Басты бет > Мәдениет > ЭСТОНИЯДА ҚАЗАҚ ӘНДЕРІ ЕЛ ЫҚЫЛАСЫНА БӨЛЕНДІ

ЭСТОНИЯДА ҚАЗАҚ ӘНДЕРІ ЕЛ ЫҚЫЛАСЫНА БӨЛЕНДІ

Эстония Республикасының Таллин қаласында Оңтүстік Қазақстан облысының өнер майталмандары мерекелік концерттік бағдарламамен шетел көрермендерінің қошаметіне бөленді. Қазақстандық делегаттар әз Наурыз мейрамын Таллиндегі Қазақ қауымдастығының ұйымдастыруымен бірге тойлап, концертте Шәмші мен Абайдың әндерін әуелетіп, қазақтың дәстүрлі және классикалық бағыттағы шығармаларын орындаса, күмбірлеген күй де дүйім жұртты баурап, алғыс арқалатты.
Сонымен қатар, ҚР Мәдениет қайраткері, Облыстық опера және балет театрының әншісі Үралхан Сейілбекова мен Ерлан Жандарбай XX ғасырдың әлемге әйгілі опера солисті Георг Отс атындағы “Sõprus -2018” фестивалінің гала-концертіне  қатысып, ән шырқады.

Таллиндегі өкілдердің хабарлауынша, өңіріміздің белгілі әншісі, ҚР Мәдениет қайраткері Үралхан Сейілбекова қазақтың ұлттық киімімен сахнаған шыққан сәтте қазақша ою-өрнекті шапанға сүйсіне соғылған шапалақ өте ұзақ уақытқа тоқтамаған. “Бұлбұл” әнінен кейін халықтың сұранысымен орындалған сценарийден тыс келесі қазақ әні де көпшілікке айрықша көңіл-күй сыйласа, облыстық опера және балет театрының әншісі  Ерлан Жандарбайдың шырқаған итальянша әні көрермен  көңілінен ерекше орын алған.
Айта кетсек, 2018 жылғы 17-24 наурыз күндері Финляндия Республикасының Хельсинки қаласында өтетін «Жұмбақ Жібек жолы» Халықаралық ашық ортаазиялық фестиваліне Қазақстанның атынан қатысу үшін Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі, ҚР Мәдениет қайраткері Абылайхан Оспанов,облыстық опера және балет театрының солистері Ерлан Жандарбай, ҚР Мәдениет қайраткері Үрәлхан Сейілбекова, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әртісі Ұлбала Ермұхаметова, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Мұратбай Нұрмағанбетовтер аттанған болатын.
Күні бүгінге дейін, аталған елдің бірқатар қалаларын аралап концерттік бағдарламалармен жұртшылықты тәнті етіп үлгерген өнерпаздар Швециядағы қазақ ұлттық мəдени орталығының Наурыз мейрамына да қатысты.

М.Сабыр

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.