Басты бет > Мәдениет > Шымкент қаласында Медиация күніне орай ашық есік күні өтті

Шымкент қаласында Медиация күніне орай ашық есік күні өтті

5 тамыз – Медиация күні. Осыған орай, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Медиация кабинеттерінің ашық есік күні» акциясын өткізді. Іс-шара аясында кәсіби және қоғамдық медиаторлар 20-дан астам қала тұрғындарына медиация қызметі бойынша тегін кеңес беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Осы күні қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Медиация – қоғамдық келісімнің озық үлгісі» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті.
Жиынға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының қызметкерлері, қалалық соттың судялары, қалалық адвокаттар алқасының, заңгерлер палатасының, нотариаттық палатасының, кәсіподақтар орталығының жетекшілері, аудан әкімдіктерінің медиация саласына жауапты мамандары мен кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты.
Мәжілісті Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов ашып, кіріспе сөз сөйлейді.
Сондай-ақ, жиында ҚР Кәсіподақтар федерациясы Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Серік Әуесхановтың, Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының судьясы Ләззат Әуелбекованың, «Қоғамдық келісім» мекемесінің медиатор-сарапшысы, кәсіби медиатор Дана Кенжеқұлованың, «Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілерінің қауымдастығы» Заңды тұлғалар бірлестігі Шымкент қаласындағы өкілі Венера Жүсіпованың хабарламалары тыңдалды.
Жанжалдардың алдын алу және оларды шешу, халықтың құқықтық мәдениетін нығайту үшін медиаторлар желісін дамыту аясында қалалық ассамблея өңірдегі бірқатар құрылымдармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Қалалық ассамблеяның бастамасымен «Мектеп медиациясы» жобасы қолға алынып, 157 педагог-психолог мамандар медиация курсынан өткізілді. 51 кәсіби емес медиаторлардың біліктілігін арттыру бағытында 5 оқу семинарлары ұйымдастырылған. Медиация кабинетінің және қаладағы медиаторлардың ықпалымен 150-ге тарта дауға нүкте қойылып, дауласушы тараптар арасында ортақ келісім жасалды.
Жиынды қорытындылаған Шымкент қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов алдағы уақытта «Жас медиаторлар клубын» құру, әлеуметтік салаға жататын бюджеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардың кәсіподақ ұйымдарында медиация кабинеттерін ашу, отандық бизнес құрылымдардың құқығын қорғау бағытында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе «Бизнес-медиатор» жобасын іске асыру қажеттігін айтты.

Медиаон ақпарат