Басты бет > Саясат > Шымкент қаласының әкімдігі, «Қазпошта» және «Shymkent» ӘКК» АҚ арасында меморандум түзілді

Шымкент қаласының әкімдігі, «Қазпошта» және «Shymkent» ӘКК» АҚ арасында меморандум түзілді

Үшінші мегаполисте электронды коммерцияны дамыту қолға алынды. Жобаны жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі мен «Қазпошта» АҚ және «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арасында үш жақты ынтымақтастық меморандумы түзілді.

Меморандум аясында Шымкентте алғашқы электрондық коммерция орталығы ашылады. Бұл жұмыстар қала әкімдігінің жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының негізінде атқарылмақ.

   

Жоспар бойынша қаладағы электронды коммерцияны дамытуға ерекше назар аударылған. Соның біріі ретінде Шымкенттегі интернет-дүкендерінің тауарларын Қазақстан мен Өзбекстан бойынша жеткізу шығындарын өтеу көзделіп отыр. Меморандумға сәйкес бұл тауарларды жеткізу «Қазпошта» АҚ арқылы жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Шымкентте бизнеске бір терезе қағидатымен бірыңғай қызмет көрсету супермаркетін ашу қарастырылған. Ол «Бизнес супермаркеті» аумағында «Қазпоштамен» бірге қаладағы алғашқы электрондық коммерция орталығы құрылады. Онда е-commerce саласында өз ісін ашатын кәсіпкерлер тегін оқылады және меншікті сауда интернет-алаңдарын әзірлеуде, халықаралық сауданы жүзеге асыруда әдістемелік көмек ала алады.

Медиаон ақпарат