Басты бет > Саясат > Шымкент: ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығы жұмыс сапарын қорытындылады

Шымкент: ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығы жұмыс сапарын қорытындылады

«ШЫМКЕНТ – АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ПОЛИЦЕЙЛЕРМЕН КЕЗДЕСУ өтіп, ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығы Шымкенттегі жұмыс сапарын қорытындылады.

Арнайы іссапар соңында полиция полковнигі Айдар Сайтбеков Шымкент қаласы Полиция департаментінің Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының жеке құрамымен кездесті.

Онда «Шымкент – Адалдық алаңы» жобасының басшысы Ерасыл Төлебаев және ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, танымал заңгер, блогер Айгүл Орынбек қатысып, полиция қызметкерлері мен халық арасындағы кері байланысты орнатудың маңыздылығы туралы сөз қозғалды.

ҚР ІІМ Кадр саясаты департаментінің бастығы полиция полковнигі Айдар Сайтбеков өз сөзінде: «Полиция қызметкері болу – бұл тәулік бойы жұмыс істеуге және қателесуге құқығы жоқ үлкен жауапты жұмыс! Сондықтан, менің ойымша, әрбір полиция қызметкері патриотизм қасиетіне ие болуы тиіс екенін атап өткім келеді! Бұл өте маңызды, өйткені қызметкер антты қабылдай отырып, ол біздің азаматтарымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігіне жеке жауап беретін адам екенін анық көрсетуі тиіс! Біз Қазақстан халқына кейде тіпті ең қымбат өз өміріміздің бағасымен қызмет етуге міндеттіміз!» деп атап өтті.

Қорытындылай келе Кадр саясаты департаментінің бастығы Шымкент қаласының Полиция департаменті қызметкерлерімен атқарылып жатқан жұмыстарына оң бағасын беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Алдағы уақытта осындай игі кездесулер жалғаспақ.

Медиаон ақпарат