Басты бет > Саясат > «Қыс – 2017» командалық оқу-жаттығу өтті

«Қыс – 2017» командалық оқу-жаттығу өтті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында «Қыс-2017» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.  Шараға облыстық ішкі істер және төтенше жағдайлар департаменттері, облыстың, қалалар мен аудандардың азаматтық қорғау қызметтері, төтенше жағдай комиссиясы, өңірдегі дислокацияланған Қорғаныс министрлігінің бөлімдері қатысты.

Шараның ашылуына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев азаматтық қорғау қызметтері мен құрлымдарының қыс мезгілінде орын алатын төтенше жағдайларға әзірлігін тексерді. 

«Қыс жақындап келеді. Сондықтан қыс мезгілінде орын алуы ықтимал барлық келеңсіз жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуіміз қажет. Бұл ретте негізгі күш облыстық төтенше жағдайлар департаментіне артылады. Десек те, бұл іске басқа құрылымдық күштер де  бір кісідей атсалысуы керек», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыс әкімдігі алдындағы алаңда өткізілген шара барысында жол қызметінің техникалары мен төтенше жағдайлар департаментіне қарасты жеке құрамның іс-қимыл көрсетілімі ұйымдастырылды.  «Жиын» дабылы бойынша жиналған жеке құрам мен техникалары толық дайындыққа келтірілді.

Оқу-жаттығу сценариі бойынша облыс аумағында күрделі метеорологиялық жағдай туындап, ауа температурасы 15 градустан төмендеп кетеді. Қарға ұласқан жауын-шашын нәтижесінде Сайрамсу өзені тасып,  автокөлік жолдарының кей жерлері мұзға оранады.  Жол-көлік оқиғасы орын алып, адамдар суға құлап кетті.  Сондай-ақ, теміржолда жанар-жағармай тасымалдайтын вагондар рельстен шығып кетіп, өрт пайда болады. Бүгінгі дайындық шарасының негізгі мақсаты – орын алған келеңсіздікті тез арада жою. Ол үшін  «Сауран» демалыс аймағында  «Қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайларды жою» тақырыбында арнайы-тактикалық оқу-жаттығу өткізіледі деп күтілуде.

Айта кетейік,  қазірдің өзінде облысымызда қыс мезгіліндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 11 мың тонна тұз бен 10 мың тонна құм әзірленген.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.