесеріне өңірдегі зиялы қауым өкілдері, оқырмандар, кітапсүйер жастар мен оқырмандар жиналды. Игі шарада алғашқы болып сөз алған Ұласбек Сәдібекұлы қос жинақтың облыс руханияты үшін маңызды екендігін жеткізді.

«Бүгін екі кітаптың тұсауы кесілгелі тұр. Алғашқысы, Елбасының 1997-2017 жылдардағы Жолдаулары бір жинаққа топтастырылып, өзбек тілінде жарыққа шықты. Кітаптың құрастырушысы облыстық «Жанубий Қозоғистон» газетінің бас редакторы Алишер Сатвалдиев. Бұл үлкен еңбек екендігін айта кеткен жөн.

Кейінгісі, 2017 жылы қасиетті Түркістан қаласы – Түркі қаласының мәдени астанасы болып жарияланды. Осыған орай наурыз айынан бастап 5 желтоқсан аралығында 40-тан аса шара өткізілді. Міне, осылардың барлығы жинақталып,  «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» атты фотоальбомына топтастырылып отыр. Жинақты құрастырушы белгілі ақын Темірғали Көпбаев. Аталған жинақ болашақ үшін тарих болмақ», – деді Ұласбек Сәдібекұлы. 

Өзбек тілінде жарық көрген «Елбасы Жолдаулары – өркендеу кепілі. Элбоши мактублари – тараққиет кафолати» кітабында 20 жыл ішіндегі 21 Жолдау және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» сынды тарихи құжаттар топтастырылған. Жинақ ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығы мен «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасының жарияланғанына 20 жыл толуына орай 1000 данамен жарыққа шықты.

«Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» фотоальбомында түркітілдес елдердің рухани-мәдени астанасы Түркістан қаласы болып жариялануы орай өткен іс-шаралар толық қамтылған. Халықаралық басқосулар мен байқаулар, жалпы атаулы жылдың өту барысы жайлы мәліметтер мен фотосуреттер жинақталып, таралымы 500 данамен шығып отыр.

Аталған жинақтар алдағы уақытта қалалық және ауылдық кітапханаларға, білім мекемелеріне жеткізілетін болады.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.