Басты бет > Саясат > Қаратау ауданы әкімінің қорытынды есептік кездесуі өтті

Қаратау ауданы әкімінің қорытынды есептік кездесуі өтті

Шымкенттегі Нұртас, Тұран, Бозарық, Қайнарбұлақ, Нұрсәт шағынаудандарының тұрғындары алдында Қаратау ауданының әкімі И.Қантөреев қорытынды есептік кездесуін өткізді. Жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ғани Ташқараев, басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Аудан әкімі аймақта тұрғындар үшін маңызды саналатын жол, көгілдір отын, жарық, ауыз сумен қамту, абаттандыру, көгалдандыру бойынша нақты атқарылған жұмыстарын баяндады.

– Ауданда 1,110 шақырымды құрайтын 1272 көше бар. Былтыр Қайнарбұлақ шағынауданында №125 мектепке баратын жол, Достық шағынауданында – 10, Тассайда бір көше күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Одан бөлек Достық, Тассай, Мирас, Мәртөбе, Нұртас, Сайрам, Қызылсу, Исфиджаб тұрғын алаптарында 18 көше жөнделді. 97 көшені жөндеудің жобалық-сметалық есептері әзірленіп, ұсынылды, – деді аудан әкімі.

Баяндамадан соң тұрғындардың талап-тілектері тыңдалды. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты М.Тоғызбаев жұмыстарға оң бағасын беріп, ауданға жаңадан қосылған елдімекендердегі өзекті мәселелерді бірлесіп шешсек, деген ұсыныс білдірді.

– Асар-2 шағынауданында топырақ жолдардың 90 пайызына тас төселді. Жарық, таза су, кәріз жүйесі орнатылып, халықтың игілігіне берілді. Енді Сайрам тұрғын алабында төрт күре жолға бағдаршам, жол белгілері мен бақылау жүйелерінің қойылуына назар аударсаңыздар, – деді депутат.

   

Қаратаулықтар назарға ұсынған мәселесінің бірі – туризмді дамыту. Сайрам тұрғын алабында туристерді қызықтыратын Қарашаш ана, Ибраһим ата, Қызыр, Ләтіп ата кесенелері бар. Тұрғындардың ұсынысын қала әкімі қолдады.

– Бұл мәселе біздің тікелей бақылауымызда. Қазір кәсіпкерлермен кесенені жөндеу, жолдарды дұрыстау, демалыс орындары, аллея ашу секілді жұмыстарды жүзеге асыруға келісімдер жүруде, – деді қала әкімі.

Аудан тұрғындарының мектеп, спорт кешендерін салу, жол және қоғамдық көлік бойынша өтініштерінің барлығын қала әкімі Ғ.Рахматоллаұлы өз бақылауына алатынын жеткізді.

Медиаон ақпарат