Басты бет > Саясат > Шымкенттің жаңа әкімі қызметіне Ғабидолла Әбдірахымов тағайындалды

Шымкенттің жаңа әкімі қызметіне Ғабидолла Әбдірахымов тағайындалды

Шымкент қаласының жаңа әкімі болып Ғабидолла Әбдірахымов тағайындалды. Бұл қызметте ол Нұрлан Сауранбаевты алмастырды.

Мегаполистің жаңа әкімін қалалық активке Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков пен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев таныстырды. Олар Ғабидолла Әбдірахымовқа сәттілік пен ауқымды жобалардың жүзеге асырылуын тіледі.

Айта кетейік, Ғабидолла Әбдірахымов бұған дейін Шымкентті облыс орталығы кезінде басқарған болатын. Қала әкімі қызметіне 40 жасында тағайындалған. Оған дейін ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарды. Шымкенттің әкімдігінен кейін “Нұр Отан” партиясының хатшысы қызметін атқарды.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Нұрлан Сауранбаевқа Шымкенттің әкімі қызметінде атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.

   

 

 

Айта кетейік, Нұрлан Сауранбаев қала әкімі қызметін 2017 жылдың 7 қарашасынан бері атқарып келді. Жеті айдан сәл астам уақытта ол әлеуметтік маңызы бар бірнеше жобаны жүзеге асырып үлгерді. Олардың арасында «Мектепке қауіпсіз жол», «Қошқар ата өзенінің бойын абаттандыру» жобалары, Арбат және «Астана» гүлзарының құрылыстары бар. Бұған қоса Нұрлан Сауранбаевтың әкімдігі кезінде Шымкентте топырақ жол қалмай, барлығына тас төселді. Бұған дейін жарықтандырылмаған көшелердің мәселесі шешіліп, 5 жаңа мектеп пен ірі жолайырықтың құрылысы аяқталып келеді. Сонымен қатар Шымкент әуежайын қайта құру жұмыстары басталды.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.