Басты бет > Саясат > Ғ.Әбдірахымов: «Құрылыста жергілікті тауар өндірушілердің өнімі қолданылуы қажет»

Ғ.Әбдірахымов: «Құрылыста жергілікті тауар өндірушілердің өнімі қолданылуы қажет»

Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымовтың төрағалығымен «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша жиын болып өтті. Шымкент қаласының кәсіпкерлерімен болған отырыста қала әкімі барша шағын және орта бизнес өкілдерін жеңіл және жиһаз өнеркәсібін, құрылыс индустриясын дамытуға шақырды.

«Өздеріңізге белгілі, Елбасы өз Жолдауында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту міндетін қойған болатын. Бұл негізінен шағын және орта кәсіпорындарға тиесілі. Бүгінгі күнде Шымкент қаласындағы шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 31 пайызды құрайды. Сондықтан кәсіпкерлерімізді «қарапайым заттар» шығаратын өндірістеріне баса назар аударуға, оны дамытуға шақырамын. Оған қаламыздың адами және материалдық-техникалық ресурстары жеткілікті. Күнделікті тұтынылатын заттарды өндіру нәтижесінде біз жұмыспен қамту және импорт алмастырудың өсімін қамтамасыз ететін боламыз»,-деді қала басшысы.

Бұдан бөлек, әкім кәсіпкерлер үшін әкімдік әрдайым ашық болу керек екенін айтып, қалада салынып жатқан құрылысқа жергілікті тауар өндірушілердің материалдарын қолдануды тапсырды. Бұл өз кезегінде құрылыс материалдар өндірісін арттыратынын айтып, бүгінде қалада қажетті сапалы құрылыс материалдары жеткілікіз екенін назарға алды.

Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Д.Жуминнің хабарлауынша қалада жеңіл және жиһаз өнеркәсібінің және құрылыс материалдарының Жол картасы әзірленген.

Оның айтуынша, Жол карталардың шеңберінде 76 гектар жер теліміне «Жұлдыз» индустриалды аймағының құрылысы жоспарлануда, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағын 200 гектардан 500 гектарға дейін кеңейту жоспарлануда. Нәтижесінде қосымша 30 өндірістік кәсіпорындармен 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бар.

Айта кетейік, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласында өнеркәсіп өнімінің көлемі 476,7 млрд. теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға артқан. Өңдеу өнеркәсібінде 399,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 4,9%-ға артты. Оның ішінде құрылыс материалдарын өндіру 7,0%-ға, жеңіл өнеркәсіп 24,7%-ға, ал, жиһаз өнеркәсібі  18,3%-ға артты.

Медиаон ақпарат