Басты бет > Хабар > Қазақстанда құқықтық қоғам қалай қалыптасты?

Қазақстанда құқықтық қоғам қалай қалыптасты?

Құқықтық мемлекет құру мен қоғамды демократияландыру – қайшылықты, ұзақ та күрделі процесс. Бұл біздің жас мемлекетіміздің аяғынан қаз тұру жолынан да жақсы байқалады. Тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғам өміріне өту қажеттілігі айқын болған күннен бастап-ақ Қазақстан тұрғындарының алдында ең алдымен Қазақстан мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғау міндеті тұрады. Бұл орайда демократияны дамыту – меншік қатынастарын реформалау мен нарықтық экономикаға өту экономиканы тығырықтан алып шығудың, ұлттық мемлекеттің қалыптасуына қолайлы жағдай туғызудың толассыз жолы. Саяси саладағы басты мақсат – жас егеменді мемлекетті қуатты президентті республика етіп қалыптастыру. Біздің мемлекетімізде барлық азаматтардың теңдігі барлығының заң алдындағы бірдей жауапкершілігі, кімнің қай ұлтқа жататындығына қарамастан, бірдей екендігі әуелден-ақ нақты көрсетілген. Әрине, кейбір жағдайда жергілікті ұлт – қазақтардың мүддесі ерекше ескеріледі. Мұндай жағдайға ұлттық мәдениетті, тілді өркендету, қазақ диаспорасының рухани-мәдени және басқа да байланыстарын қалпына келтіру, олардың өз Отанына қайтып оралуына қолайлы жағдайлар туғызу жатады. Басқа елдер деңгейімен салыстырмалы түрде алғандағы экономикалық байлыққа қол жеткізудің алғышарты – бүкіл қоғамдық өмірді демократияландырған тұрақты құқықтық мемлекет құру болып саналады. Құқықтық демократиялық мемлекетте Конституция, яғни біздің қоғам өмірінің Негізгі Заңы аса жоғары мәнге ие. Конституция жобасы Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бастап жасалына бастады. Конституция қабылдаудан бұрын бүкілхалықтық талқылаудан өтті. Біздің Конституциямыз бойынша Қазақстан халқы егемендіктің иесі, республикадағы мемлекетік биліктің жалғыз қайнар көзі болып табылады. Республикада тек қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкілдері де тұрады. Сондықтан саяси ымыраға келу қажет болғандықтан қазақ халқы өз қамын күйттеумен қатар, жас мемлекетіміздің тыныштығын, оны одан әрі нығайтуды ойлауы керек. Құқықтық мемлекет құру, қоғамдық өмірді демократияландыру, жалпыұлттық келісім мен ынтымақ Қазақстан Республикасының әлемдік қауымдастықтың лайықты толық мүшесі болып енуінің басты шарты болып табылады.

Медиаон ақпарат