Басты бет > Мәдениет > Қазақ халқының дәстүрлі діні – ислам діні.

Қазақ халқының дәстүрлі діні – ислам діні.

Бұл ойды мемлекет те мойындайды және өзінің ресми идеологиясының құрамдас бөлшегі ретінде қарастырады. Оған дәлел «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылы 11 қазанда қабылданған мемлекетіміздің Заңы, Елбасының ресми сөздері, оның ішінде «Қазақстан–2050 Стратегиялық бағдарламасы» секілді маңызды құжаттардағы ислам діні туралы айтылатын ойлар. Аталмыш заңның преамбуласында: «Ханафи бағытындағы исламның халықтың мәдениеті мен рухани өміріндегі тарихи рөлін Қазақстан Мемлекеті ресми мойындайтынын және танитынын бекітеді», – делінген. Ал, Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан–2050 Стратегиялық бағдарламасында»: «Біз мұсылманбыз. Оның ішінде Әбу-Ханафи масхабын ұстанатын сунидтерміз», – деп қадап айтты тұңғыш президентіміз. Және де Елбасы: «Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-анасы сыйлауға негізделген. Ендеше бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін ислам дінін қадірлей отырып, ата-дәстүрін ардақтағаны абзал», – деді. Бұдан шығатын қорытынды, егер ислам діні қазақ халқының дәстүрлі діні болса, қазақтың дәстүрі де ислам дініне негізделуі тиіс. Ал, қазіргі біздің қоғамдағы исламда ұлтты, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты жоққа шығарып, намаз оқымайтын ата-анасын кәпірге теңеп, қабірлерді зиярат етудің орнына оларды қирату керек деп ұрандатып жүргендердің барлығы да халқымыздың салт-дәстүрінен хабары жоқ, діни сауатсыздықтың, ұлттық тәрбие алмағандарының айғағы. Сондай-ақ, Елбасымыз ел жастарымен болған кезекті бір кездесуінде «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады,» — деген еді. Елбасының «Мен жастарға сенемін!» деп айтқан сөзінен бізге үлкен сенім артып отырғанын байқауымызға болады. Ал жастарымыздың патриот болуы үшін, еліне адал қызмет етіп, халқын, отбасын қорғау үшін, алдымен оның бойында ұлтына деген жанашырлық сезімі болуы керек. Бұл сезімдерді адам бойына дарытатын ол – салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз бен ырым-тыйымдарымыз. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген адам бұл мәселеде ағаттыққа ұрынбайтыны белгілі.

Медиаон ақпарат