Басты бет > Саясат > ҚАЗАҚСТАН ЖАҺАНДЫҚ «АҚ АЛТЫН» НАРЫҒЫНДА ІРІ ОЙЫНШЫҒА АЙНАЛА АЛАДЫ

ҚАЗАҚСТАН ЖАҺАНДЫҚ «АҚ АЛТЫН» НАРЫҒЫНДА ІРІ ОЙЫНШЫҒА АЙНАЛА АЛАДЫ

34
views

Фото Мақтарала Ауданы Әкімдігі.Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың облыс көлемінде ауыл шаруашылығы саласын дамыту тапсырмасын орындау мақсатында Мақтарал ауданы әкімдігі және облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бірлесіп ұйымдастыруымен Мақтарал ауданында «Мақтарал ауданының жағдайында мақта баптаудың инновациялық әдістерін қолдану» бойынша семинар тренинг өтті.

Фото Мақтарала Ауданы Әкімдігі.Жиынға аудан әкімі Ғалым Исмаилов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков, Шардара, Ордабасы аудандары мен Түркістан қаласы әкімдерінің салалық орынбасарлары және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ Алматы қаласы мен Жамбыл облыстарынан келген ғалымдар, жергілікті шаруалар қатысып, тың тәжірибелер мен жаңалықтардың куәсі болды.

Фото Мақтарала Ауданы Әкімдігі.Ең алдымен, семинар тренингті ұйымдастырушылар мен қатысушылар Достық ауылдық округіндегі К-19-7 каналының бойында «Қазақ су шаруашылығы» ғылыми зерттеу институты ойлап тапқан су өлшеуіш құралды практикалық сынақтан өткізді. Дәл осы институттың «Су ресурстарын басқару» бөлімінің меңгерушісі, профессор Оразхан Қарлыханов ұсынылып отырған қондырғының шаруалар үшін өте тиімді екендігін, ал пайдалануы бойынша қарапайым, бағасы қолжетімді болатынын атап өтті.

Фото Мақтарала Ауданы Әкімдігі.Институт мамандары құрастырған су деңгейінің датчигі ультрадыбысты өлшегіш арқылы су деңгейінің өзгерісі туралы ақпараттарды қашықтан алуға мүмкіндік береді. Ақпарат жеке почтаңызға немесе СМС түрінде мобильді телефоныңызға келіп түседі. Ақпараттарды беру мобильді желіде GPRS режимінде жүргізіледі және барлық мәліметтер өзіңіз белгілеп қойған уақытта жеткізіледі. Ақпараттардың алыну жиілігін бағдарлама арқылы қалауыңыз бойынша бірнеше минуттардан бастап бір тәулікке дейін орнатуға болады. Датчиктің тоқпен қамтылуы дербес, яғни күннен алынады. Сонымен қатар, ақпараттық байланыс қыстырмалы SIM карта арқылы жүргізіледі және барлық мәліметтер диспетчерлік пунктке, болмаса www.duv2.kz сайтына да жібергізіп отыруға болады. Компьютер мен смартфон дамыған бүгінгі таңда мақтаралдық диқандарға бұл құрылғымен жұмыс жасау қиындық тудырмайды.

Фото Мақтарала Ауданы Әкімдігі.Жалпы, ДУВ 0,005-10 датчигін суармалы жүйелердің гидробекеттеріне енгізу – су деңгейі мен шығынын анықтау дәлдігін жоғарылатады және ақпаратты жылдам алуға көмектеседі екен. Су ресурстарының тапшылығы жағдайында суды нақты есептеу арқылы оны үнемдеуге мүмкіндік беретінін, әсіресе бұл бұған дейін су тапшылығын көріп келген мақтаралдық шаруалар үшін тиімді болатыны ғалымдар тарапынан айтылды.

Мұнан соң, жиынға қатысушылар екінші практикалық тәжірибені көру үшін Қарақай ауылдық округі «Кетебай» кооперативіне барды. ОҚО Мақтарал ауданының суармалы жерлеріне жер асты және қашыртқы кәріз суларын фосфогипс енгізу арқылы пайдалану технлогиясын ғалымдар бірнеше айдан бері «Кетебай» кооперативінде сынақтан өткізіп келген. Бәрімізге белгілі, Қазақстан мақтасының 80%-ы Мақтаралда өндіріледі. Мемлекеттің «алтын қоры» саналатын суармалы жерлердің басым бөлігі де осы өңірде болғандықтан, оның құнарлығын сақтай отырып мол өнімге қол жеткізу – сынақтан өтіп жатқан технологияның басты мақсаты.

«Ауданда жер асты суларының деңгейін төмендету тік және көлденең дренаждар арқылы жүзеге асуда. Сондықтан, олардың минералдығы жоғары болып, сапасы нашар болған жағдайда егістікке фосфогипс енгізу мен оларды минералдығы төмен суару суымен араластыруды жедел іске асрыу қажет. Фосфогипсті бір рет енгізген жағдайда кемінде 3-4 жыл бойы жер құнарлығын жоғалтпайды» — дейді «Қазақ су шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтының «Суармалы аумақтың мелиорациясы және экологиясы» бөлімінің меңгерушісі Рахым Бекбаев. Сондай-ақ, ол сынақтан өтіп жатқан жердің мақтасы басқа жерлерге қарағанда бітік әрі тегіс өсіп жатқанын айтты.

Семинар тренинге қатысушылардың келесі аялдаған жері – Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Нұралы жол» шаруа қожалығы. Ербол Ералиевтің басшылығындағы қожалық 7 жыл бұрын ауданда ең бірінші болып «терең қопсыту» технологиясын қолданған болатын. Нәтижесінде қожалық мақтасының өнімділігі 40 центнерге дейін артты. Бұл технологияның бір пайдасы – мақта алқабы қысқы суару кезеңінде көбірек су қажет еткенімен, жазғы суару кезінде суды көп қажет етпейді және ол мақтаралдықтар үшін өте тиімді. Осылайша Мақтаралда мақта өндіруден алдына жан салмайтын шаруашылықтың тәжірибесін семинар-тренингке қатысушылар көріп, үйреніп қайтты.

«Біз мақта өндірісін күшейтуіміз керек. Еліміз 500 мың тоннадан артық мақта өндірмесе жаһандық нарықта ешкім бізбен санаспайды, біз мақтаның бағасына арласа алмаймыз. Жылда Қазақстан 300 мың тоннадан аса мақта өндіріп жатыр, бұл аз. Міне, бүгінгі семинар-тренингте көрсетіліп жатқан тың тәжірибелер мен жаңалықтарды бүкіл шаруалар мақта егістігіне ендіретін болса – онда біз өз мақсатымызға жеттік деген сөз. Осы технологияларды ендіріп, мақтаның өнімділігін 50 центнерге дейін көтеруге болады. Сол арқылы Қазақстан жаһандық «ақ алтын» нарығында ірі ойыншыға айнала алады» — дейді Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Асан Махамбетов.

Ж.Ералиев ауылдық округінің мәдениет үйінде семинар-тренинг қорытындыланды. Мұнда жоғарыда аталған ғалымдар, мамандарға түрлі аудандардан келген қонақтар мен жергілікті шаруалар сұрақтарын қойып, жауаптар алды. Сондай-ақ, алдағы уақытта 3 тарап, яғни билік өкілдері, ғалымдар, шаруалар жұмыла жұмыс істеу арқылы – мақта өндірісін еселеп көбейту жайы сөз болды. Аудан әкімі Ғалым Исмаилов келген қонақтарға өз алғысын айтып, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс жасауға келісімдерін алды. Ауыл шаруашылығы саласын тың инновациялармен дамытуға арналған семинар-тренингті ұйымдастырғаны үшін аудан әкімдігіне облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков өз ризашылығын білдірді.

 Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *