Басты бет > Саясат > ШЫМКЕНТ: ЖҮК КӨЛІКТЕРІНІҢ ҚОЗҒАЛЫСЫНА БІРҚАТАР ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ

ШЫМКЕНТ: ЖҮК КӨЛІКТЕРІНІҢ ҚОЗҒАЛЫСЫНА БІРҚАТАР ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ

Бүгін Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары А.Тұрхановтың қатысуымен қаладағы ауыр жүк көліктерінің жұмысын оңтайландыру жөнінде брифинг өтті.

Брифинг барысында Абай Әбдіманапұлы Шымкент қаласының орталық көшелерінде көлік қозғалысын оңтайландыру, кептелістерді болдырмау, жол-көлік оқиғаларын алдын алу және асфальт қабатының бұзылмауын қамтамасыз ету үшін жүк көліктерінің жүрісін шектеу мақсатында өзгерістер енгізілгенін айтты.

– Қала әкімі М.Әйтеновтің тапсырмасымен қала ішінде құрылыс нысандары, зауыт, фабрика, қоймалар, өндірістік нысандардың шоғырлануына орай құрылыс заттары мен тауарларды тасымалдауға жағдай жасау мақсатында жүк көліктерінің қозғалысына бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұған дейін Т.Рысқұлов, Әл-Фараби көшелері, Темірлан тас жолы, С.Қожанов, Мәделі қожа, Жібек жолы, Ұ.Арғынбеков, атауы жоқ көше (Ұ.Арғынбеков көшесі мен Н.Назарбаев даңғылын қосатын), Сыпырған ата және Т.Өтегенов көшелері көшелерінде үлкен жүк көліктері жүрген болса, бүгінде ол көшелерге шектеу қойылды. Ендігі кезекте салмағы 5 тоннадан аспайтын жүк көліктері ғана жүре алады. Аталған көшелердің сызбасы Шымкент қаласы әкімдігі және қалалық Ішкі істер департаменті қызметкерлерімен бірге келісілген. Яғни, 1 шілдеден бастап көрсетілген сызба бойынша жүк көліктері қатынауы тиіс. Осы орайда қала ішінде жол жөндеу бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқандықтан сұрақтар туындауы мүмкін. Бірақ бұл жөнінде арнайы механизм қарастырылған. Бұдан бөлек айта кететін жайт, сызбада көрсетілгендей қызылмен белгіленген сызба бойынша 13 тонна жүк көліктері, ал жасылмен белгіленген сызбада салмағы 5 тоннадан аспайтын жүк көліктері қатынайды», – деді басқарма басшысының орынбасары.

Брифингте белгілі болғандай, ауыр жүк көліктері Түркістан, Темірлан, А-2 «Алматы – Ташкент – Термез», КХ-37, Ташкент тас жолы, Бөгет, Баян батыр, Қамысты, И.Тайманұлы, Қапал батыр, Сайрам, Желтоқсан, Кутузов, Момынов, Жібек жолы, Алматы тас жолы (кіші айналма жол), Қ.Төлеметов және Ынтымақ көшелері КХ-82, КХ-83, №1 автомобиль жолдары арқылы жүргізілмек.

Сонымен қатар, «Қорғасын» және «Меланж» зауыттары аумағында фабрика, зауыт, өндірістік нысандар, қоймалар көп орналасқандықтан тауар, шикізат жеткізу мақсатында Ю.Гагарин, Б.Алпысбаев, Шаумян, Сеченов, Н.Исмаилов, Рашидов, Володар, І.Жансүгіров, Анаров, Ақназар хан, Сайрам көшелерімен үлкен салмақты жүк көліктерінің және орта-кіші жүк көліктерінің жүрісіне жағдай жасалынбақ (сызбаға сәйкес). Одан бөлек, қала аумағында құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруіне байланысты құрылыс жүргізіп жатқан мекемелердің ұсыныстары мен сұраныстарын ескере отырып, нысандарға құрылыс заттарын жеткізу мүмкіндігін қарастыру үшін қала әкімдігі және әкімшілік полиция басқармасымен жүру көшелерін анықтап, көліктердің жүру сызбасы жасалады.

Бұл ретте Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары А.Тұрханов қоғамдық көлік иелері коронавирусқа байланысты карантин режиміне орай енгізілген шектеу шараларын бұзса, оларға әкімшілік айыппұл салынатынын ескертті.

Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы