Басты бет > Саясат > Шымкент қаласы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы тағайындалды

Шымкент қаласы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы тағайындалды

Алтыншы шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс қырық бесінші сессиясында қала мәслихатының депутаттары бірқатар шешімдер қабылдады. Депутат Мұхтар Битеміровтың төрағалығымен өткен сессия жиынына қала әкімі Ғ.Әбдірахымов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғ.Ташқараев және әкімдік қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Шымкентте жаңадан Тексеру комиссиясы құрылып, мәслихаттың алдыңғы кезекті 42-сессиясында бұл комиссияның ережесі бекітілген еді. Тексеру комиссиясының төрағасы болып Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы қызметін атқарған Нұржан Нәлібаев тағайындалды.

   

Сонымен қатар, сессияның күн тәртібіне сәйкес Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы Экспорт жөніндегі кеңес құрылып, оның дербес құрамы бекітілді. Бұл кеңес өңірлік деңгейдегі экспортты арттыру және ілгерілету бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында, қаланың экспортын дамытуға тосқауыл жасайтын жергілікті деңгейдегі кедергілерді, шектеулер мен бөгеттерді шешу мақсатында құрылды.

Экспорт жөніндегі өңірлік кеңес төрағасы болып Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімінің орынбасары Данат Жумин Экспорт кеңесі төрағасының орынбасары және кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нүркен Бигулиев кеңес хатшысы болып бекітілді.

Бұл мәселелер алдымен мәслихаттың тұрақты комиссия отырыстарында және «Нұр Отан» партиясының фракциясында қаралған.

Медиаон ақпарат