Басты бет > Хабар > «Әкім Бол, Халқыңа Жақын Бол» Айдарында Кентау Қаласының Әкімі Әбдібақыт Тілләбайұлы Мақұлбаев

«Әкім Бол, Халқыңа Жақын Бол» Айдарында Кентау Қаласының Әкімі Әбдібақыт Тілләбайұлы Мақұлбаев

142
views

 

«Әкім бол, халқыңа жақын бол»

Осы айдармен «МЕДИАОН» ақпараттық құқықтық сараптамалық агенттігі  өз жұмысын бастады. Осы порталмен  ең алғашқы  сұхбаттасқан Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Тілләбайұлы Мақұлбаев мырза болды.

Тоғжан Тұрсынханқызы Тілемісова, «Алтын алқа иегері»,  сегіз баланың анасы.

  • «Осы әкімнің арқасында  үш бөлмелі үйге қол  жеткіздім, қазір аллаға шүкір Кентау  қаласы  күннен — күнге көркейіп келеді.  Әкімім  маған ұнайды-деді күлімсіреп.

Болат ақсақал, зейнеткер,  Кентау қаласының тұрғыны.

  • «Төрт жылдан бері Әбдібақыт баламыздың жұмысын жақсы бағалап отырмыз. Ардагерлер  аллеясын салды, осы жерге келіп шүйіркелесіп әңгіме айтып шер тарқатып қайтамыз. Құлдырап тоза бастаған Кентауымыз қайтадан бұрынғы қалпына келе бастады. Баланың еңбегі бар.

Динара Шерәлі, Кентау қаласы көпсалалы колледжінің студенті.

«Бәрінен де қаламыздың тап-таза екендігі ұнайды. Жастар серуендейтін аллеялар мен скверлер ашылып, шамы жарқыраған көшелерде еркін жүреміз.  Мен баға бере алмаймын, бірақ әкімнің іскерлігі ұнайды»


Бұл әкім алдына кірер алдындағы аллеядағы кездескен қала жұртының пікірі еді…..

«Ел мақтаған әкіммен сұхбат»

Әлқисса…..

Әбдібақыт Тілләбайұлы,  «Қаратау тәжі»  аталатын Кентау қаласы жол картасы бойынша  «Моноқалалардың»,  дәлірек айтсақ жиырма жеті қаланың тізіміне ілінгенін білеміз, осы бойынша мемлекет қоржынынан  қанша қаражат бөлінді?  Оны игеру жұмыстары қалай жүруде?

«Жалпы, Кентау  қаласы республикадағы жиырма жеті қаланың ішіндегі «Моноқала» бағдарламасына енген. Моноқала бағдарламасы біз  үшін  шағын экономикасы бір салаға жүйеленген  өте ұтымды бағдарлама екеніне көз жеткіздік.  2012 жылдан бастап пилоттық режимде жұмыс жасап ал, толыққанды 2013 жылдан бастап өз жұмысын бастады. Осы бес – алты жыл ішінде қаламыздың  қарекетіне        6 млрд. қаражат бөлінді. Пилоттық режимде 2012  жылы 241  млн теңге қаралып,  бірінші кезекте қала көркін көміп тұрған нысандарға, соның ішінде қоқыстарды құрдымға жіберу, сынғанды тіктеу мен жалпы қала тазалығын қамтамасыз етуге  қарастырылып, жұмыстар жасалынды. Оған қоса, 2013 жылы мемлекет қоржынынан  431 млн. теңгедей  қаражат бөлініп, ол жарықтандыру мәселесі, аллеялар, балалар ойын алаңшаларын орнату тағы сол сияқты мақсаттарға жұмсалды. Ал, қаланың  инфрақұрылымдық саласына 2014 жылдан бастап қаражат қарала бастады. 2014 жылы  1,2 млрд., 2015 жылы 1,6 млрд. қаражат қала қоржынына түсіп, ең тұралап тұрған нысандарға бекітіліп, бірқатар жұмыстар атқарылды. Негізі «Моноқала» бағдарламасының өзі шағын бизнесті дамыту арқылы  жұмыссыздық мәселесін  азайту, қалпына келтіру,  сонымен қатар қаланың инфақұрылым саласын жандандыру екенін сездік. Айта кетер болсам,  бағдарлама  бойынша бөлінген қаржының көмегі көп болды. Осы кезеңде магистралды жылу құбырларының қайта құру жұмыстарына 1,4 млрд. теңге бағытталып,  17 км. жылу жүйелерін ауыстырдық.  Қаламыздағы «Болашақ», «Батыс», «Жұлдыз»  деген үш   мөлтек аудандағы 885-тарта  үйлерді   толық  инфрақұрылымен қамтамасыз еттік. Оның ішінде: 18,8 шақырым автомобиль жолдары, 33,7 шақырым электр желілері, 30 шақырым кәріз жүйелері, 259 көше жарық шамдары және 15 трансформаторлық подстанция орнатылды. Бұл жұмыстардың  барлық  құны  1, 9 млрд теңгеге шағылды. Нәтижесінде төрт жарым мыңға жуық халықтың  күнделікті өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалды.

Жалпы, «Моноқала» бағдарламасының   шағын   орта кәсіпкерлікті дамытуда да ролі зор екені айқындалды. Бұған 2014-2015 жылдары алты пайызбен, жеңілдетілген түрде 740 млн. теңге несие беріліп,  260-қа жуық  адам  аталмыш  несиені алып біреулер өз жұмыстарын ашты, енді біреулері істеп жатқан кәсібін ары қарай дамытты. Айта кетерлігі оның тағы бір бөлігі  грантқа бөлінді. Жалпы,  бағдарлама  бойынша бізге 57 грант бөлінді, ол грант  үш млн теңгеге дейін қарастырылған қайтарымсыз қаражат. Соның есебінен де шағын кәсіпті дамытуға мүмкіндік туды.Тағы бір осы маңызды бағдарламаның бөлігі банктен бөлінетін несиенің пайыздық мөлшерін төмендетті. «Кентау трансформатор зауыты» АҚ жүйесіне жобаланған екі жобаны іске асырды. Олар банктен 11 пайызбен несие алды, он пайызын осы бағдарламаның шеңберінде мемлекет өтеп берді. Сонда оларға бір пайызбен түсті. Сонымен қатар, аталмыш бағдарламаның шеңберінде екі зәкірлік  жоба жүзеге асты. Бұл  шағын  кәсіпкерлікті дамыту сатысындағы белсенділік еді. Мұндағы бағыт  бағдарлама аясында  қаланың бұрынғы дамыған  мамандандырылған саласын қалпына келтіру еді.  Кентауда,  өзі қаланың  аты да айтып тұр, емес пе, қала  негізінде кен өндіру саласына бағытталған. Бұл әрине  бір, екі  жылда емес, көп уақытты қажет ететін шаруаның бірі екені айқын.   Қазір осыған орай 2016  жылдан бастап  «Қызылата» деген мыс кен орнына  барлау жүргізілді. Барлауға бағытты немесе рұқсатты ҚР Инвестициялар  және  даму министрлігі береді сала мамандарына.

2016 жылы «Қызылата» кен орнына геологиялық барлау жүргізілді, сондай- ақ өткен жылдың желтоқсанында алты кен орнына геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілді. Ол Ащысай ауылының жанында орын тепкен «Смена» полиметалл кен орны. Тағы қала маңының жанындағы Хантағы және Қарасай деген полиметалл кен орындары және «Ырмақ шашыранды алтын» кен орны бар.

Содан кейін бізде бізде Байылдар деген кен қалдықтарының қоймасы бар. Бұрын осы Кентауда кен байыту фабрикасы болған, жылына 2 млн. тонна руда өңдейтін. Соның  жетпіс жылдан бері жинақталған қалдықтары бар. Өткен жылы «Байылдыр қалдық сақтау қоймасын» «ЭКОсплав» компаниясымен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу мақсатында аталмыш министрліктен рұқсаты алынып, жұмыстар басталды.

Жалпы қазір жетіге тарта кен орындарында геологиялық барлау жүргізіліп жатыр. Оған қоса осы кен саласына қатысты  ірі екі  жобамыз биыл жүзеге асады деген ойдамыз. Оның біріншісі Қытай Халық Республикасының инвесторлары арқылы  жақында қанатын жайған «Кентау полиметалл» компаниясы полиметалл концентраттарын өндіру және өңдеу өндірісін жүргізуге (вторичный переработка) ұмтылуда.  Оның жалпы құны 650 млн теңгені құрап отыр.

 

Сұрақ әңгіме барысында туындап отыр, осы қытайлардың  біздің елге келуі артқаны рас. Әлем бойынша экономикалық дағдарыстың туындап тұрғаны да бар. Жұмыс күшінің басым бөлігі сол қытайлар болатын шығар, жоқ әлде жергілікті тұрғындар тартылады ма ?

Жалпы, бұл биылғы жылы жүзеге асатын  бірінші жобамыз біздің қытаймен бірлесе отырып  құрып жылына 60, 65 мың тонна  руданы өңдейтін концентрат өндіретін  байыту өндірісін қолға алып жатырмыз. Егер  жоба жүзеге асқан жағдайда 100 жұмыс орны ашылады деген үміт бар. Жұмыс күшінің он пайызы мамандар өздерінен болса,  қалғаны жергілікті тұрғындармен қамтылатын болады. Одан басқа Ащысай ауылында Қаратаудың қойнауындағы кендерді игеру, жалпы  өткен ғасырдың басында басталған.  Ащысайда бұрынғы металлургиялық зауытты қытайлар сатып алды, бұрын Ащысайдағы өндіріс кен орындары, Ачполиметалл активтері, ғимараттары бәрі  ЮЖПОЛИМЕТАЛЛ- дың еншісінде болған. «Южполиметалл» АҚ-ы құлдырап  банк еншісіне өткен соң, қытайға құны 64 млн теңгеге бағаланып сатылды.Олар осы жылдың  қазан, қараша айларына  өндірісін  іске қосу керек деген болжам жоқ емес. Алдымен, ол жерде «Шахтный печь» орнатады, мақсат  жүзеге асқан кезде екі жүз орындай жаңа жұмыс орны ашылмақ. Былтырғы жылы аталмыш компанияның өкілдерімен халықтың алдына барып осы жаз айларында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, не істеу керек екендерінің барлығы айтылып,  жылдың соңына өндіріс жұмыстарын бастайтындықтарын жеткізген болатынбыз. Жалпы  кен өндіру саласы  бойынша  осы жұмыстар жүзеге асырылуда. Ал, қытайлар келіп бәрін алып жатыр деген мәселе –инвестиция  келгені әрине жақсы, бірақ инвестицияны оның қорғалуы, оның тиісті өзіндік талаптары бар, сол талаптарды сақтаған жағдайда ол Кентау қаласының халқына, яғни қаланың экономикасына  дұрыс  жұмыс істейді деп, халық мүддесіне  шешіледі деп ойлаймын.

Жұмыссыздық  мәселесі қалай шешілуде? Білуімізше қала тұрғындарының ер азаматтардың  басым бөлігі  жан -жақта  вахталық әдіспен  жұмыс атқаруда…   Егер өзіңіз айтып жатқан мәселелер  шешіліп жатса Кентау кеншілері  қалаға оралады ма?

            Ең басты мәселе ия — жұмыссыздық, бізде әсіресе ауылшаруашылығына көп жеріміз жоқ, тек бір ғана бұрынғы Қарнақ, Ащысай комбинатының подхозы болған шағын шаруашылық жер болған, ал сонау Кеңес дәуірінен қалған өндіріс орындары тұралап тұрғандықтан жұмыссыздық бар екенін жоққа шығармаймыз.  Бізде  вахтамен жұмыс жасайтын азаматтар жетерлік.Олар  өзіміздің елдегі өндіріс орындарында айта кетсек  Ақтөбе облысында, Қарағанды облысында ,Ресейдің кен орындарында жұмыс жасап жүр бүгінде. Егер өзімізде өндіріс орындары ашылатын болса, келешекте   шетте  істейтін азаматтарымыз өз жанұяларының қасында болып,өз қаламызда жұмыс жасайды деген ойдамыз. «ГРК Металлинвест» деген компанияға  үміт артып отырмыз . Жалпы инвестицияның көлемі төрт жарым млрд теңгені құрайды.  Қазір олар проектісін жасап жатыр,тиісті қажетті жұмыстарын жайғастырып жатқанымен бәрібір біраз уақыт талап ететіні шарт.

 

Әбдібақыт Тілләбайұлы, «Ақбұлақ» бағдарламасы жөнінде не айтасыз?

Ең  маңыздысы «Ақбұлақ» бағдарламасы, ауыз су мәселесі бойынша, жалпы қалада төрт ауылымыз бар ғой, тоқсан алты мың халқымыз бар, 89  пайызы орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтылған. Биыл бізде қаланың су құбырларын ауыстырудың  үшінші сатысы жүріп жатыр,  биыл бітеді. Сонда Кентау қаласының  жүз пайыз ауыз сумен қамтылады. Одан басқа Қарнақ ауылымызда  су құбырлары былтырдан бастап жүргізіліп жатыр, алдыңғы жылы басталған ол да биыл бітеді, іске қосылады. Сонда біз «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында  халықты жүз пайыз сумен қамтитын боламыз. Тек, Ащысай деген ауылымызда сәл азырақ проблема болады, бірақ бұл алдағы уақытта өз деңгейінде шешілетін мәселе.

 

Қалада табиғи отын жоқ екенін білеміз, бұл жайында не айтасыз?

Екінші  үлкен мәселе ол газбен қамту мәселесі. Газбен қамту енді облыс басшыларына үлкен рахмет, жалпы облыста газдандыру мәселесі  қарқынды жүріп жатыр соңғы екі үш жылдың ішінде. Бізде де сол автоматтандырылған газ тарату  стансасы және магистральды  газ құбыры былтыр салынып бітті. Яғни, біз Түркістан қаласынан елу үш шақырым Бейнеу-Бозай магистральды газ құбырынан өзімізге тарттық. АГТС салынды,  оған 3 млрд 800 млн теңге қарастырылды. Қазір қала шетіне магистралды газ құбыры келіп тұр.   Енді  биылғы жылға  қаланың ішкі  жүйесіне газ тартуға бір жарым млрд теңге бөлінді. Биылғы жылы қала ішінде газ тарту басталады, келесі жылы Хантағы ауылында, басталады жобасы дайын. Сонан соң Байылдыр және Қарнақ ауылдарына қазір жоба  проектісі  жасалынып жатыр.Сонда, 2020 жылдың  соңына таман яғни, 2021 жылдың басына Кентау қаласы және оған қарасты  ауылдық округтер Ащысайдан басқасы  толықтай газбен қамтылады. Бұрын енді  Кентауда газ болмаған, газ келген жағдайда қала  цивилизацияға жақын болады, әсіресе қыз- келіншектеріміздің жұмысы жеңілдей түседі.

Одан кейінгі бағдарламаның біреуі  тұрғын үй қорын жаңғырту.Модернизациялау  бізге ол өте керек. Себебі, бізде қалада тұрғын үй қорының  негізгі бөлігі тозған. Қала сонау 1955 жылы құрылған, сондағы салынған алғашқы үйлер де қазір тозған. Айта кетсек, өткен жылы  35 үй толық  күрделі  жөндеуден  өтті . Оған 481 млн қаражат  бөлінді. Шатырлар ауысты,  подъездердің іші, терезелер, есіктер, жертөледегі жылу құбырлары жөнделді. Жалпы, қажетті  жұмыстар жасалынды.Оған қоса, биылғы  жылға 44  үйдің  жобасын дайындап отырмыз.  Қаражат бөлінген жағдайда қырық төрт үй жөндеуден өтетін болады деген үміттеміз. Жалпы бізде көпқабатты  үйлердің  алпыс пайызы жөндеуді талап етеді. Ал, қаланың өзінде 326 көпқабатты үй бар. Қалған отыз төрті ауылдарда орын тепкен. Қаладағы көпқабатты үйлер толықтай жөндеуден өтетініне толық сенімдеміз.   Биыл оған қоса Ащысай ауылынан да бір үйді қосайын деп отырмыз. «Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында қазірге осы жұмыстар атқарылып жатыр.

 

«Әбдібақыт аға енді,  қаражат жүрген  жер белгілі емес пе….., Кентау қаласы тұрғын-үй  коммуналдық шаруашылығы  бойынша орынбасарыңыз республикаға  әйгілі болған  Берік Қынатов мырза сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне ұсталынды, ақпарат толыққанды жеткізілді. Қанша қаражат құрдымға кетті…? Бюджет қоржынындағы қаншаға тарта ақша жоқ болып кетті? Ол қыруар сумма Моноқаланың қаражаты еді ме….? Ол қайтып орнына келе ме ?

«Ол  әрине мемлекеттік бюджеттің қаражаты ғой енді, оны енді тиісті құқық қорғау органдарының  қызметкерлері ұстады, сот болып тиісті шаралар қаралып,  енді ол  қаражаттар  қайтарылады, қайтарылуы тиіс әрине»

 

«Елбасымыздың  болашаққа бағдар, рухани жаңғыру бағдарламасының  басталғанын білеміз,100 жаңа есім бойынша айтып берсеңіз? Қалай жүзеге асуда? Қандай критерилермен еніп, енгізіп жатырсыздыр?»

«Жүз жаңа есім деген енді, жалпы рухани жаңғыру бағдарламасы өте уақытылы, құнды маңызды бағдарлама.Себебі, кез -келген қоғамның тұрақты дамуы үшін ол бірінші қоғамдағы өмір сүретін адамдардың рухани байлығына да  көп нәрсе байланысты екенін ескерген жөн. Сондықтан, рухани жаңғыру бағдарламасының ішіндегі жүз жаңа есім де бір жобасы болып тұр ғой. Республикалық жүз жаңа есім жобасын біз  өзіміздікін жасағанымыз жоқ әлі. Біраз ойластырдық. Республикалық жүз жаңа есім жобасына Кентаудан екі  азаматты, бізде Эдуарда Вельк деген бір студент қызымыз қазір Ресейде оқиды, ол спортшы қыз, каратэден, оның анасы осы спорт түрімен айналысады, екінші азаматымыз Кентауда туған азамат ол жас жігіт,ол әскери қызметші Әлеуханов Ғалымжан, екеуі енді жүз жаңа есімге. Жүз жаңа есімді дәріптеу, солардың өмір жолын көрсету арқылы, жастардың бойындағы рухани байлықты байыту, молайту, жалпы берері мол бағдарлама болып тұр.  Мысалы, Эдуарда Вельк жас спортшы қызымыз,ол спротпен айналысқан,оның жетістіктері, басқа  да жеңістері  оның құрбы-құрдастарына үлгі болатыны ақиқат.  Өскелең ұрпаққа ой салады, сондықтан осы жүз жаңа есім жобасы жанды, дұрыс жоба деп ойлаймын. Биылғы жылы осы рухани жаңғыру бағдарламасы аясында екі ғылыми конференция өткізсек пе деп отырмыз. Қарнақ ауылының екі мың жылдық тойын өткізгенбіз. Жалпы Қарнақ тарихы тұнған ауыл. Мына Қаратаудың мысынан Түркістанның тайқазанын құйған. Яғни, Қарнақ  қолөнер шеберлерінің  ордасы. Ғылым болғанда, діни  ғылым ордасы болған. Бұл жерде көп атақты тұлғалар оқыған, соның бәрін жүйелеу мақсатында Қарнақтың ғылым, ілім ордасы болғанын анықтайтын ғылыми конференцияны жоспарлап отырмыз. Былтыр ойда бар еді, енді биыл жүзеге асырамыз деп отырмыз. Өзіміздің Түркістандағы Халықаралық Қазақ-Түрік  университеті, Шымкент қаласында жоғары оқу орындарымен қатар, Алматыдағы қазақ ұлттық университеттің бір екі ғалымдарымен қазір жұмыс жасап жатырмыз. Қарнақта сондай -ақ, тұрғанына мың жылдан асқан тұт ағашы бар. Сол тұт ағашы тұрған қорымда Имам Бахили деген кісінің мазараты бар.Уақытында ол кісі ислам дінін таратушы миссионерлердің қатарында болған. Соның бәрін зерттеп, зерделеп, конференция  өткізуді көздеп отырмыз. Сондай -ақ қала маңында «Хан тағы» деген жеріміз бар.Оның өзі аты да айтып тұр ханның тағы…  биіктігі  380 метрге жететін үлкен шоқы бар, сол биіктікте ханның тағы тұрған деген аңыз бар. Хан ажалын қара құрттан келеді  деген соң,  биікке шықсам қара құрт маған жете алмайды деп,  сол биікке шығып отырған деген аңыз әңгімелер жетерлік. Сол ханның тағын да тәптіштеп зерделеу үшін осы конференцияны ұйымдастырып отырған жайымыз бар.

 

«Әкім  мырза, әкім бол, халқыңа жақын бол деген бар, жалпы  ОҚО-ның  біраз жерлерінде әкімдік қызметте жүрсіз, Кентау қаласында ең көп отырған әкім өзіңіз боласыз, неліктен деп ойлайсыз?»

«Енді әрине әрбір әкім халыққа жақын болғаны дұрыс, әкімдердің істеп жатқан жұмысының бәрі үкіметтің  барлық саясатын жергілікті жерде жүзеге асыру. Жалпы елбасының саясаты арқылы елдің әуелетін көтеру, дамыған елдердің қатарына қосылу, сондықтан жоспарларды жүзеге асыратын жайттың бәрі халықпен істелінетін нәрселер ғой, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасау ол басты маңызды факторлардың бірі болып қала береді.

 

«Әлеуметтік желіде барсыз  ғой,  жалпы өзіңіз туралы пікірді, әңгіменімақтауларды  қалай қабылдайсыз

«Біріншіден фейсбуктағы пкірлердің бәрі қажет,оң пікір болсын, теріс пікір болсын екеуі де бірдей. Оның бәрін дұрыс қабылдаймыз. Айтылып жатқан сынды дұрыс қабылдаймыз»

 

«Әбдібақыт аға, сізбен сұхбатым бар екенін алдында мен желіге жазған болатынбын. Сонда бір ағамыз Кентаудағы экскаватор зауыты неге тоқтап тұр? Деген сұрағын аманат етіп еді….?»

«2009- дан бері  ол зауыт тоқтап тұрған жайы бар. Кентау эксковатар зауыты кезінде үлкен өндіріс ошағы болған. Онда бес мыңға жуық адам жұмыс жасаған. Қазір тоқтап тұр өкінішке орай, оны жұмыс жасатуға біраз әрекеттер де болды. Алдыңғы жылы бір Турцияның компаниясымен келісе отырып, ауылшаруашылық машиналарын соқа, култеватор өнімдерін жасаймыз деп әрекеттенген болатынбыз, жоба құны үш млн АҚШ долларын құраған болатын. Түбінде жоба жүзеге аспады, негізінен осы зауытты қолға алмақшы болған екі компания тіл табыса алмады.Түпкі мақсат зауыттың шығаратын өніміне сұраныс болуы керек еді. Айтар кететіні, бізде қазір шет елдерден келіп жатқан эксковаторлар көп. Оларды өңіріміз пайдаланып та жүр, жалпы олармен бәсекелес болу да қиынның қиыны. Бірақ келешекте іске асырамыз деген жоспарымыз да жоқ емес.»

 

Әңгімеңізге рахмет Әбдібақыт Тілләбайұлы , жұмысыңызға тек сәттілік!!!!

 

Сұхбаттасқан Малика Абдалиева

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *