Басты бет > Қоғам > ҰРАНЫ ,,УЧИТЬСЯ,, БОЛСА, ҚАЗАҚИЛЫҚТЫ ҚАЙДАН ПАЙЫМДАСЫН…

ҰРАНЫ ,,УЧИТЬСЯ,, БОЛСА, ҚАЗАҚИЛЫҚТЫ ҚАЙДАН ПАЙЫМДАСЫН…

49
views

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Сайрам ауданындағы солқылдақтық санаға сыймайды енді. Кеңестік кезеңнің қызыл жұлдызын қимай, Күн Көсемнің ұранын ұстын еткен мұндағылардың тірлігі тұрлаусыз. Біз үшін 25 жылдық жаңару болса, бұлар үшін қимастық сыңайлы. Себебі ғимараттарының қақ маңдайына қашап жазылған сөз бен сол кездегі таңбаны түзеп жіберуге қауқарсыз. Қылышынан қан тамған қызыл империяның мұрағат мекені болса басқаша сөз саптар едік. Онда тәуелсіздіктің ұландары тәлім-тәрбие, білім алып жатыр. Яғни идеологиялық орда. Сондықтан мән бермеген, көзге ілмеген Сайрам ауданының идеологиялық орынбасарының бұл тұрғыдағы  тірлігі туырлық, ішкі саясатының ісі ілкімсіз. Себебі біздің егемендігіміз еңбектеген сәби жасында емес, сылтау айтатын. Жігерлі жігіттік жаста.

Жалпақ жұрт тәуелсіздіктің 25 жылдығы деп шәпкісін аспанға атып жатса, Сайрам ауданы Қарамұрт ауылындағы білім ұясының балалары «учиться, учиться и учитьсяға» тәуелді. Қызыл жұлдыз алыстан қып-қызыл болып көзге ұрып тұр. Білім ұясы жолдың бойында орналасқан. Сондықтан келген қонақтарға да, қарасаң жергілікті тұрғындарға да Қазақ елінің идеологиясы бір төбе, мен бір төбемін деп тұрғандай. Яғни қарамұрттық жеткіншектер қызыл империяның жуындысының астында отыр деген сөз. Әп дегеннен патриоттық туралы ой қозғап тебіренбей-ақ қойдық. Жүрегінде намысы бар, болашағына үлкен үмітпен қарайтын азамат ретінде сөз тербедік.

Қызылмен бояп, күтіп баптайтындай бұл «учитьсяң» мен қызыл жұлдызың құнды қазына ма еді? Әлде келмеске кеткен Қазақ бабаның көзі ме еді? Осы сауал үшін менің ұлтжандылығымның тамырына ешкім балта шаба қоймас дедім де, мектеп директорына жолықтым.

-Жөндеуге қаржы бөлінбей жатыр,- деп қысқа қайырды ол.

-Бетін тегістеп сылап тастауға болмас па еді, құрылыс материалы қымбат емес қой?

Менің бұл сауалыма да жауап дайын тұр екен.

-Құрылыс материалын сыр ұстамайды. Менің орнымда сіз болсаңыз нетер едіңіз?

Директордың сауалға сауалмен берген жауабына жыным келді. Құдай-ау, Қызыл жұлдызбен «Учиться, учиться и учитьсяны» құрту үшін жөндеу жұмысы қажет екен. Ал, оған керегі қыруар қаржы. Сол қаржыны бөлдіртетін болса, жергілікті билігі мен депутаттары қайда қарап отыр? Жиырма бес жылдан бері Ұлт ұстыны, сарабдал саясаткер Н.Ә.Назарбаев білім саласының өркендеуіне барын салып келді емес пе? Аяған жоқ, аянып қалған жоқ. Бұл саланың өзгеге қарағанда құрылыс салуынан да жөндеуінен де қаржыны аяған жоқ. Ал мұндағылар Елбасының саясаты мен ұстанымына кері пікірде отырған сияқты. Жалпы директордың басқару машығына шәк келтірмедім, себебі біреуден үлгі алуға әбден үйренген сияқты, сауалынан түйген ойым осы болды. Осы орайда айтар едім, бетін жабу үшін баннер жасатуға болады. Сөйт те, төрт жерінен шегемен қағып қой. Жиырма бес жыл бойы қызыл жұлдыз бен Күн көсемнің сөзін жарнамалағанша, Ішкі саясат бөлімі немесе Сайрам ауданының идеологиялық орынбасарымен ақылдас, «баннердегі суретке немесе жазуда не көрсетсем болады?» деп… Сөйт те, өз тарапыңнан еліміздің идеологиясына сүбелі үлесіңді қос. Бәлкім мен айтқан дербес бөлім мен орынбасардың бұған ойы жетпеген шығар, олай болса шашы өмір көріп тәжірибемен ағарған Қарамұрт ауылдық округінің әкімі тұщымды ой айтар ма еді, директор мырза неге солармен кеңеспедің? Маған қойған сауалды соларға жолдамадың ба? Жоқ, басын ауыртып қайтсін? Басқа түгілі балалары вандализмді көріп, мектеп қабырғасындағы сезімге толы сөздеріне көз сүріндіріп жүрсе. Сылтау оған да дайын тұр екен. «Қабырғаға кімдердің сызып кеткенін білмейміз. Қоршауда кілтипан бар. Өшірейін десек кетпейді» деді мектеп басшысы. Ертең жөнделіп қалыпқа келсін-ақ делік. Ол кезде көзбен көріп, санаға сіңіп қалған нәрсенің қайталанбасына кім кепіл? Бәрін айт та бірін айт. Біз тәуелсіздікті аспанда қалықтаған бүркітіміз бен күніміз арқылы қарсы алсақ, қарамұрттық мектеп учитьсясы мен қызыл жұлдызымен қарсы алды. Күлейін бе, жылайын ба?

Ақиық ҚЫРАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *