Басты бет > Білім > Шымкент қаласының ассамблея мүшелері 140 оқушыға сыйлық берді

Шымкент қаласының ассамблея мүшелері 140 оқушыға сыйлық берді

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған, көпбалалы отбасының балаларына қолдау көрсетуді жалғастырып жатыр. Бұған дейін қаладағы этномәдени бірлестіктер 110 баланы қуантса, ҚР Конституциясы күні қарсаңында тағы 30 оқушыға мектепке қажетті керек-жарақтар, киім-кешектер тапсырады.

Бүгінгі қайырымдылық шара Қазақстан халқы Ассамблеясының Ұлы Дала елінің дәстүрлеріне негізделген «Қайырымдылық керуені» жобасы аясында «Жылу» тақырыбымен өтті.

Іс-шарада қалалық Қазақстан қалқы Ассамбмлеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов сөз сөйлеп, балаларды алдағы жаңа оқу жылымен құттықтады. Сонымен қатар, қаладағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары да бүлдіршіндерге табыс тілеп, ыстық лебіздерін білдірді.

– Сіздер – тәуелсіз еліміздің болашағысыздар. Сондықтан, аға буын өкілдері өздеріңізге үлкен сенім артады. Елімізде жеткіншектердің сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін қажетті жағдай жасалуда. Өсіп келе жатқан ұрпаққа жан-жақты қолдау көрсету Қазақстан халқы Ассамблеясының ең басты міндеттерінің бірі, – деді Шымкент қалалық ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Гузаль Темирова.
Айта кету керек, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы қалалық этномәдени бірлестіктерді ұйымдастыра отырып, ай сайынғы қайырымдылық акцияларын өткізіп келеді.
Күнтізбелік жобаға сәйкес, қаңтарда әскерге қабылданған сарбаздарға ұлттық дәстүрмен «Сарқыт» берілсе, ақпанда «Сыбаға» аясында азық-түлік себеттері ардагерлерге, көпбалалы аналарға, жас отбасыларға үлестірілді.

Наурыздағы «Шашу» аясында 10 бала сүндеттелді. Сәуірдегі «Асар» аясында көпбалалы ананың үйі жөндеуден өтті. Мамырдағы «Қамқор» бойынша 8 ардагерге сый-құрмет көрсетілді.
Маусымдағы «Тоқымқағар» бойынша 150 балаға сыйлықтар табысталды. Шілдедегі «Ерулік» аясында қаламызға қоныстанған жас отбасыға қазақ дәстүрінің қонақжайлығы көрсетілді.
Осы жоба бойынша бүгінгі күнге дейін ассамблея тарапынан барлығы 5 млн. теңгенің көмегі көрсетілді.

Медиаон ақпарат