Басты бет > Мәдениет > ҚАЗЫҒҰРТТАН БАСТАЛҒАН КЕРУЕН ОТЫРАР АУДАНЫНА ТАБАН ТІРЕДІ

ҚАЗЫҒҰРТТАН БАСТАЛҒАН КЕРУЕН ОТЫРАР АУДАНЫНА ТАБАН ТІРЕДІ

     Күні кеше облыс жұртшылығы Ұлыстың ұлы күнін Қазығұрт ауданындағы тау бөктерінде “Наурыз Қазығұрттан басталады” іс-шарасымен атап өткені белгілі. 10 мыңнан аса халықтың қатысуымен тойланған  мерекеде ұлттық киім киген аталар мен әжелер, бозбалалар мен бойжеткендер түйе, жылқы жетектеп “Ұлы көш” Наурыз керуені қыр басынан алаңға бет алып, қалың елді ұлы күнмен құттықтаса, Отырар ауданының қасиетін айқындайтын керуеннің бір тобы Сансыз бабтар мекеніне табан тіреді. Ұлыстың ұлы күніне орай 2000-нан аса аудан халқы жиналған шара көне жәдігерлер мен ұлттық киімдер киіп ән-жыр айтып думандатқан керуенді күтіп алумен бастау алды.

Отырар өңірі- төрт түлік шаруашылығы дамыған аймақ. Әсіресе, Ойсылқараның өзіндік орны ерекше.  Жәдігерлермен жасақталған мерекелік керуенді түйе жетектеген қарияның бастап келуі де осының айғағы. Ел алдында сап түзеген әсем көрініс ұлттың ұлы ізі мен барын, қасиеті мен киесін, тамыры терең елдігін аңғартатын жан-жақты мәнге ие. Ары қарайғы бағдарламаның да жүйесі жарқын жұрттың болмысы мен дәстүр түбі қалың ел ішінде екендігін танытты.
Осы орайда, аудан көлемінде дәстүрлі түрде атап өтілетін Ұлыстың ұлы күнін биыл да отырарлықтар ерекше дайындық, айрықша көңіл-күймен тойлады.
Орталық алаңда ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер тігіліп, әрбір үйге Отырар өңіріндегі көне қалалардың атауы берілді.
Концерттік бағдарламада Түркі дәуірінен бері ел тарихында айрықша орны бар  оқиғалармен қатар адамзат иесінің табиғатпен байланысын суреттейтін, рухани жаңғыру мен құндылықтарды насихаттайтын көріністер қойылып, әсем ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған бишілердің өнері үш мың жылдық тарихы бар мереке  ажарын ашты. Ел болып тойланған шараға Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Қуаныш Айтаханов,  Қазақстанның Халық ақыны Қалыбекова Әселхан Әлішеріқызы қатысып,   мерейлі белестер жылымен қатар келген Ұлыстың Ұлы күнімен аудан жұртшылығын құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді.
Мерекелік жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлестерін қосқан бір топ азаматтар «Сала саңлағы» номинациясымен марапатталды.
  Сонымен бірге, Ұлыстың ұлы күніне орай Отырар ауданына қарасты ауылдық округтер мен Отырар Мемлекеттік Археологиялық Қорық-музейі және білім ұялары көрме ұйымдастырып, қазақтың айтыс өнерін және “Қыз ұзату”, “Беташар”,      “Тұсау кесер” сынды көптеген салт-дәстүрлерін көрсетсе, мерекелік шараға 300-ге жуық аудан өнерпаздары қатысты.
Әз Наурыз күнінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен отырарлық кәсіпкерлер  10-15 пайыз төмендетілген бағамен халықтың сұранысына ие азық-түлік және ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін өткізді.
Бірлік пен берекенің және молшылық пен салт-дәстүрдің жаңғырған жарқын көрінісі, мәртебелі мейрамы саналатын ұлық күнде түрлі спорттық ойындар да назардан тыс қалмады.
Көнеден тарихы, бүгінінен болашағына желісін тартқан қадамы нық қазақ халқының болмысы кең пейілділігі мен қонақжайлылығынан да аңғарылады. Қазақтықтың қаймағы бұзылмаған қасиетті өңір халқының мерекелік басқосуы қатар-қатар сап түзеген  қазақи нақыштағы ақшаңқай киіз үйлерде жайылған ақ дастархан мен Наурыз көжеден дәм татуға және ауданға қарасты барлық ауылдық округ өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалауға ұласты.

М.Сабыр

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.