Басты бет > Қоғам > ҰЛТТЫҚ РУХ, ТӘУЕЛСІЗДІК, ҰСТАНЫМ

ҰЛТТЫҚ РУХ, ТӘУЕЛСІЗДІК, ҰСТАНЫМ

туралы қарымды қаламгер, Оңтүстік журналистикасының майталманы, Шымкент қаласының 2016 жылғы үздік блогері Әсет Әссанди ой толғайды

Әсет аға, еңбегіңіз жемісті болсын! Журналистикада жүргеніңізге отыз жылға жуықтап келе жатыр екен. Жаңашыл азамат екеніңізді жақсы білеміз. Алғашқылардың бірі болып, компьютер меңгергеніңізге де куә болдық. Бүгінде – әлеуметтік желілердің белсендісісіз. Осының бәріне уақыт тауып жүргеніңіз көп адамды таңқалдырып-ақ жүр. Әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны туралы не айта аласыз?

– Сұрағыңыз орынды екен. Ғаламторды түбегейлі зиян нәрсе деп қабылдауға болмайды! Қоғам дамыған сайын, өркениет өскен сайын жаңа игіліктер адамзаттың пайдалануына ұсыныла береді. Одан біз ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Бұған салыстырмалы түрде ғана баға беруге болатын сияқты. Мәселен, пышақты алайық. Үйімізде, отбасымызда біз онымен нан, шұжық, ет, көкөніс тураймыз. Басқа да пайдалы жақтары аз емес. Жаман қолға түскен пышақ адам өліміне дейін апаруы мүмкін. Сол сияқты, әлеуметтік желіге кіретін, оны белсенді түрде пайдаланатын тұлғалар үшін оның ішінде пайдалы нәрселері өте көп. Бұл тұрғыда танымдық фильмдерді, тарихи оқиғаларды, ғылыми жаңалықтарды, тағысын-тағы атап кетуге болады. Хат-хабар алмасудың да тиімді құралы – осы әлеуметтік желілер. Сонымен қатар, бүкіл қоғамды дүрліктіріп жіберген «Көк кит», «Тынық Дон», «4.20-да оят» деген сияқты зиянды жақтары да жетіп артылады. Оған жастардың жиі кіріп көретін ұятсыз суреттерін, былапыт жазбаларын, адам тәнінен басқа ештеңе көрсетпейтін бейнефильмдерді қосыңыз. Әркім өзіне қажетін алады және бойына сіңірген тәрбиесі мен санасы жететін деңгейіне байланысты дүниені тұтынады.

Яғни, әлеуметтік желіден кім нені алса да, нені тұтынса да, өзі біледі дегіңіз келеді ғой?

– Жоқ, мүлдем олай емес. Менің айтпағым, ғаламторды әркім өз түсінігіне байланысты пайдаланады. Ал, сол түсінігінің қоғамға зияны келетін тұстары болса, бүкіл қоғам болып, біз оған қарсы тұра білуіміз қажет. Және байқасаңыз, әлемнің бірқатар елдерінде саяси дүмпудың өзі әлеуметтік желі арқылы іске асқан. Біз осыған дайын болуымыз керек. Яғни, әлеуметтік желі арқылы еліміздің тыныштығын, даму тұрақтылығын бұзуды көздейтін арампиғылды күштерге дер кезінде тосқауыл болып тұра қалуымыз шарт.

Сіздің көптеген жазбаларыңызда ұлттық рух, мемлекеттік тіл, туған ел мен туған жер әрдайым сіз үшін бірінші орында екендігін еске салып отырасыз. Ұрпағымыздың ұлттық рухта тәрбиеленуі үшін мемлекет қандай іс-шаралар атқаруы тиіс деп ойлайсыз?

– Ұлттық рух тақыр жерде пайда болмайды. Ол ең алдымен мемлекеттік тілімізді жетік меңгеруімізден басталады. Одан соң, тарихымыздың тұңғиығына үңіліп, бабаларымыздың ғибраттарынан сусындауымыз қажет. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық болмысымыз, ұлттық қағидаттарымыз, тіліміз, дініміз, діліміз – қазақ деген ұлы халықтың негізі екенін бір сәт те ұмытпауымыз қажет. Тіл жоқ жерде ұлт жоқ, ұлт жоқ жерде – ұлттық рух туралы жақ ашудың өзі күлкілі.

Тағы бізді қызықтыратыны, облыс жаңалықтарын ең бірінші болып сіз жариялайсыз? Жылдам ақпаратқа қалай қол жеткізесіз?

– Қалай десем екен? Көпжылғы тәжірибе, кеңес заманында алған терең білім, жас келе өшпеген ізденімпаздық, өзіңіз айтып кеткен жаңашылдыққа деген асқан құмарлық жылдам ақпарат берудің негізі болса керек. Бұған, әрине, менің өзімнің компьютерге отырып, мәтінді жылдам тере алатын қасиетім де қосымша.

Шығармашылықпен айналысып жүргендердің басым көпшілігі «шабыт» дегенді айтады. Сіз шабытты қалай шақырасыз?

– Мен шабыт шақырмаймын. Өлеңге, әнге, қара сөзге шабыт түрлі жолдармен келеді. Мәселен, түнде түсіңізде өлең сөздері шырын болып ағыла бастайды. Тәтті ұйқыны бұзып, орныңыздан атып тұрып, әлгі сөздерді қағаз бетіне түсірмесеңіз, таң ата ол сөздердің не туралы болғанын да есіңізге түсіре алмайсыз. Қарасөз мен үшін жеңілдеу. Компьютердің алдына жайғассам болды, өзінен өзі ойлар да, сөздер де, сөйлемдер де, ұтымды сөз тіркестері де ағыла бастайды. Бір қызығы, мен тек қана қазақ тілінде жазбаймын ғой. Сол себепті шығар, бір кезде орысша дүниелер әп-сәтте дүниеге келе бастайды, бір кезде – ана тілімізде.

Сонымен қатар, өзбек, түрік, ағылшын, неміс тілдерінде де жазбаларыңызды байқап қалдық…

– Кішкентай ізденістің нәтижелері ғой! Бірақ, менің оқырмандарымның басым көпшілігі – мемлекеттік тілімізде оқитынын байқап қалдым. Оған бір жағы қуанып та жүрмін.

Осыдан біраз бұрын екі әріптесіңізді Қазақстан Республикасының Мемлекеттің Әнұраны орындалған сәтте қолдарын жүректерінің тұсына апармады деп айыптадыңыз. Олармен бұрыннан бас араздығыңыз бар ма еді? Әлде мүлдем танымайтын адамдарыңыз ба? Әлеуметтік желіде әжептәуір дерлік резонанс тудырған мәселе еді. Осы істің аяғы немен бітті?

– Иә, ондай жағдай орын алғаны рас. Облысымызға белгілі, өзіндік қолтаңбалары бар қос журналист Марина Низовкина мен Ирина Абрамованы бұрыннан жақсы танитынмын, сіз-бізіміз де дұрыс болатын, ешқандай бір-бірімізге өкпелеген тұстарымыз болған емес. Десек те, екеуі маңызды бір шара барысында Еліміздің Әнұранына да, Қазақстан Республикасының халқына да бойындағы құрметсіздігін барынша байқатып алды. Сөйте тұра бастапқыда: «Мазам жоқ еді, науқастанып тұрған едім» деп жалтарған Марина Низовкина, кейіннен: “Біз – Ресей Федерациясының азаматымыз” деп, ақталмақ болады. Бұл қалай? Кіндік қаның Қазақстанда, оның ішінде шуақты Оңтүстігінде тамады, қазақ жері нан береді, су береді, өсіреді, абырой биігіне көтереді – ал, сен бір күні аласың да, Ресей Федерациясының азаматтығына көшесің?! Бірақ, бір қызығы, өзің Ресейге көшпейсің, Қазақстанда тұрып, осы жердің нәпақасын жей бересің. Сөйтесің де, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні көзді бақырайтып тұрып Қазақстан Республикасының Әнұранын құрметтемей тұрасың… Осы мәселені көтергенім сол еді, Маринаның жақтастары түрлі тәсіл қолданып, мені сөзбен «атқылай» бастады. Арасында фейк те болып, тролль де болып мен туралы түрлі “мәліметтер” таратуды қолға алды. “Ұят қой!” деп отырып, өздері шексіз ұят нәрселерге бой ұрды. Әрине, олардың бұндай әбес тірліктерінен мен қорықпаймын да, қорыққан да емеспін! Мен үшін елім қымбат, жерім қымбат, тілім қымбат, Әнұраным қымбат! Осы қымбат дегендеріме көзін алартып қарағанның бәрі маған да, Қазақ Еліне де дос емес!..

Содан болар, сізді көпшілік қауым ұлттық намыс туын жоғары көтеріп жүрген азамат ретінде қабылдайтыны. Бұл мәселенің соңы немен аяқталды екен? Ұзынқұлаққа сенсек, сол қыздардың бірі жұмыстарынан қуылған көрінеді.

– Әлгінде өзіңіз айтып кеткендей, бұл мәселе республика көлеміне дейін шығып кетіп, үлкен резонанс тудырған болатын. Оның үстіне, Мемлекеттік Әнұранымызға құрметсіздік танытқан екеуінің жұмыс орындарына мен арнайы сұраныс хат жолдаған едім. Маған қайта жіберілген жауаптарында олардың бұл әбес тірліктері ұжымда қаралғанын және оларға тәртіптік шара қолданғанын айтады. Одан арғы тағдырлары мені аса қызықтыра қоймағандықтан, олардың жұмыстарынан кеткен-кетпегенін қадағалаған емеспін. Шынымды айтсам, олар туралы еш ойланып жүргенім жоқ және жұмыстарынан айырылған-айырылмағандары маған бәрі-бір.

Ал, Астанадан Оңтүстікке ат басын бұрып, «мемлекетіміздің екінші тілінде» сайрап кеткен Ләйла туралы не айтасыз?

– Шымкентке Халықаралық құзіреттілік академиясының Бас директоры Ләйла Өмірзаққызы Асылбекова келді де: “Мен екінші мемлекеттік тілде сөйлемін!” деп, қазақтың қаймағы бұзылмаған Оңтүстіктің тұрғындарына Ресей Федерациясының мемлекеттік тілінде сайрай жөнелді. Сонда еліміздегі мемлекеттік тілдің біреу екенін және ол тілде сөйлегісі келмейтін «профессорлар» бізге не үйретпек? Оңтүстіктегі 8300 мемлекеттік қызметкердің барлығы-дерлік мемлекеттік тілді меңгергенін білеміз, бірақ барлығы жаппай көрші елдің мемлекеттік тілін біледі деп айта алмаймыз ғой. Сонда мына Ләйла-ханымның бұл қай мазағы? Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы Әли Амантайұлы Көмекбаев іс-шараға дайындық барысында осындай мәселелерге мән бермегені қалай? Осыдан соң біз қалай оңамыз? Міне, осы сауалдарға әлі күнге дейін жауап жоқ.

Көтерген осы мәселеңіз де біздің облысымыздан тыс шығып кетіп, бірқатар республикалық сайттар арқылы жария болды. Бір қызығы, мемлекеттік тілімізді ең алдымен өз қандастарымыз құрметтемейтін сияқты. Осы орайда Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысының сауатсыздығы жөнінде де жазбаларыңызды байқадық…

– Расында да, мемлекеттік тіліміз – өз ана тіліміз. Ал оны алдымен өзіміз құрметтемесек, өзге жұрттан не сұраймыз. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі, өкінішке орай, өз жұмысын жоғары деңгейде атқара алмай қиналып жүргендей күй қалдырады. Бұған кінәлі сауатсыздығы ма, әлде жауапсыздығы ма – бір Аллаға мәлім. Бірақ, Facebook әлеуметтік желісіндегі қала әкімдігінің арнайы парақшасындағы жазбаларды оқысаңыз, қатеден бас көтере алмайсыз. Бұл қателер қала әкімінің имиджіне зор нұқсан келтіретіні күмәнсіз. Бірақ, қателерді үстін-үстін жіберіп отырған Шымкент қаласының әкімі деп ойлап қалмаңыз! Бұл жазбаларды салып отырған қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі (жетекшісі – Әйгерім Жұмағұлова). «Сауаты жетіңкіремейтін адамды осындай жауапты қызметке ұсынған кім болды екен?» деген сауал мені көптен бері мазалап жүргені рас.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әйгерім Жұмағұлова әлі жас қой, әлі-ақ үйреніп кетер, уақыт берейік.

– “Жас қой, үйренеді, тәжірибе жинақтайды, әлі-ақ дұрысталады!” деп мен де ойлап жүргенмін. Ойлап қана жүрген жоқ едім, шынайы жанашырлығымды білдіріп, Әйгерім осы лауазымға тағайындалған 2016 жылдың жазынан бастап қол ұшымды созып, оған ресми жазбаларда қате жіберуге болмайтыны жөнінде жеке талай жазып, бірқатар қателерінің жөнделуіне себепші де болған едім. Екеуара осындай әңгіме 2016 жылдың жазынан бастап орын алған. Әйгерімнің өзі де “қайталанбайды” деп уәде берген. Алайда, өкінішке орай, сауатсыз жазбалар азайған жоқ, керісінше үдей түсті…

Қанша әдемі, қанша жас, қанша аянышты болса да, мемлекеттік тіліміз мен үшін Әйгерімнен қымбат!..

Жазбаларында қатесі көп болса, оған ұятқа қалатын Әйгерімнің өзі емес пе? Сізге не жоқ?

– «Итің жаман» десе, намыстанатын қазақ емеспіз бе? Филолог-ғалым, филология ғылымдарының докторы басқаратын облысымызда сауаты күмәнді баспасөз хатшысының жұмыс істейтіні – менің осы елдің азаматы ретіндегі намысыма қатты тиіп отыр. «Қазақстан» сөзін кіші әріппен жазса, әр сөйлемде қате өріп жүрсе, қалай намыстанбайсыз?! Күні кеше еріксіз күлкіге қарқ қылды. Бүгінгі жариялаған хабарламасының алғашқы сөйлемі мынау: “Бұл туралы облыс әкімі Ж.Түмебаев халықпен өткен есепті кездесуде айтты”. Бастапқыда қай облыстың әкімін айтып отыр екен деп кәдімгідей абдырап қалдық. Өйткені, “Түмебаев” деген әкім Оңтүстік Қазақстан облысында мүлдем жоқ! Және ешқашан болмаған! Өз әкімін танымайтын да баспасөз хатшысы болады екен-ау деп жағамызды ұстауға тура келді…

Әйгерім Жұмағұлова Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, филолог Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың “Қазақ тілінің тарихи грамматикасы”, “Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы”, “Қазақ тілі”, “Қазақ тілі: Грамматикалық анықтамалық” деп аталатын еңбектерін оқып шықса да, біраз сауатын ашып алар еді ғой!..

Біраз мәселелердің бетін ашып алдық. Сұхбат беруге келісіп, бізге келіп, алтын уақыт бөлгеніңізге айтар алғысымыз мол. Көп рахмет сізге!

– Сізге де рахмет!..

Сұхбаттасқан М.Абдалиева

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.