Басты бет > Саясат > Шымкент пен Ташкент бірге дамымақ!

Шымкент пен Ташкент бірге дамымақ!

Шымкентте алғаш рет өтіп жатқан Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық ынтымақтастығының алғашқы форумында бірқатар келісімдер жасалды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин және Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов әріптестікті дамыту бойынша меморандумға қол қойды. Пленарлық отырыста екі елдің облыс және қала әкімдері де бірлесе меморандум түзді.

Жалпы, 2018 жыл – Қазақстандағы Өзбекстан жылы табысты аяқталуға жақын. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Ұзақбайұлы осыған тоқталды.

– 2018 жыл әріптестікті дамыту іс-шараларымен есте қалып отыр. Қазақстандағы Өзбекстан жылы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға көп үлес қосты. Бұл мақсатта көптеген іс-шаралар өтті. 9 айда сауда тауар айналымының көлемі 2 млрд АҚШ долларынан асты. Яғни, 40 пайызға ұлғайып отыр. Бұл көрсеткішті одан әрі көбейтуді көздеп отырмыз. Міне, ең алғашқы форум да Шымкентте өтіп жатыр. Қаланың республикалық мәртебе алуы бұл бастамаларды одан әрі нығайтуға жаңа серпіліс береді деп ойлаймын. Жалпы, түзілген меморандум экономиканың түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосады деп сенеміз. Екі елдің Үкіметі тауар айналымды келесі жылға 5 млрд АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр, – деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.

Өңіраралық форумның маңызы – сауданың рөлін күшейту, экономикалық әріптестікті, сауда қатынастарын аймақтар арасында дамытуға серпін беру. Қазақстан мен Өзбекстан Орта Азиядағы экономиканы дамытудың локомотивіне айналуы тиіс. Түрлі идеялдар мен жобалардың талқылануы, келісімдер жасауы – бұл екі елдің экономикасына зор серпін береді.

   

Сондай-ақ, ендігі ретте көлік дәліздерін, инфрақұрылымды және цифрлық технологияларды бірлесе дамыту жоспарлануда. Өз кезегінде көрші елдің Үкімет басшысының бірініші орынбасары бұл пікірді толық қуаттады. Форум қазақ-өзбек мәдениетін одан әрі нығайта беретінін атап өтті.

– Өзбекстан Үкіметінің атынан зор алғысымды білдіремін. Бұл форум тек қана сауда-экономикалық қатынастарды, өнеркәсіп индустриясын дамыту ғана емес, екі елдің туыстық-қарым қатынастарын, мәдени-рухани байланыстарды да арттырады. Қазақстан – біздің басты стратегиялық серіктесіміз. Біздің достық қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Бір жылдың ішінде біздің еліміз экономиканың түрлі салаларында жетістікке жетті. 2018 жылы тауар айналымы өсті. Әлі де жыл соңына дейін 3 млрд долларға жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл – нақты меже. Бұған дейінгі өткен бизнес-форум да өз жемісін берді, – деді А.Раматов.

   

Бұл ретте Шымкент пен Ташкент қалалары бірлесе дамымақ. Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов та алғашқы форумның Шымкентте өтіп жатқанына алғысын айтып, көршілес қос мегаполис қаланың бірлесе дамитынына сенім білдірді.

– Алғашқы форумның Шымкентте өтіп жатқаны – біз үшін үлкен мәртебе. 15 наурызда Астана қаласынан басталған Қазақстандағы Өзбекстан жылы көптеген іс-шараларға ұйытқы болды. Елбасы атап өткендей, Өзбекстан біздің басты стратегиялық әріптес елдердің бірі. Басты келісім – ол екі елдің достығы және стратегиялық әріптестігі. Шымкент пен Ташкент бірлесе дами бермек. Ең бастысы, екі мегаполис қаланың арасы бар-жоғы 100 шақырымнан сәл асады. Бұл бізге бірлесе дамуға зор мүмкіндік береді, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Сондай-ақ, екі елдің әріптестігі аясында Шымкент пен Ташкент арасындағы туризм де дами түспек.

Жиын соңында А.Мамин мен А.Раматов ынтымақтастықты дамыту бойынша меморандумға қол қойды. Шымкент қаласы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов пен Жызақ облысының әкімі Ергаш Солиев те әріптестікті дамыту бойынша меморандум түзді.

Айта кетейік, өңіраралық алғашқы форум барысында екі тараптың ауыл шаруашылығы техникалары, өнеркәсіп, жеңіл және тағам өнеркәсібі, құрылыс, жиһаз өндірісінің көрмесі өтті. Көпшілік назарына асыл тұқымды шаруашылық, тоқыма бұйымдары, фармацевтика өнімдері ұсынылды.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.