Басты бет > Қоғам > Шырақшының шымбайына батқан не нәрсе?

Шырақшының шымбайына батқан не нәрсе?

118
views

немесе киелі жерлерді зиярат ету әдебі туралы не білеміз?

Жуырда редакциямызға Бәйдібек ауданындағы  «Домалақ ана» кесенесінің шырақшысы Сәттігүл Дәулетова қоңырау соққан болатын. Айтуынша, аудандағы маңдай алды басылымның бас редакторы Б. Қалаубаев шырақшы апайдың рұқсатынсыз бүркеншік атпен елуді еңсеріп қалған әйел жайында жөнсіз ақпарат таратқанын жеткізді. Тіпті, шырақшы Сәттігүл апайдың  зиярат етуге келушілерге дөрекілік танытады деген пікірлері де мақала бетінде анық көрсетілген. Әдептен озбауды әдетке айналдырған шырақшының мақсаты өзі туралы жаңсақ пікірлерді біздің басылым арқылы жоққа шығарып, мақала жариялауымызды өтінген болатын.

 «Алғабас» газетінің 2017 жылдың 4 тамыз күнгі № 32 санында жарияланған «Шырақшы деген кім?» деген мақаласында автор Б.Шаяни «Домалақ ана» кесенесінің кіре берісіне хабарландыру іліп қойған. Соның ішінде жалаң бас, шортимен кіруге, суретке түсуге, кино түсіруге, тағы да біраз нәрсені жасауға болмайтындығы жазылған. Тек қазақ тілінде. Ал шет елден келген, бірақ қазақ тілін білмейтін, мұсылманның дәстүрінен хабарсыз туристерді не істейміз? Суретке түсіртпей, шортиын шештіріп, шалбар кигізіп, жалаң бастарына орамал жаптырып қоямыз ба? Мұндағы шырақшы апамыздың шортимен кірмейсің, кет те кеттің астына алып шаптығып тұрғанының куәсі де болдық. Ибалылығы аз, бейәдептеу сөздерін де естуге мәжбүрлендік», — деп жазған екен.

Мақаладан үзіндіні нүкте, үтіріне дейін өзгертпей қаз-қалпында жаздық. «Домалақ ана» кесенесінің мақалада аты аталған шырақшысы Сәттігүл Молдабекқызы Дәулетова бұл пікірлермен келіспейді. Ол кісінің жазылған деректерге қатысты өз айтар уәжі бар.

Мысалы, Меккеде қажылыққа баратындар, тіпті жәй ғана Қағбаға тәу етушілер барған кезде шортимен, қыздары ашық-шашық киіммен бармайды ғой. Христиан дініндегілер де шіркеуге ашық-шашық бармайды. Өздерінің арнайы киімдері бар. Сол секілді бұл жер де киелі жерлердің бірі ғой. Неге ашық-шашық киініп келуі тиіс?

Осы кесенеге аудандық «Алғабас» газетінің бас редакторы Б.Қалаубай да отбасымен келген екен. Ол кісіні танымаймын, бұрын көрген адамым емес. Бір жаққа бара жатып, жолай соғып кетуді жөн көрсе керек. Киелі жерге шортимен келіпті. Ол кісіге киелі жерлерді зиярат етудің әдебі туралы түсіндіріп, ілінген хабарландыруды көрсеткен болатынмын.

Әрине, «Домалақ ана» кесенесіне тәу етіп келушілер көп. Арасында өзге ұлт өкілдері, тіпті өзге дін өкілдері де көптеп кездесетіні рас. Үйлену тойында жастардың қыдыруы кезінде де «Домалақ ана» кесенесіне соқпай өтпейді. Той болғандықтан жастар арасында ішіп алғандар да, ашық-шашық киініп алғандар да болатыны тағы рас. Осы қыдыру салтанатында оғаш қылық көрсететіндердің де табылатыны түсінікті. Осының бәрін бейнетаспаға жазатындары тағы бар. Осындай бейәдепсіздікті көрген өзге ұлт өкілдері маған «Мынадай бассыздыққа қалай жол беріп жүрсіздер? Бұл жер киелі жер емес пе?» деп бір-екі рет ескерткен де. Одан соң Оразкүл Асанғазиева да бір келгенінде осындай үйлену кезіндегі қыдырулардың (гулянка) үстінен түсіп, ондағы жастардың бір-екеуінің қызу екендігін, ауыздарынан боқтық сөздер шыққанын айтып еді. Осыдан кейін газетте айтылған хабарландыруды ілген болатынбыз. Егер мақала авторы назар аударған болса, сол хабарландырудың жоғары жағында «Үйлену тойын жасаушы жастарға!» деп жазулы тұр ғой. Әйтпесе, «Домалақ ана» туралы кез келген бейне фильм түсіру кезінде бұл кесенені айналып өтпейтіні тағы белгілі. Бейнетаспаға, суретке түсіретіндер түсіріп, деректі бейнефильмдер де жарыққа шығып жатыр ғой. Ешқайсына шектеу қойған емеспін.

Мақала жарияланысымен артынша «Алғабас» газетінің редакциясына, бас редакторы Б.Қалаубайға телефон соқтым. Автор мақаласын Б.Шаяни деген лақап атпен (псевдоним) жариялағандықтан, оның кім екенін білмек болдым. Б.Қалаубай ол автордың кім екенін біліп, маған жауабын айтатын болған. Солай келіскенбіз. Алайда, жауап болмағаннан кейін бір күннен соң қайта телефон толғағанымда, Б.Қалаубай: «Не жұмысың бар оның кім екенінде? Ал менмін ол. Не істей аласың?» деген сыңайда жауап беріп дөрекілік танытты. Негізі, менің біреумен дауласайын, дау қуайын деген ойымда да жоқ. Бірақ, газет бетінде мен туралы теріс пікірдегі мақала жарияланған соң, «анық-қанығын оқырмандар білсін» — деген ниетпен өздеріңді шақырған едім» — деп сөзін аяқтады Сәттігүл апа.

Бұл айтылғандарға Б.Қалаубай не дер екен деп ол кісінің ұялы телефонына хабарласқанымызда ешкім жауап бермеді. Егер, бұл айтылғандарға қарсы Б.Қалаубайдың өз айтары болса, біз сайт бетінен орын беруге әзірміз.

 

Малика Абдалиева

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *