Басты бет > Жастар > Шымкент: «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында “Шабыт шеруі” өтеді

Шымкент: «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында “Шабыт шеруі” өтеді

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай балалар мен жастардың қатысуымен республика көлемінде «Шабыт шеруі» атты жас музыканттардың шеруі 2017 жылдан бері дәстүрлі ұйымдастырылып келеді.
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, рухани-адамгершілік, эстетикалық, патриоттық тәрбие беру, балалар мен жастардың орындаушылық шығармашылығын қолдау мақсатында музыкалық оркестрлердің үшінші шеруі биыл барлық өңірлерде, соның ішінде Шымкент қаласында да өз жалғасын тапты.
2019 жылғы 1 маусымда Шымкент қаласының орталық Әл Фараби алаңында балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің «Шабыт шеруі» мерекелік іс-шарасына қамтылған 10 мыңнан астам мектеп оқушылары мен коллежд студенттері сап түзеп тұрды. Шараға Шымкент қаласының барлық мектептері оқушылары мен колледж студенттері белсене қатысты.
Төрт блоктан тұратын шеруді қалалық мектептен тыс мекемелердің өнерпаздары – Оқушылар сарайының барабаншылар тобы, №2 балалар саз мектебінің домбырашылар ансамбльдері, Саз колледжінің үрмелі және ұлт аспаптар оркестрі, Өнер мектебінің би ұжымдары, №1 балалар саз мектебінің хор ұжымы бастап жүрді. Екінші блокта №3 эстетикалық-саз мектебінің «Домбыра» класының оқушылары, №4 саз мектебінің өзбек ұлттық аспаптары, көркемсурет мектебінің жас суретшілері, Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығының жас спортшылары, Экология орталығының үйірмешілері сап түзеді. Келесі блокты қаланың 131 мектебінің жас өнерпаздары – мектеп оқушыларынан құралған шеру жалғастырды. Соңғы блок – колледж студенттерінің шеруінде – Өнер және дизайн колледжі, №2Индустриалды-құрылыс колледжі, №3 индустриалды-техникалық колледжі, №4 колледж, №5 Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі, Аграрлық колледжі, Политехникалық колледжі және Жол-көлік колледжінің студенттері өз мамандықтарына сай киім үлгісімен шеруді қорытындылады.
Әр білім ошағының балалары мен жастары шеруде жүріп өткен кезде сол мекеменің жетістіктері айтылды.
Бұл күні барабаншылар тобы, үрмелі аспаптар оркестрі мен ансамбльдер, мажореткалар, черлидерлер, хор және би ұжымдары жүріп өтті. Қызықты репертуар, музыкалық аспаптардың әртүрлілігі, шығармалардың түпнұсқалығы, бірнеше түрдегі музыкалық қызметтің бірігуі – сазды-театрландырылған шеру мерекелік қалып тудырып, әсерлі тыныс берді. Шеру соңы мерекелік концерттік бағдарламаға жалғасты.
Республика даңлынан басталған шеру Б.Момышұлы көшесі мен Әл-Фараби алаңы арқылы Айбергенов көшесіне дейін жалғасады.