Басты бет > Қоғам > Шымкент — Астанаға жан-жануарларды сыйға тартты!

Шымкент — Астанаға жан-жануарларды сыйға тартты!

17
views

Астананың 20 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Шымкент зообағы» 20 аңды тарту етті деп хабарлайды өңірдегі облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында «Астананың 20 жылдығына — 20 нысан» акциясы аясында Шымкент зообағының «Африка» зоологиялық аймағы пайдалануға берілді. Салтанатты жиынға арнайы қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы шарамен құттықтап, жаңадан ашылған нысанды аралап көрді.

Аймақ басшысы бұл жаңалық жуырда ғана миллионды қала атанған шаһар үшін үлкен сый болғанын жеткізді.

«Елімізде жалпы 3 зоосаябақ болса, соның бірі біздің облыста орналасқан. Осы нысанды жаңғырту мақсатында былтыр зообақта қайта құру жұмыстары басталған болатын. Мердігерлер өзіне тапсырылған міндетті орындап, жұмысты жоспар бойынша аяқтап отыр. Біздің бақтың өзге зообақтардан ерекшелігі қайта құрудан соң пайдалануға берілген «Африка» контингентіндегі павильондар ашық табиғи ортаға бейімделген. Мереке немесе демалыс күндерінде зообаққа келетін тұрғындар саны аз емес. Енді бүгінгі «Африка» аймағы ашылған соң қыдырушылар саны бұрынғыдан да көбейеді деп сенеміз!», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, өңір басшысы Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығына Шымкент қаласының миллион тұрғындары атынан Астана қаласына жануардың 20 түрін сыйға тартатынын атап өтті.
Елордаға Шымкенттен арыстан, Амур жолбарысы, пума, қоңыр аю секілді жыртқыштар мен кезқұйрық, тілеміш, тазқара, үкі құстары және басқа да жануарлар тарту етілмек.

Жалпы «Африка» зоологиялық аймақтық құрылыс жұмысы өткен жылдың сәуір айында басталған. Жобаның құны 627 114 мың теңгені құрайды.
Айта кетейік, Шымкент зообағы 1980 жылы құрылған. Зообақтың мақсаты — сирек кездесетін және жойылып жатқан жан-жануарларды сақтап, оларды көбейту. Құрылған кезде зообақта 75 түрлі аң болса, бүгінде 249 түрлі 2 565 жануарға жеткен.

Сондай-ақ, мұнда жыл сайын келушілер саны да артып келеді. Мәселен, 2017 жылы келушілер саны 426 мыңға жетсе, осы жылдың 3 айында 60 мыңнан астам адам келген. Зообақтың жалпы аумағы 29 гектарды құрайды. Оның 19 гектары түрлі экспозицияға арналған. Шымкент зообағы ЕАРАЗА-ның мүшесі (Еуразиялық аквариумдер мен зообақтар ассосациясы).

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *