Басты бет > Қоғам > ЭКСПО-2017 КӨРМЕСІН ТАМАШАЛАУҒА 4 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОҚУШЫ БАРАДЫ

ЭКСПО-2017 КӨРМЕСІН ТАМАШАЛАУҒА 4 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОҚУШЫ БАРАДЫ

Елордамыз Астана қаласында «Болашақ энергиясы» тақырыбында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне Оңтүстік Қазақстан облысынан 3750 оқушы барады.

Өңірдегі әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары мен оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан және білімі мен өнегелі тәрбиесі үшін оқушыларға мемлекет және демеушілер есебінен ЭКСПО-2017 көрмесіне жолдама берілуде.

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының  әкімі Ж.Түймебаев  халықаралық мамандандырылған көрмесіне баратын мектеп оқушыларымен Шымкент қаласындағы «Оқушылар сарайында» арнайы кездесіп, олардың дайындаған көрмесі мен концерттік бағдарламасын тамашалады.

Ең алдымен әкім «ЭКСПО-2017 – Оқушылар көзімен» тақырыбындағы көрмені аралап көріп, «ЭКСПО-2017 – Қазақстанның болашағы» атты салтанатты шараға қатысты.

Тарихи оқиғаның куәсі болғалы отырған оқушыларға сәттілік тілеген аймақ басшысы мұндай мүмкіндіктер, егеменді еліміздің жастарға деген үміті мен қолдауы екенін атап өтті.

«Бұл көрменің сіздер үшін  ұмытылмас әрі пайдалы естелік болатынына және көрмеден алған әсерлеріңіз шығармашылықтарыңыздың шыңдалуы мен болашақта ғылыми жаңалықтардың ашылуына сеп болады деп сенемін. Сіздер Тәуелсіз еліміздің тірегісіздер. Сондықтан да әрбіріңіз Мәңгілік еліміздің беделін асыратын намысты әрі білімді және білікті азамат болып өсіп, елдің мақтанышы болуларыңызға тілектеспін»,-деді облыс әкімі.

Мұнан соң, қонақтар «Болашақ энергиясы» ЭКСПО-2017» тақырыбында оқушылардың қатысуымен өткен флешмобты, «ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі – балалар әлемінде» атты сахналық көріністі тамашалады.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.