Басты бет > Саясат > Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халықпен 2019 жылды қорытындылады

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халықпен 2019 жылды қорытындылады

ШЫМКЕНТ: БИЫЛ 12 МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ
Шымкентте өткен 3 жылда бюджет есебінен 12600 орындық 19 мектеп, 535 орындық 2 балабақша салынып, пайдалануға берілген. Мемлекеттік тапсырыс арқылы 8 000 орындық 15 жекеменшік мектеп ашылды. Балабақшамен қамту көрсеткіші 85 пайыздан өткен жылы 99 пайызға жеткен.
Оқушылар саны биылғы оқу жылында 10 мыңға өсті. Мектеп тапшылығын жою мақсатында биылғы жылы бюджет есебінен 7 020 орындық 12 мектептің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 5 700 орындық 7 мектеп пайдалануға беріледі.

ШЫМКЕНТ: ҮШ ЖЫЛДА 42 МЕКТЕП САЛУ ЖОСПАРЛАНҒАН
«Біздің басты байлығымыз – ол балаларымыз. Қазіргі таңда, негізгі ресурстарды білім саласын көтеруге бағыттаудамыз» деді қала әкімі Мұрат Әйтенов өз есебінде.
Қала басшысы алдағы үш жылда 42 мектептің құрылысын жүргізу, 25 мектеп және 8 балабақшаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланғанын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде (ГЧП) 9 800 орындық 10 мектептің құрылысы басталатынын айтып өтті.
Нәтижесінде 19 үш ауысымды мектептің 15-сі, типтік емес 6 мектептің бесеуінің мәселесі шешімін табады деп күтілуде.

ШЫМКЕНТ: СТУДЕНТТЕРГЕ ОҢТАЙЛЫ ОРТА
2019 жылы кәсіптік білім беру саласында бірінші кезекте еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау мақсатында «Химфарм» зауытының негізінде цифрлық инженерлік білім беру орталығы ашылды.
Бұл жерде IT-технологиялар автоматтандырылған метрология және технологиялық процесстерді басқару саласындағы колледждер мен жоғарғы оқу орындарының студенттері тәжірибе алады.
Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында былтыр Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері үшін 550 орындық 2 жатақхана пайдалануға берілді.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДА ҮШ ЖЫЛДА 10 НЫСАН САЛЫНАДЫ
Бұл жөнінде үшінші мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов өз есебінде мәлімдеді. Бұл нысандардың ішінде жеке инвестордың есебінен салынатын 1000 орындық заманауи аурухана да бар.
Бюджет есебінен биыл №2 аурухана, қалалық перзентхана және “Ана мен бала” орталығы күрделі жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа 5,9 млрд.теңге бөлінді.

ШЫМКЕНТТЕ КҮРДЕЛІ АУРУ ТҮРЛЕРІН ЕМДЕЙТІН ЖОБАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ
Ол үшін 33 медицина мекемесіне 1,5 млрд.теңгеге жаңа медициналық құралдар алу жоспарланған.
Сонымен қатар, биыл 1045 медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру үшін Израиль, Германия, Ресей, Литва елдерінің жетекші мамандарымен мастер-класстар өткізіледі.Оның ішінде акушер-гинеколог, дәрігер-реаниматолог, фельдшерлер ең үздік халықаралық тәжірибені қолданудың әдістерімен оқытылады. Алдағы 3 жылда әр жыл сайын 30 пайыздан медицина саласының мамандары өз біліктілігін жетілдіретін болады.

ШЫМКЕНТ: МЕДИЦИНА САЛАСЫНДА АЙТУЛЫ ӨЗГЕРІСТЕР ОРЫН АЛМАҚ
Кардиологиялық орталықты «Ұлттық ғылыми кардио-хирургиялық орталықтың» басқаруына берілу жоспарлануда.
Қатерлі ісік ауруларын емдеу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында позитронды-эмиссиондық томографиясын (ПЭТ) іске қосу жоспарлануда.
Бедеулікті емдеу үшін «Репродуктивті медицина институтының Шымкент қалалық филиалы» ашылады. Бұл өз кезегінде, жыл сайын 500-ден астам азаматтың қаламызда емделуіне мүмкіндік береді.

Биыл 4 аудан аумағында ардагерлерді бейімдеу орталығының филиалдары ашылады.
150 орындық мүгедектерді оңалту орталығын салу жоспарланған.

ШЫМКЕНТТЕ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ 4,9 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕЙДІ
Өткен 3 жылда қаламызда 71 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды.
Алдағы 3 жылда мемлекеттік қолдау шаралары аясында 80 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда (оның 50 мыңнан астамы тұрақты).
Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайыздан 4,9 пайызға төмендету көзделуде.

ШЫМКЕНТ: ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛСІЗ ТОПҚА ҚАМҚОРЛЫҚ АРТАДЫ
Өткен жылы қаладағы 36 мыңнан астам мүгедек жандарға әлеуметтік және инва такси, қоларба, гигиеналық құралдар, курортқа жолдама берілді.
Бұл мақсатқа 2,3 млрд.теңге қаржы бағытталды. Биылғы жылы мүгедектерді әлеуметтік қолдауға 3,4 млрд.теңге қаржы бөлініп отыр.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 млрд. теңгеге көп.

Биыл Жеңістің 75 жылдығына орай Ұлы отан соғысы ардагерлеріне 300 мың теңге көлемінде бір реттік көмек төленеді.
Нұр-Сұлтан және Мәскеу қалаларында өтетін Ұлы жеңістің мерейтойына жолақысы өтеледі.
Өткен жылы аға-буын өкілдерін қолдау үшін «Белсенді, ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Ол жерде зейнеткерлер спортпен шұғылданады. Кітапхана, кинозал, емдеу бөлмелері қызмет көрсетеді.
ШЫМКЕНТТІК ЖАСТАРҒА ҮШ ЖЫЛДА 2700 ПӘТЕР БЕРІЛЕДІ
Шымкентте 264 мыңнан астам жастар бар. Былтыр жұмыс істейтін жастарға 904 пәтер берілді. 2020-2022 жылдары – 2 700 пәтер беру көзделген.

ШЫМКЕНТ: 11 ЖАС КӘСІПКЕРДІҢ ЖОБАСЫНА 120 МЛН. ТЕҢГЕ БЕРІЛДІ
Өткен жылы Шымкентте «Бастау бизнес»жобасы бойынша 165 жас оқып, әрқайсысына 505 мың теңгеден грант берілді.
«Жас кәсіпкер» жобасы бойынша да 505 мың теңгеден 876 жас грант алды.
«Бизнестің жол картасы — 2020» шеңберінде 11 жас кәсіпкердің жобасы 120 млн. теңгеге қаржыландырылды.

ШЫМКЕНТТЕ «ВОЛОНТЕРЛАР МЕКТЕБІ» АШЫЛАДЫ
2020 — «Волонтерлар жылына» орай Шымкентте ауқымды іс-шаралар жоспарланған. Бүгін есепті жиналысында қала әкімі Мұрат Әйтенов Волонтерлар жылын ұйымдастыру үшін «Волонтерлар мектебі» ашылатынын атап өтті.
Ол жерде «Біргеміз» жалпы ұлттық жобасы; балалар үйі тәрбиеленушілеріне «Тәлімгер» жобасы; «Шымкент-қайырымды қала» жобасы ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.

МҰРАТ ӘЙТЕНОВ: «БИЫЛҒЫ ІС-ШАРАЛАР ҚАЛАМЫЗДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЕДЕЛІН ӨСІРЕДІ»
Биыл Шымкент — ТМД елдерінің мәдени астанасы. Қала әкімі Мұрат Әйтенов бұл Шымкенттің халықаралық аренада танылуға алғашқы қадамы екенін атап өтті.
Шымкент қаласының ЮНЕСКО-мен бекітілген 2200 жылдық мерейтойына, Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларына, Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай мерекелік іс-шаралар өтетінін мәлімдеді.
Ескі қала – Цитадельдегі құрылыс аяқталып, биыл пайдалануға берілетіні де айтылды.

Мұрат Әйтенов: «Баршаңызды ортақ үйімізді көркейту үшін «ең таза, ең жасыл қала» бастамасын қолдайды деген ойдамын.
Мен әрбір қала тұрғынын өз ауласын таза ұстауға, ағаш егуге, қоғамдық орындарда мәдениетті болуға, сенбілікке белсенді қатысуға шақырамын».

ШЫМКЕНТ: 2020 ЖЫЛЫ 3 САЯБАҚТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
Олар: Әкімшілік-іскерлік орталығы, №1 автожол бойында және «Қасірет» мемориалының жанында.
Ташкент, Түркістан және Бозарық бағыттарындағы қалаға кіре беріс жолдардың бойы абаттандырылады.
Одан бөлек, 4 аудан әкімдеріне тұрғындарды толғандыратын мәселелерді шешуге биылғы жылы біршама қаржылай мүмкіндіктер берілді.
Әр ауданға 1 млрд.теңгеден қаржы бөлініп, көпқабатты тұрғын үй аулаларында 143 ойын және 79 спорт алаңшалары жөнделеді. Шет аудандардағы 39 көше жарықтандырылады.
Бұл жөнінде Үшінші мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов есепті кездесу барысында мәлімдеді.

Өткен жылы әкімнің халықпен кездесуінде түскен 217 сұрақ пен ұсыныстың 186-сы оңды шешімін тапқан.
Қалған 31 сауал бақылауға алынып, қаланың даму жоспарына енгізілген. Жүйелі жұмыс жүргізу үшін қаланың 3 жылдық жоспары дайындалып, бекітілген.
«Алдымызда үлкен жоспарлар бар. Оның барлығы қолдан келетін шаруа. Тек бірлік керек. Ортақ қаламыз үшін бірігіп еңбек етуіміз қажет» деп Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов есепті баяндамасын қорытындылады.

Медиаон ақпарат