Басты бет > Қоғам > Қытайлық туристер игерілмей жатқан Қазақстанның ұлан-ғайыр даласын көріп таңғалды

Қытайлық туристер игерілмей жатқан Қазақстанның ұлан-ғайыр даласын көріп таңғалды

Қытайлық туристер игерілмей жатқан Қазақстанның ұлан-ғайыр даласын көріп таңғалдыҚЫТАЙЛЫҚ ТУРИСТЕР. ФОТО: NUR.KZ

Ма есімді шетел азаматы әуежайдан түсе сала, алдымен бас қаланың символы саналатын «Бәйтеректі» көруге бел буыпты. Айтуынша, Алматы асқар тауымен тамсандырса, Астана бұлтсыз аспанымен, таза ауасымен таң қалдырған.

«Біз бизнес форум аясында Алматыға келген едік. Төрт күн ішінде қаланы әбден аралап, көрікті жерлерін тамашалап та үлгердік. Алматыға келер болсам, ең алдымен, қала өте әдемі, тарихқа бай қала деп айтар едім. Алматыны елдің тарихи астанасы десем де артық айтпаспын. Тұрғындары да өте қонақжай. Бірақ, бір кемшілігі, Алматыда кептеліс көп», – деген шетелдік азамат еліміздің бас қаласынан алған әсерін ортаға салды.

«Сіздердің елдеріңізде биыл «ЭКСПО» көрмесі сияқты маңызды шара өтіп жатыр. Бұл тек Астана үшін ғана емес, Қазақстан үшін де маңызы зор ауқымды шара деп ойлаймын. Шыны керек, аз ғана уақыт ішінде, осындай Астана сынды әсем қаланың бой көтергеніне таң қалып тұрмыз. Қазақстанның Еуропа мен Азияны жалғап тұратын алтын көпір екеніне тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмыз», – деді шетелдік мейман.

Аспан асты елінен келген қонақтар Алматыға қарағанда Астана халқы жақсы тұратынын да байқап қалған.

«Алматыда бізге тұрғындардың өмір сүру деңгейі бірдей болып көрінді. Көшеден тұрмысы төмен тұрғындарды да, ауқатты адамдарды да кездестіруге болады. Ал Астанада олай емес. Мұндағы халықтың әл-ауқаты Алматыдағымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары сияқты», – дейді Ма мырза.

«Қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм таттыңыздар ма» деген сауалымызға, «қазақтың тағамдары өте майлы болғандықтан, сүйсініп жей алмадық», – деп қысқа жауап берді ол.

Сонымен бірге, қытайлық қонақтар қазақтардың әр мәселені байыппен, асықпай шешетін баяулығы мен сылбырлығына таң қалатындықтарын жасырмады.

«Қытайлықтардың қимылы қашан да ширақ, жүрісі жылдам. Ал қазақтарда керісінше екен, баяу, асықпай әрекет етуді ұнататын көрінеді. Жалпы, Қазақстан бізге қатты ұнады. Әсіресе, астаналарыңыздың тазалығы мен көшедегі тәртіп таң қалдырды. Тағы бір айта кетерлігі, Қытай халқы биік ғимараттарда өмір сүріп жатса, сіздерде ұлан-ғайыр жер бар. Осы кең даланың қадірін білсеңіздер деймін. Шыны керек, біз Қазақстаннан мұндайды күтпеген едік. Десе де, сіздерге туристік саланы әлі де дамыту қажет. Мәселен, Алматымен бірге, Астана да қысқы спорт түрлерін дамытып, туристерді тартатын түрлі спорттық орындарды ашуға болады. Білуімізше, Астана маңында ондай орындар әлі де жоқ екен», – деп түйіндеді қытай азаматы.

 Дереккөз: Nur.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.