Басты бет > Хабар > ӘЖИДИН ҚАРАБЕКОВ ТУРАЛЫ

ӘЖИДИН ҚАРАБЕКОВ ТУРАЛЫ

Қазақ халқы ақсақалдарын сыйлаған, салты мен дәстүрін сақтаған, қаймағы бұзылмаған ұлты мен ұлысын бөлмеген қасиетті ел. Осынау елде әрбір қазақ деп соққан жүрегі таза, кеңпейілді ақсақалдарымыздың бірі ӘЖИДИН ҚАРАБЕКОВ те бар. Өз ортасында сыйлы, айтатын ойы нақты еді. Сұм ажал асыл ағамызды арадан алып кетті. Елінің мақтанышына айналып, зейнеттің бейнетін көрген шақта Алланың бұйрығымен, тағдырдың жазуымен о дүниелік атанды. Жаны шіркіннің тазалықты қалайтын, туған жерін ерекше жақсы көріп, оның гүлдей гүлденуіне бар ғұмырын сарп еткен. “Медиаон” ақпараттық агенттігі қаза болған ағамыздың отбасына көңіл айтады және әріптестеріміз didarbek.kz жариялаған мақаланы назарыңызға ұсынады.

Бұл кісінің еңбек өтіліне кей адамның ғұмыры да жеткіліксіз. Көптеген игілікті істерді атқара жүріп, қарапайымдылығын сақтап қалған Әжидин Қарабеков тоқсанға толған торқалы тойын жасап үлгергенімен, көп ұзамай денсаулығы сыр бере бастаған-ды.

Бар ғұмырын кеңес шаруашылығы мен кәсіподақтар жүйесінің нығаюына арнаған ақсақалды ауыл тұрғындары оның гүл өсіруге деген құштарлығынан жақсы таниды. Бүкіл Темірланды жайнатып, түрлі әсем гүлдерге алғаш көмкерген де осы Әжекең болатын. Әлі есімізде, «мәңгі мызғымайтын» Кеңес одағы ыдырардың алдында, Темірландағы су жаңа шипажай иесіз қалып кетіп бара жатса да, оған бүкіл отбасын жұмылдырып, айналасын гүлдендіріп, өз еркімен күтіп баптаған да осы ақсақал данамыз. Ешкімнің тарапынан арнайы тапсырма алмаса да, өлшеусіз бұл еңбегіне ешкімнің тарапынан бір тиын төленбесе де, бүкіл жаны мен махаббатын сол гүлдерге төккенін, шипажайды барынша болашақ үшін сақтап қалуға тырысқанын көргенбіз, білеміз.

Иә, бәрі есімізде… Күні кеше немересінің тойында жастардан қалыспай би билеп кеткені де көз алдымызда…

Көптеген кездесулеріміздің бірінде:

– Тоқсан жасыңызда әлі онша сыр бере қоймағансыз. Әсіресе, ширақ қимылыңызға тәнті боламыз, – дегенімізге:

– Бұның бәрі жастайымнан қара жұмысқа бой үйреткенімнен болса керек! – деп жауап берген еді.

Иә, ол кісі тыным таппай үй тірлігіне бел шеше кірісетін әдеті бар еді.

Енді, міне Темірланнан суыт хабар бізге жетті – біз аса қадірлеп, аса құрметтеп, өте жақсы көріп жүретін қазақтың қарапайым қариясынан көз жазып қалыппыз. Артында он ұлы мен қызы, көптеген немере-шөбере-шөпшектері жетімсіреп қалған күй кешуде.

Бақұл болыңыз, абзал аға!

Ә.Ә

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.