Басты бет > Саясат > Шымкент қаласы әкімдігі аппараты облыс әкіміне қандай жобаларды ұсынды?

Шымкент қаласы әкімдігі аппараты облыс әкіміне қандай жобаларды ұсынды?

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының 2017 жылы атқарған жұмыстарының есебімен алда жүзеге асырылатын жобалар бойынша ұсыныстарын тыңдады.

Жиында қала әкімінің орынбасарлары қаладағы сәулет және қала құрылысы, жер мәселелері, бюджеттің орындалуы, білім саласы, спорт, мәдениет және тілдерді дамыту, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру, мемлекеттік ақпараттық саясат туралы баяндама жасады. Ал қала әкімінің аппарат басшысы аймақ басшысы тарапынан берілген хаттамалық тапсырмалардың қай деңгейде орындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы қала әкімдігіне облыс әкімі тарапынан 87 хаттамалық тапсырма беріліп, бүгінде олардың барлығы дерлік орындалып қойған.

Жалпы өткен жылы қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде өсім орын алған. Атап айтсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 411,6 млрд. теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға, ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 3,2 пайызға, негізгі капиталға бағытталған инвестициялар 24,1 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,8 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй 63 пайызға өскен.

Есепті жиында қала әкімінің орынбасарлары өз салалары бойынша 2018 жылы негізгі басымдық берілетін жобалары бойынша айтып өтті.

Атап айтқанда осы жылы қалада қоғамдық көлік саласын дамыту, жол айрықтар мен жол салу, «Цитадель», «Шымкент сити», «Арбат», «Шымкент қауіпсіз қала» және «Ақылды қала» жобаларын жүзеге асыру мен «Шатқалдар» жобасын жүзеге асырып, қаланың жасыл белдеуін қалыптастыру. Сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мектептердің санын арттыру, Қошқар ата өзенінің бойын абаттандыру, «Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы» іс-шарасына дайындалу мен «Наурыз» мерекесін Шымкент қаласының брендіне айналдыру жобасы мен зообақты  заманауи қалыпқа келтіру және қалада кино-концерт залын салу сынды жұмыстар атқарылмақ.

Шымкент қаласы әлі күнге туристік бағытты жандандыруда тиісті рөлге ие бола алмай келетінін айтқан облыс әкімі Шымкент қаласын 2020 жылға дейінгі дамыту жұмыстарын жүйелі түрде атқару қажет екенін атап өтіп, қала басшылығына төмендегідей жұмыстарды жүзеге асыруды тапсырды.

Мәселен, инфрақұрылымды жаңғырту, қауіпсіз қала мен ақылды қала құру, өңірдің туристік мүмкіндіктер кешеніне айналатын жаңа Шымкент брендін жасауды жүктеді. Сонымен қатар әкім қаланың жасыл аймағын ұлғайтып, шаһардың сәулеттік-келбетін ретке келтіруді айтып, тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдарға дер кезінде жауап берілуін назарға алуды ескертті.

Медиаон ақпарат

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.