Басты бет > Хабар > ЭЛЕКТРМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚАЛАЙ ҚОСЫЛУҒА БОЛАДЫ?

ЭЛЕКТРМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚАЛАЙ ҚОСЫЛУҒА БОЛАДЫ?

Шынында да, электрмен жабдықтау жүйесіне қалай қосылуға болады? Қазіргі таңда бұл сұрақ аймақтағы көптеген адамдардың алаңдаушылығы артып, өте өзекті болып тұр. Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу бойынша сұрақтарға жауап беруші «Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша аумақтық департаменті» мемлекеттік мекемесінің Басшысы Шілдерханов Нұрман Адыхамұлы.

– Нұрман Адыхамұлы, электрмен жабдықтау жүйесіне қосылуға байланысты негізгі ережелерін түсіндіріп берсеңіз. Жаңарту қанша тұрады, мысалы техникалық шарт?
Қағидалардың 13 тармағына сәйкес: «Энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым тұтынушыдан өтінім алғаннан кейін төмендегі мерзімде жаңа енгізілген немесе жаңартылған электр қондырғыларын қосуға техникалық шарттар береді:
қуаты 200 килоВатт (бұдан әрі – кВт) дейінгі электр қондырғыларына – 5 жұмыс күнінің ішінде;
қуаты 200 кВт – 1000 кВт аралығындағы электр қондырғыларына – 10 жұмыс күнінің ішінде;
қуаты 1000 кВт жоғары электр қондырғыларына – 15 жұмыс күнінің ішінде».
Салынып жатқан объектілерді электрмен жабдықтау үшін тұтынушыға құрылыс кезінде уақытша техникалық шарттар беріледі.
Техникалық шарттар энергия беруші ұйымның электрлік желілеріне немесе энергия өндіруші ұйымның электр қондырғыларына қосылуға техникалық мүмкіндігі болған жағдайда беріледі.
Техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеу үшін төлем алынбайды.

Жобалау құжаттамасы қандай кезеңде келісіледі?
Қағидалардың 17 тармағында тұтынушыны энергия беруші ұйымның электр желілеріне немесе энергия өндіруші ұйымның электр қондырғыларына жалғауға берілетін техникалық шарттардың мәтініндегі талаптар көрсетіледі.
Электр желілеріне қосылу үшін өтінім берген тұтынушыларға Қағидалардың 17 тармағында көрсетілген талаптарға қосымша талап қою заңсыз екендігін атап өтеміз.
Тұтынушылардың электр қондырғыларының құрылысына, реконструкциясына немесе жаңғыртылуына арналған жобалау құжаттамасы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғанға дейін техникалық шарттарды берген энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйыммен келісіледі.
Электр қондырғыларының жобалық шешімдері берілген техникалық шарттарға сәйкестігі мәніне төмендегі мерзімде келісіледі:
қуаты 200 кВт дейінгі электр қондырғыларына – 3 жұмыс күнінің ішінде;
қуаты 200 кВт – 1000 кВт аралығындағы электр қондырғыларына – 7 жұмыс күнінің ішінде;
қуаты 1000 кВт жоғары электр қондырғыларына – 12 жұмыс күнінің ішінде.

Тұтынушылар электр қуат көзіне қандай мерзімде қосыла алады?
Энергия беруші ұйым тұтынушылардың электр қондырғыларын пайдалануға қосу барысында төмендегі мерзімде кернеу жібереді:
• энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым сырттай қосылу және электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесін пайдалануға беру туралы қорытындымен, тұтынушы электр қондырғыларын қосуға материалдар ұсынғаннан кейінгі 1 (бір) жұмыс күнінің ішінде тексеріп байқайды;
• энергиямен жабдықтаушы ұйым энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымды электрмен жабдықтау шартын жасасу туралы 1 (бір) жұмыс күнінің ішінде хабарлайды;
• энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым электрмен жабдықтау шартына қол қойылған күннен кейінгі 1 (бір) жұмыс күнінің ішінде тұтынушының электр қондырғыларына кернеу жібереді.
Тұтынушыға электр энергиясын қосу және жіберу тек коммерциялық есепке алу жүйесі болған кезде ғана жүзеге асырылады.
Энергиямен жабдықтаушы ұйымның тұтынушымен энергиямен жабдықтау жеке шартын жасасудан бас тартуы үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 172 бабының 6 тармағымен әкімшілік жауаптылық көзделген.

Электр энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға негізгі сұрақтар шағын және орта бизнестерінен келеді.Қандай жаңа енгізулер кәсіпкерлерді қуанта алады?
Қазақстан Республикасында электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу бойынша қазақстандық бизнестің жағдайын жақсартатын маңызды реформалар жүзеге асырылған. Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпанындағы № 143 Электр энергисиясын пайдалану қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес, электрмен жабдықтау желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды беру мерзімі қысқартылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу қажеттігі алынып тасталды.
Енді жобалаушыға сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жұмыстардың басталуы жөнінде электрондық нысанда хабарлама жіберуі жеткілікті. Сонымен қатар, электр желілеріне қосылуға мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау органынан рұқсат алу қажеттігі алынып тасталды. Энергиямен жабдықтаушы ұйыммен электрмен жабдықтауға арналған шартты жасасудың апталық мерзімі үш күнге дейін қысқартылған.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет

Медиаон ақпарат