Басты бет > Саясат > Шымкент қаласының әкімі бірқатар басқарма басшыларының баяндамасын тыңдады

Шымкент қаласының әкімі бірқатар басқарма басшыларының баяндамасын тыңдады

    Бұл жөнінде бүгін әкім аппаратының мәжілісінде Шымкент қаласы бюджетінің атқарылуы туралы баяндаған қаржы басқармасының басшысы К.Жанбосынов мәлім етті.
Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысымен мемлекеттік бюджетке түсетін түсім 157 млрд. 604,9 млн. теңге көлемінде жоспарланса, нақты түсім 168 млрд. 611,7 млн. теңгені құрап, жоспар 106,9 пайызға орындалған.
«Оның ішінде 2018 жылы республикалық бюджетке 96 млрд. 450 млн. теңге түсіп, жоспар 107,6 пайызға орындалды. Сонымен қатар, қала бюджетінің кіріс бөлігі 106,1 пайызға орындалып, нақты түсім 72 млрд. 161,7 млн. теңгені құрады немесе 4 млрд. 153,5 млн. теңге бюджетке артық түсті»,-деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, басқарма басшысы шығыс бюджетінің қаражаттары есепті кезеңге 99,9 пайызға игерілгенін айтып өтті.
Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайы түсіндірілді.
Алдағы жылдары қаланың даму жолында жұмыс атқарылатынын айтқан қала басшысы бөлінген мемлекет қаражатының тиісті деңгейде орындалуын жіті назарда ұстауды сала жетекшілеріне тапсырды.

 

Шымкентте 439,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Шымкент қаласында өткен жылы жалпы алаңы 439,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал қалада жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 2 есеге артқан. Бұл туралы қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен жиында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Р.Мулкеманов мәлім етті.
Шымкент қаласының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындысы туралы баяндаған басқарма басшысы қаланың макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсім бар екенін жеткізді.
«Өнеркәсіп өнімінің көлемі 476 млрд. теңге болып, 2017 жылға өсімі 104,5 % құрап, жоспар орындалды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінің өсімі 104,9% құрап, жоспарға қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылға 100,3% құрады. Қалаға бағытталған инвестиция көлемі 2017 жылдан 2,5 есеге артып, жоспар асыра орындалды»,-деді Р.Мулкеманов.

Шымкентте бір жылда 6,5 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілген

Шымкент қаласында өткен жылы тұрғындарға 6,5 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 4,9 миллионы электронды түрде көрсетілген,- деп мәлімдеді ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының м.а А.Юсупова.
Оның айтуынша, Шымкент қаласының әкімдігімен 191 мемлекеттік қызмет ұсынылады. Оның 94-і электронды нысанда, ал 69-ы Мемлекеттік корпорация арқылы алу мүмкіндігі бар.
«Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру бойынша ведомоствоаралық комиссия отырыстары өткізіледі. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін 191 мемлекеттік қызметтің 152-ін автоматтандыру және оңтайландыру жоспарлануда. Осы мақсатта орталық мемлекеттік органдармен 144 Жол карталары әзірленіп, келісімделуде. Сонымен бірге, халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Есептік жылы 3500 адам оқытылу жоспарланып, 4406 қала тұрғыны 4 бағыт бойынша оқытылды»,-деді А.Юсупова.

Медиаон ақпарат