Басты бет > Саясат > Шымкент қаласы Президент жолдауын талқылады

Шымкент қаласы Президент жолдауын талқылады

Шымкентте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауына байланысты қалалық актив жиналысы өтті.

Оған ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Б.Батаев пен ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Н.Әбдібеков және басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, этно-мәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары және жоғары оқу орындарының басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Аталған шараны қала басшысы Ерлан Айтаханов ашып, Жолдауда көрсетілген 5 бағытты айшықтап айтып берді. Сонымен қатар, әкім белгіленген бағыттарды қалада іске асыру бойынша нақты іс-шаралар мен міндеттер айқындалатынын атап өтті.

Бірінші бағыт бойынша Шымкент қаласы әкімдігіне азаматтардан келіп түскен әр өтініш және жеке қабылдауға келген әр тұрғынның мәселесі қатаң бақылауға алынып, заң аясында нақты шешімін табуы керек екенін айтты. Сондай-ақ, қалада заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтардың тыныштығын бұзбайтын бейбіт акциялар өткізілетін орындар қайта қаралып бекітілетін болады.

Президент Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалатын болады. Аталған бағыт бойынша ағымдағы жылы қалада Әл-Фараби, Еңбекші ауданындағы полиция басқармалары ғимаратында фронт-офистер ашылса, жылдың соңына дейін осындай фронт-офистер Абай және Қаратау аудандарында ашылмақ.

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізу қажеттігін айтты. 2018 жылы Шымкент қаласында жалпы өңірлік өнім  2 трлн.теңгені құрап, 12 пайызға артқан. Осы жоғары деңгейдегі өсім қарқынын сақтап қалу мәселесі көтерілді. Осы жылы Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында  құны   38 млрд. теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылып, 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Жолдау барысында мәдениет қызметкерлерін қолдау шаралары да атап өтілді. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Қазіргі таңда қаладағы мәдениет саласындағы 18 мекемеде 1536 адам жұмыспен қамтылған. Келесі жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы  өсетін болады.
Актив отырысында мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым, қоғамдық ұйым төрағалары жарыс сөзге шығып, Жолдауда жүктелген міндеттерді айтып, өз пікірлерін ортаға салды.

Ерлан Қуанышұлы аудан әкімдері мен қалалық құрылымдардың басшыларына тұрғындар арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізуді жүктеді. Сондай-ақ, Ішкі саясат басқармасына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша кешенді шаралар жоспарын жасауға тапсырма берді.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Мемлекет басшысы Жолдауында атап көрсетілген мәселелерді негізге ала отырып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бар күш-қайратты жұмсауға шақырды.

Медиаон ақпарат