Басты бет > Саясат > Өңірімізде суға шомылу және жылыту маусымындағы оқыс оқиғалар азайған

Өңірімізде суға шомылу және жылыту маусымындағы оқыс оқиғалар азайған

Оңтүстік Қазақстан облысында суға шомылу және жылыту маусымындағы оқыс оқиғалар саны өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда азайды. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиналысында облыстық төтенше жағдай департаментінің өкілдері мәлімдеді. Брифингте сөз алған департаменттің төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы Нұржан Әсібековтың айтуынша, департамент пен жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмыла жұмыс атқаруы оң нәтиже беріп отыр.

«Жыл басынан бері суға кеткен адамдар саны 71-ден 31 адамға дейін, яғни, 56 пайызға кеміді. Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыстың су айдындарында 31 адамның суда қаза болу оқиғасы тіркелді, оның ішінде 17-сі – балалар мен жасөспірімдер. Шілде-тамыз айында адамдардың көп қаза болуы су айдындарында тіркеліп отыр. Бұл еңбек демалысы мен жазғы демалыс кезеңімен байланысты»,-деді Н.Әсібеков.

Бөлім басшысының айтуынша, оқыс оқиғалардың негізгі себептері жабдықталмаған су айдындарында суға шомылу, балалардың ересек адамдардың қарауынсыз қалуы, судағы қауіпсіздіктің қарапайым қағидаларын бұзу болып отыр. Енді күн суытса да су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі әлі өзекті, себебі күз бен қыста балық аулау кезеңі басталып кетті. Бұған қоса жылыту маусымындағы оқыс оқиғалар да азайып отыр. Төтенше жағдай департаменті өкілдерінің айтуынша, ОҚО-да 2017 жылғы жылыту маусымында улы газбен уланудың  24 оқиғасы тіркелді.

«2017 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында исі газымен уланудың 24 оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 46 адам зардап шекті, оның ішінде  11-і қайтыс болды. Өткен жылмен салыстырғанда тіркелген оқиға мен зардап шеккен адамдар саны азайды. Салыстыру үшін айтсақ, 2016 жылы 29 оқиға тіркеліп, 76 адам зардап шекті. 28 адам қайтыс болған еді»,- дейді өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және алдын алу қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Ізбасаров.

Барлық оқиғаларды департамент мамандары зерделеп шығып, адамдар улануға қатысты 24 оқиғаның 21-і – табиғи газбен улану, ал үшеуі қатты отын жағылатын пешті қолданғанда орын алғанын анықтады. Көбісі, яғни, 21 факті жеке үйде болса, қоғамдық моншада 2 оқиға тіркелген. Уланудың негізгі себептері – жарамсыз пештерді пайдалану мен тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік қағидаларының бұзылуы. Сондай-ақ улы газбен уланғандардың басым көбісі ұйқыда болған. Енді осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында департамент мамандары алдын алу іс-шараларын бастап кеткен.  Мәселен, 1 қыркүйектен бастап тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілуде.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.