Басты бет > Саясат > Шымкент: Еңбекші ауданының әкімі есеп берді

Шымкент: Еңбекші ауданының әкімі есеп берді

Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов 2018 жылы атқарылған жұмыстар бойынша тұрғындар алдында есеп берді. Аудан тұрғындарын, негізінен, коммуналды шаруашылық және инфрақұрылым мәселелері толғандырады. Алғашқы есептік кездесуде тұрғындар уәждерін айтып, ұсыныстар, талап-тілектерін жеткізді.

Аудан әкімі өткен жылы аяқталған негізгі жұмыстардан хабардар ретті. Аудан аумағындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында жұмыстар қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың 2018-2020 жылдарға арнап бекіткен іс-шара жоспарына сәйкес жүргізілген. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында көптеген жұмыстар атқарылған. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де жетерлік. Жарыссөзге шыққан тұрғындар да осыған назар аударды.   

Мәселен, «Жұлдыз» тұрғын алабының көше комитетінің төрайымы Гүлпар Іргебаева орталықтандырылған кәріз жүйесін жөндеу мәселесі шешілсе дейді. аяқжолдарды жөндеу, көпірді ретке келтіру, кәріз жүйелерін жаңарту, жарықтандыру мәселесін қозғады. Жалпы, аудан тұрғындарын инженерлік жүйелерді реттеу, инфрақұрылымды дамыту мәселелері толғандырады.

Есептік жиында аудан әкімі Ғ. Ильясов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және коммуналды шаруашылық, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының өкілдері тұрғындар сауалдарына толықққанды жауап берді. Ғалымжан Молдабайұлы айтылған мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін нықтап атап өтті.

Ауданда 2018 жылы бюджет есебінен 3 кезеңмен қаржы бөлініп, 20 көшенің 17 шақырымына орташа жөндеу, 15,2 шақырым құрайтын 12 көшеге аяқ жол салу жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар 51,6 шақырым құрайтын 37 көшеге шағал тас төсеу үшін қалалық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасына ұсыныс беріліп, 23,7 шақырымға шағал тас төселді.

   

2017 жылы жарықтандыру жұмыстары басталған 6 көшеде (Еламан, Сайрам шағынауданы, № 65 мектеп жолы, Жолан батыр,  Шапағат шағынауданы, С. Әлібекұлы, Қ. Садықұлы, К. Цеткин көшелері) құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосу үшін «Оңтүстік ЖарықТранзит» ЖШС-мен келісім-шартқа тұру жұмыстары жүргізілуде.

Қарабастау тұрғын алабындағы №99 мектепке қосымша 300 орындық ғимарат құрылысына 671,6 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын мердігер «Жаңа арна 2002» ЖШС жүргізіп, пайдалануға берілді. Шаңырақ шағынауданына 600 орындық мектептің құрылысына 922,2 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын мердігер «НТР» ЖШС жүргізуде. Аяқталу мерзімі – 2019 жыл.

2017-2018 жылдары аудан тұрғындарын сапалы инженерлік жүйелермен қамтамасыз ету мақсатында аудан бойынша халық саны және инженерлік жүйелермен қамтамасыз етуді қажет ететін үй саны белгіленіп, сызбасымен қалалық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасына, сонымен қатар жолаушылар көлігі жән автомобиль жолдары басқармасына шағал тас, асфальт төсеуді қажет ететін көшелердің тізімі мен ұзындығы көрсетілген мәліметтер ұсынылған.

Медиаон ақпарат