Басты бет > Қоғам > Ғабидолла әкім қашан сөзден іске көшеді екен?

Ғабидолла әкім қашан сөзден іске көшеді екен?

61
views

Ғабидолла Әбдірахымовтың шаһарымызға әкім болып келгеніне де екі жылға жуық уақыт өтіпті. Ғабидолла Рахматоллаұлы қала әкімі қызметіне 2015 жылдың 19 тамызында кіріскен еді. «Болашақ» бағдарламасымен жоғары оқу орнын Германияда тәмамдаған, қала әкімі қызметіне анау-мынау емес, Президент аппаратынан келген бұл әкімнен халық көп үміт күткені рас-ты. Халықтың бұл үмітіне селкеу түсірмей, су жаңа әкім де  қызметіне кірісе сала уәдені үйіп төккен еді. Жаңа қызметтің буы ма, әйтеуір, Ғабекең біраз көсілген еді:

  • Шымкент қаласын басқару, тұрғындарына қызмет көрсету мен үшін үлкен мәртебе және үлкен жауапкершілік. Сондықтан, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен алғысымды білдіргім келеді, өзім туған қалаға осындай лауазымға жібергені үшін. Қазақстанда Астана, Алматы қалаларынан кейін Шымкент үшінші қала, Президенттің ерекше назарында. Президент Шымкент қаласын әрі қарай дамыту туралы біраз тапсырмалар берді. Бейбіт Бәкірұлы, Сіздің қолдауыңызбен барлығымыз бір қол болып, қаламыздың деңгейін үлкен деңгейге, үлкен стандарттарға сәйкес қылып, тек қана өңірде емес, Қазақстандағы ең бір әдемі, ең бір қолайлы, күні-түні адамдар көшеде қыдырып жүретін, Шымкентке келетін адамдар қайтқысы келмейтін қалаға айналдыруымыз керек. Әрбір келген адам «міне, қала деген осындай болуы керек» деп айтып кетуі керек. Осы жерден жылап қоштасып, кетпеймін деп тұрып алу керек. Сондықтан, Құдайқаласа Елбасының тапсырмалары бар, Бейбіт Бәкірұлы да бірқатар тапсырмалар берді, солардың барлығын іске асырамыз. Сіздердің алдарыңызда Шымкенттің дамуы үшін адал қызмет етемін деп сөз беремін – деп тоқтаған еді.

Одан бері де біршама уақыт өтіпті. Алғашқы бір-екі айда Ғабидолла әкімнің уәде үдесінен шыға білетіндігіне халық қалтқысыз сенген-тін. Өйткені, Ғабидолла Рахматоллаұлы өзі біле ме, әлде «Болашақта» оқып жүріп үйренгені ме, әйтеуір, жеке басын жарнамалауды жақсы меңгерген екен. Олай деуімізге де себеп бар. Қала әкімі қызметіне кірісе сала, ең алғашқы пиарын автобусқа мінуден бастағаны естеріңізде шығар. Әлеуметтік желіде болсын, газет, интернет сайттары болсын, әкімнің жеке пиарщиктері лапылдап барып басылған-тын. Сол кезде жазылған мақалаларды интернет беттерінен тауып оқысаңыздар «Енді әкім апта сайын осылай автобусқа мініп, қала басшыларымен жиналыс өткізетін болады» деген жолдарды кездестіресіз. Алайда, автобусқа мінбегеніне көп болды-ау. Себебі, Ғабекең «а» деп аузын ашса, іліп ала жөнелетін «пиарщиктері» автобус туралы жақ ашпағанына да біраз болды. Есесіне, қазір Ғабекеңнің әр сөйлегені «хит». Бүкіл Үкімет, бүкіл Ішкі істер министрлігі болып «тіркеуге тұру» туралы қаулыны түсіндіре алмағанда, біздің әкім бар-жоғы 50 секундта мәселені «шешіп тастағаны» туралы ақпарат пайда болды. Видеосы да бар. Видеосының әуесқой түсірілім емес, кәсіби маманның арнайы түсіріп, монтаждағаны да анық байқалады.

2015 жыл бітіп, 2016 жыл басталатын тұста әлеуметтік желіні бір дүрліктіріп алғаны да есте. Жұрт «жаңа жылды» күтіп жүргенінде «Ойбай, не дейсің? Шымкент қаласының әкімдігі жаңа жылды тойлауға 80 миллион теңге бөліпті» деген ақпарат желіде желдей ескен-ді. Бұған дейінгі сан жылдар бойы шырша өзі құрылатындай, жаңа жыл өзі тойланатындай, оған қала әкімдігі қыруар қаржы жұмсайтынын білмей-ақ, тіпті онымен жұмысымыз да болмай, жайбарақат ғұмыр кешіп жатқанбыз ғой. Осыны естіген бойда банкіге түсіп кеткен шыбын ұқсап, барлығымыз шу ете қалдық. Артынша, әкім жаңа жылға бөлінген қаржыны жетім балаларға аударатынын айтып, өз бағасын бір көтеріп алды. Даурығымызды басып, енді барлығымыз жас әкімді мақтай жөнелдік. Бұл мақтауымыз тіпті шекара асып, іргедегі көршілердің «Нам бы такого мэра» деп тамсанғаны желі арқылы қайта өзімізге жетіп жатты. Жаңа жылда «вацап» желісі арқылы келетін құттықтаулардың қатарында көршілердің осы тамсануы да жарысып келетініне де екі жыл болды. Миығымыздан күлеміз де қоямыз. Егер мәселе шындығында да осылай болса, бөркімізді аспанға атып қуанар едік-ау. Бірақ, олай болмай тұр ғой.

2016 жылдың маусым айы басталғанда қала әкімі тағы да әлеуметтік желіні бір қозғап алды. Бұл жолы анау-мынау емес, әкімнің жұмысқа белсебетпен келетінін жарыса жаздық. Әкімнің шайтан арба тізгіндеп келе жатқан кәсіби фотограф түсірген суреті бүкіл желіні кезді. Бәріміз мақтандық. Артынша, пәлен ақшаны шығындап қалада «Шымкент-байк» деп аталатын жобаны іске қосты. Алғашында бұл тың жаңалыққа барлығымыз елеңдеп қалғанымыз да рас. Машинасын аулаға қаңтарып, жұрттың бәрі белсебет теуіп кететіндей көрінген. Алайда, олай болмай тұр. Қазір көшелерден өткен сайын, белсебеттердің ақ қар, көк мұзда қараусыз дүниенің күйін кешіп, қаңтарылып тұрғанын көріп жүрегіміз ауырады. Желге ұшқан қаражатты көргенде ауырмай қайтсін?! Егер, халық аузы-мұрнынан майға шылқып отырса бұлай түңілмес едік қой. Дағдарыс кезеңінде ұқсата алмаған қаржыға ішің удай ашиды да.

Интернеттен Ғабидолла Әбдірахымов деп іздей қалсаңыз, қала әкімі туралы «деді, дейді екен, депті, олай деді, бұлай деді» деген ақпараттардан аяқ алып жүре алмайсыз. Есесіне, «істеді, іске қосты, жаңа аудан коммуникациямен қамтылды» секілді мәліметтер жоқтың қасы. Әйтеуір, әкімнің бүгінгі тірлігі дейді, дейді, дейді екеннің айналасынан шықпай тұрғаны шындық.

Әкім жұмысына жаңадан кіріскен кезінде қаламызды «Лас-Вегастан» артық болады деп уәде бергені де есте. Алайда, қаламызға әлі «Лас-Вегастың» аулы алыс секілді. Керісінше, лас Вегас бүгінгі қаламыздың шынайы келбеті десек, артық айтпаспыз.

Қаламыздың шеткі аудандарында әлі күрмеуі шешілмеген мәселелер көп. Оларға автобустың қатынауы жолға қойылмаған.

Карл Маркс атанып кеткен аялдамаға бара қалсаңыз, жолай кетіп бара жатқан көлікке қол көтерген нөпір халықты көресіз. Жолай ала кетейін деп тоқтаған машиналарды жолполдар қуып әлек. 100 теңге тауып бензиніме сеп болсын деген ниетпен тоқтаған көлік иесінен жолполдар өз несібесін айырып жатқаны да үйреншікті жайтқа айналған. Одан бөлек, коммуникациялар да тартылмаған. «Шымкент Сити» орнай қалады деген аумақтың қасындағы «Тұран» шағын ауданында е, мектеп, е, балабақша, е, амбулаториялық емхана жоқтың қасы. Қайтпастағы емхана қуықтай бір ғимаратта отыр. Сапырылысқан халық. Пәлен ақшаға веложол салып, белсебет әкелгенше, осындай әлеуметтік мәселелерді шешкені дұрыс еді ғой деп ойлайсың. Сол веложолдың ақшасына бір емхана салуға болар еді ғой. Коммуналдық тарифтердің де бағасы күн санап шарықтап өсіп барады. Қала ішінде жүретін бағыттағы автобустардың тарифін 70 теңгеге көтергенінің себебін, жаңа автобустар алатынымен түсіндіріп еді. Алайда, қаланың автобус паркі әл-әзір жаңара қоймайтын секілді. Қала көшелерінде қара түтіні будақтаған, есігі ашылмайтын, ашылса жабылмайтын, терезелеріне қырау қатқан ескі автобустар өріп жүр.

«Ол тапсырмаңыз ескіріп қалды ғой. Жаңасын берсеңізші» дейтін шымкенттік бір ағамыздың мәтелге айналып кеткен сөзі еске түседі осындайда. Әлде, Әбдірахымовтың қалаға әкім болып тағайындалғанда берген уәдесі ескіріп қалды ма екен? Жаңасын бергенмен, ол да ескіріп қалайын деп тұр-ау, ә?

 

P.S. Соңғы кезде Әбдірақымовты басқа жұмысқа ауысады екен деген сыбыстар желдей есіп тұр. Сол сыбыс тезірек шындыққа айналса екен деп тілейді халық. Өйткені, өтірік уәдеге әбден тойып болдық.

 

М.Абдалиева

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *