Басты бет > Қоғам > Әкімдер келер, әкімдер кетер…

Әкімдер келер, әкімдер кетер…

48
views

Оңтүстікте жиі әкім ауысқанына да көзіміз де, етіміз де үйренді. Оңтүстік Қазақстан облысының Әкімі қызметіне Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев тағайындалғанына да жүз күннен асып қалды.

Тәуелсіздігімізді алған 25 жылда Әкім деген лауазым енгелі саусағымызды бүгіп санасақ, бұл кісі — оныншы әкім. Бұл кісіге дейінгі тоғыз әкім оңтүстік өңірі үшін не істеді? Қандай игі істерімен немесе қателіктерімен есте қалды? Қал-қадарым жеткенше өз ойыммен бөлісіп көрейін.

Әлқисса…

Әкім деген лауазым енгелі ең алғаш Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып Марс Фазылұлы Үркімбаев тағайындалды.

Қолымызға танымал журналист Әмірсейіт Әлиевтің «Көргенімді айтайын» кітабы түсті. Сол кітапта таңдау неліктен Марс Фазылұлына түскенін айтып өткен екен. Үзінді келтірелік:

«Осында туып, өсіп, ондаған жыл бойы оңтүстікте және онымен жапсарлас жатқан ағайын облыста басшы қызмет істеуі, сондай­-ак елде енді ғана қолға алына бастаған нарықтық қатынастар жағдайын бұған дейін-ақ тәп-тәуір игеруі Марс Фазылұлының салмағын кәдімгідей-ақ  ауырлатып, мерейін биіктеткен болса керек» — деп түйіндеген екен.

Ал, Марс Фазыұлының осал жағын тек жоғары оқу орындарында ғана басшы болып, ал, бұрынғы партия, Совет қызметінде піспегенін, жұмыстың бай тәжірибесімен сусындамағанын алға тартқан екен. Біздің де бұл пікірге алып-қосарымыз жоқ.

Марс Фазылұлы бұл қызметте өзі айтқандай 666 күн жұмыс істепті. Ол кезең өте ауыр болғанын тілге тиек еткеніміз жөн. Барлық саланың, өндірістің, ауылшаруашылық, құрылыс бәрі тоқтап, құлдырап жатқан кезең болды. Марс Фазылұлының есте қалған бір тірлігі өзі ғалым адам болғандықтан, Қазақ Ғылым академиясының Оңтүстік Қазақстан облысында филиалын ашу болды. Алайда, бұл кісі қызметімен қоштасқан күннен кейін көп ұзамай-ақ бұл өкілдік те жабылып тынды. Содан бері, бұл үрдіс, бір әкімнің бастаған ісі келесі әкім ауысқанда аяқсыз қалатыны әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан сыңайлы.

Өңірімізге Марс Үркімбаевтан кейін әкім болып Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбеков тағайындалды. Бұл кісі де әкім болған кезең аса ауыр кезеңдердің бірі болды десек те болады. Мүмкін Зауытбек Қауысбекұлының талай игі істерді іске асыруына қаражат та қолбайлау болған шығар, кім білсін?! Әйтеуір, Зауытбек Қауысбекұлының игі ісі деп ауыз толтырып айтарлық есіме ештеңе түспей тұр. Бірақ, бұл кісінің жеке меншігі деп аталатын нысандар өңірімізде әлі күнге дейін бар. Оны да айта кетейік.

Содан соң әкім болған Қалық Абдуллаев өзінің кішіпейілділігімен, халыққа жақын болғысы келетіндігімен есте. Қалық әкімнің бір орынбасарының қателігі үшін ақсақалдардан кешірім сұрағаны да есте. Осы әкімнің бастамасымен әр шенеунік балалар үйіндегі бір баланы қамқорлыққа алған болатын. Газеттер «Енді балалар үйі жойылатын болды» деп алаулатып-жалаулатқаны да есте. Алайда, Қалық әкім қызметтен кеткен соң,  әлгі шенеуніктердің өз қамқорлықтарындағы балаларынан хабар алмай қойғанын да жыр қылып айтады осы жұрт бүгінде. Ал, Қалық Абдуллаев ол балаларынан әлі күнге дейін хабар алып, демеушілік танытып жүргенін де телеарналардағы хабарлардан көріп жүрміз. Қалық әкім халыққа жақын болғысы келгенімен, халықтың мұң-мұқтажын шеше алмады. Жарық, газ, жылу мәселесі шешімін таппай әбден қордаланды осы әкім тұсында.

Сондай қиын кезеңде облысымызға әкім болып Бердібек Машбекұлы Сапарбаев тағайындалды. Осы әкім коммуналдық саладағы қордаланған мәселелерді үш ай өтпей жатып шешкенін айта кету керек. Бердібек Машбекұлы әкім болып тұрғанда үйдегі температура 18 градусқа жетпесе, жылуға ақы төлемейтін-ді халық. Бұның өзі Бердібек әкімнің халқы үшін еңбек ететініне дәлел болса керек. Қыста көше тазалайтын машиналарды қала көшелерінен көре бастағанымыз да осы әкім тұсы еді. Осы күнге дейін журналистер Бердібек Машбекұлының қарапайымдылығын жыр етеді.

Бұл әкімге дейін оңтүстіктің қариялары ел билеу ісіне араласып, өз ықпалын да жүргізгісі келгенін жасырудың қажеті жоқ шығар? Ауыл ақсақалдарының өз оғланын билікке жақындатқысы келіп, сол жолда тыраштанатыны айтпаса да түсінікті еді. Бұл ақсақалдарға тосқауыл болған да Бердібек Машбекұлы-тын.

Бердібек Машбекұлы Астанаға қызмет ауыстырған соң, Болат Жылқышиев тағайындалды. Бұл әкімнің аты аталғанда Шымкенттегі «Нұрсәт» мөлтекауданының аты қатар аталады. Себебі, бұл мөлтекауданның алғашқы қазығын қағып, өмірге жолдама берген де осы әкім. Бұл кісінің әкім болған тұсы елде де құрылыс қарқын алып жатқан кезең еді. Сондықтан Болат Әбжаппарұлының бұл ісін тікелей Елбасының тапсырмасымен іске асты деп айтуға негіз бар. Алайда қыста Шымкенттің көшелері тазаланбай көктайғақ болып жататыны да осы әкім тұсында еді. «Көшедегі көктайғақтан жол апаты көп болып жатыр. Осы мәселені қалай шешуге болады?» деп журналистер сұрақ қойғанда, «Өз көліктеріңізбен жолға шығуды қойып, қоғамдық көлікпен жүріңіздер» деп ақыл айтқан да осы Болат Әбжаппарұлы еді.

Жылқышиевтан соң, Өмірзақ Естайұлы Шөкеев облыс әкімінің орынтағына жайғасты. Бұл кісі әкім болған азғантай уақытта көп іс тындырды. «Көл» жағасында жайылып кеткен базарларды қала шетіне көшіру осы әкім тұсында шешімін тапты. Базар орны азғантай уақытта гүлзарға айналып шыға келді. Бордюрлер де осы кісі тұсында көптеп ауыса бастады. Өмірзақ Естайұлының бұл бастамасын одан соңғы әкімдер әлі күнге дейін «тиімді» пайдаланып жүр деп айтуға да болатын шығар?!

Шөкеев кете салысымен, Нұрғали Сәдуақасұлы Әшімов тағайындалды. Өмірзақ Естайұлымен үнемі қызметтес болып жүретін бұл әкім жарқырай көріне алған жоқ. Келген кезінде қазақшаға шорқақ бұл әкім кетер кезде бір кісідей қазақша сөйлейтін болып алған-ды. Ең үлкен жетістігі сол болса керек.

Бұл кісі де Астанаға қызмет ауыстырған соң, Асқар Мырзахметов жайғасты орынтаққа.

Облыс әкімі болып ең ұзақ қызмет атқарған да осы Асқар Исабекұлы. Асқар әкім тұсында облысымыздың өркендегені де ешкімге жасырын емес. Асқар Исабекұлы кадрды жиі ауыстыратынымен де есте қалды. Әйтеуір, осы әкім тұсында әкімдер де, басқарма басшылары да жиі ауысатын. Өңірімізге Елбасымыз келеді деген хабар келген сайын «Әкім ауысады екен» деген әңгіме желдей есетін. Бірақ, әр келген сайын Елбасымыз риза болып аттанатын-ды.

«Өндірісіңді өркендетіп, инвестиция тартамын» деп мақсат қойып, білек сыбанып Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов атқа қонды әкім болып. Бұл кісі әкім болып, 1 жыл 2 ай қызмет атқарды. Бұл кісі кадр ауыстыруға асықпады. Тек бір жылға жақындаған соң ғана үйреншікті әдетпен кадрларды оңды-солды ауыстыруды бастады. Алайда, соңғы Шардарадағы шулы оқиға бұл таңдаудың қаншалықты дұрыс немесе бұрыс болғанын айқындап тұрғандай.

Президент тапсырмасымен келген бұл әкім қаншалықты ол тапсырманы орындағанын бұл әкім кетер кезде депутаттардың  ол туралы «ләм» деп аузын ашпағаны да талай нәрсені айқындап тұрса керек.

Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев оңтүстікте әкім болған оныншы азамат. Бұл кісінің қаншалықты Оңтүстікке жағымды әкім болатынын уақыт көрсетер. Әзірге, қызметіне кіріскен 100 күнде ауыз толтырарлық ештеңе көре алмадық. Әрине, 100 күнде нәтиже күтетін де мерзім емес. Әкімнің өнімді еңбектерінің нәтижесін алдағы уақытта көре жатармыз. Әл-әзір Түймебаевтың есте қалған игі тірліктерінің біріне «Шатқал» бағдарламасын айтсақ болар. «Шатқал» деген аты дардай болғанмен, бұл бағдарламаның негізгі мәні – өңірімздегі сай-сайдың бәрін көгалдандыру болып табылады. Әйтеуір, осы бағдарламаның арқасында қыстың күні сай-саланың бәрінің шаңын шығарып, қылқан жапырақты шыршалар егіп тастадық. Сай-саланың қаншалықты көгалданғанын уақыт көрсетер. Әзірге сәттілік тілейік.

 

Малика Абдалиева

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *