Басты бет > Қоғам > Қаламқас АЛТЫНБАЕВА: ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕМЕН СУСЫНДАП ӨСКЕН БАЛАДАН КЕЛЕШЕКТЕ ЖАМАН АДАМ ШЫҒУЫ МҮМКІН ЕМЕС

Қаламқас АЛТЫНБАЕВА: ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕМЕН СУСЫНДАП ӨСКЕН БАЛАДАН КЕЛЕШЕКТЕ ЖАМАН АДАМ ШЫҒУЫ МҮМКІН ЕМЕС

40
views

«Бала тәрбиесі – бесіктен» дегенді тегін айтпаған болар ата-бабаларымыз. Ал, бүгінгі тәрбиенің бастауы балабақшадан басталады десек артық айтпаспыз. Осы орайда, Сарыағаш ауданының білім бөлімінің №30 бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Қаламқас Лесқызымен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Құрметті Қаламқас Лесқызы! Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ашылған балабақшаларыңыздың қадамы құтты болсын! Осы орайда өзіңіз басқарып отырған балабақша туралы аз-кем мәлімет бере кетсеңіз?

– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2010 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес «Балапан» бағдарламасы бойынша және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесінің аясында өткен жылы Сарыағаш қаласының Самал мөлтек ауданында №30 бөбекжай балабақшасы ашылып, пайдалануға берілген болатын. Нысанның ашылу рәсіміне аудан басшысы Қ.Әбдуалиев, «Нұр Отан» Сарыағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Тұрсындаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Сүлейменовтер қатысып, жаңа ғимараттың лентасын қиған еді.

Кәсіпорынның құрылтайшысы: Сарыағаш ауданы әкімшілігі. Республикалық бюджеттен 529 млн 988 мың теңге қаржыға салынған. Заманауи үлгіде салынған балабақшада толық құрал-жабдық, бүлдіршіндерге арналған жиһаздармен қамтамасыз етілген.

Балабақша ғимараты 320 орындық, заман талабына сай. Балабақшада 16 топ, ән залы және спорт залы бар. Өзіңіз байқағандай, балабақша дәліздері кең әрі жарық. Балабақшамыздың 4 баспалдағы ертегі желісімен безендірілген. Әр топта балалардың білім алуы үшін арнайы ұйымдастырылған оқу қызметін өтетін бөлме, ойын бөлмесі, жатын бөлмесі, киім шешетін орын, санитарлық тораптар (санузел) қарастырылған. Балалардың зейінін ашу, ой өрісін дамыту үшін әр топта ақпараттық технологиялық құралдармен қамтамасыз етілген. Балабақшаның бірінші қабатында 8 топ, арнайы медициналық бөлме, асхана, қойма, кір жуу бөлмесі, екінші қабатында 8 топ, думан зал, спорт зал, әдістемелік, меңгеруші, психолог, есепші, медициналық бөлме, қабылдау бөлмесі орналасқан. Балабақша бөлмелеріне қазақи нақыштағы кілемдер төселген. Топтарда қауіпсіздік есіктері қарастырылған. Балабақшада ойын алаңдары құралдармен толық қамтамасыз етіліп, балалардың қауіпсіздігі үшін жерге жұмсақ төсеніштер төселген. Балабақша табиғи газбен жылытылады. Бөлме едендеріне жылу жүйелері жүргізілген. Бөлмелердің жылылық температурасы талапқа сай. Бала-бақшамызда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай арнайы стенд, мемлекеттік рәміздер, жол жүру ережесіне стендтер ілінген.

– Ашылғандарыңызға көп бола қоймапты. Бүгінгі таңда балабақшада қанша бүлдіршін тәрбиеленуде? Екі жарым айға жетпейтін аз уақытта балабақша жұмысын қаншалықты жолға қоя алдыңыздар?

Қазіргі таңда балабақшада 16 топ жұмыс жасайды. Балабақшаға 320 бүлдіршін қамтылған. Балабақшада оқу іс-әрекеттері мемлекеттік тілде, мемлекеттік құжат Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын негізге ала отырып «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. Осы стандартқа сәйкес оқу қызметінің кестесі бекітіліп жүргізіледі. Балабақшада жоғары білімді педагог мамандар, дене шынықтыру нұсқаушысы, музыка жетекшісі, психолог мамандар жұмыс жасайды.

– Балаларды үйінен жеке автобуспен тасымалдайсыздар ма? Тасымалдау жағы қалай шешілген?

– Ата-аналардың демеушілігімен тасымалдайтын көлік жүргізу мәселесі қарастырылған.

– Сіздің басшы ретінде тәрбиешіге қоятын талабыңыз?

– Біліктілік дәрежесі жоғары болуы, сонымен қатар, жеке оқыту мен тәрбие берудің технологиясын меңгеруі, балалардың тәрбиелі болуын қамтамасыз етуі, жұмысында озық педагогикалық іс-тәжірибені пайдалану арқылы әдістемелік бірлестіктердің, алдыңғы қатарлы мектептердің жұмысына қатысуы тиіс. Қазақстан Республикасы Конституциясын, «Білім туралы», «Балалардың құқықтары туралы» Заңдарын және мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын білуі тиіс.

– Балабақшаның жабдықталуында, безендірілуінде қазақы нақыш басым екен. Осы орайда «Самал» балабақшасында бүлдіршіндерді ұлттық құндылыққа тәрбиелеуде, салт-дәстүрді бойларына сіңіріп өсуіне байланысты қандай шаралар атқарылды?

– Балаларға халқымыздың игі дәстүрлерін, ізгі қасиеттерін, инабаттылық-іскерлік дағдыларын, салт-дәстүрлерін бойына сіңіру, рухани-адамгершілік қағидаларын ұстануға үйрету үшін ашық оқу іс-әрекеттері, ұлттық ойындар өткізілуде.

– Ата-аналармен байланыс қай деңгейде?

– Ата-анамен балабақша арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде. Ата-аналар балабақшаның көркеюіне өз үлестерін қосуда. Ата-аналармен қарым-қатынасты нығайту мақсатында балабақшада әртүрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Мысалы «Толағай» көңілді эстафеталық жарысы.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз?

– Алда әр түрлі мерекелік іс-шаралардан бөлек аудан көлемінде семинар өткізу, ауланы ұлттық нақышта кейіпкерлермен, ертегі желісімен безендіру жоспарда бар. Ұлттық тәрбиемен сусындап өскен баладан келешекте жаман адам шығуы мүмкін емес.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан М. АБДАЛИЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *