Басты бет > Мәдениет > ШЫМКЕНТ: АБАЙ АТЫНДАҒЫ КІТАПХАНАДА COWORKING ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ШЫМКЕНТ: АБАЙ АТЫНДАҒЫ КІТАПХАНАДА COWORKING ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Шымкент қаласында «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесі 4-11 қыркүйек аралығында қала көлемінде апта бойы тойланады.
Арнайы мерекелік іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы апталық аясында Абай атындағы орталық кітапханада «Нұр Отан» партиясының қолдауымен жаңа заманауи Bilim ortalygy ашылды. Бұл орталық әрі кітапхананың 65 жылдық мерейтойына орай пайдалануға берілді.
Жаңа заманауи орталықтың ашылуына «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбаев қатысып, тұсауын кесті.
-Қоғам күн санап емес, сағат санап өзгеріп жатыр. Санамыз да өзгеріске түсуде. Жаңару мәселесі барлық салада – өте өзекті. Кітапхана ішінен Bilim ortalygy-ның ашылуын да жаңаруға қадам басу деп қабылдау керек. Бұл жерден оқырман кітаптың баспадан шыққанын да, электронды түрін де оқи алады. Қажет десе, интернеті де бар, тегін. Кітап оқимын деген оқырманға барынша барлық ыңғайлы жағдайды қарастырдық. Абай саябағының маңынан орын тепкен Абай атындағы кітапханаға келіп, кітап оқымау ұят деп есептейміз. Оның үстіне Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойламақпыз. Мұның өзінің үлкен символикалық мәні бар, – деді Б.Мәдәліұлы.
Айта кетсек, Шымкентте мұндай орталық осымен үшінші кітапханада ашылып отыр. Кітапхана әдіскері Гүлжан Садық: «Бұл орталықтың мақсаты – жастарға мәдени-тынығу жұмысын ұйымдастыра отырып, білімін шыңдау, әдебиетке деген көзқарасын қалыптастыру, жаңа заманауи жаңалықтармен дер кезінде таныстырып отыру, инттеллектуалды орта құру. Жастар өзіне қажетті мәліметтің барлығын осы жерден ала алады. Бұл жерде көпшіліктің сұранысына байланысты мотивациялық мақсаттағы кітаптар көрмеге қойылған. Қажетті ақпаратты алуы үшін компьютермен, интернетпен жабдықталған», – дейді.
Ал белгілі қаламгер Байдулла Қонысбек өзінің құттықтау сөзінде кітапханаға «шаң басып жатпайтын, қолдан қолға тимейтін кітаптардың көп болуын» тіледі.
Жиында жалпы кітаптың, кітап оқудың мән-маңызы ешқашан жойылмайтындығы сөз болды.

Медиаон ақпарат